Жазатайым оқиға туралы актіні электрондық форматта еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 26 қаңтардағы № 15 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 29 қаңтарда № 33937 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 190-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жазатайым оқиға туралы актіні электрондық форматта еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберу қағидалары бекітілсін.

      2. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсыну.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
С. Жакупова

  2024 жылғы 26 қаңтардағы
№ 15 Бұйрықпен
бекітілген

Жазатайым оқиға туралы актіні электрондық форматта еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жазатайым оқиға туралы актіні электрондық форматта еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 190-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға – өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан олардың еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне әсер етуі;

      2) еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық жүйе – мемлекеттік еңбек инспекторларын тексеру, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеу нәтижелерін есепке алуды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе;

      3) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) жұмыс беруші – жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға;

      5) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық таңбалар жиынтығы;

      6) электрондық еңбек биржасы ақпараттық порталы – еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасы бар ақпараттық жүйе.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 30.09.2024 № 390 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Жазатайым оқиға туралы актіні электрондық форматта еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберу тәртібі

      3. Жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты әрбір жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін, тергеп-тексеру материалдарына сәйкес үш жұмыс күнінен кешіктірмей жазатайым оқиға туралы актіні ресімдейді және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.

      4. Жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актіні "Электрондық еңбек биржасы" ақпараттық порталы арқылы жібереді.

      5. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актіні жіберу үшін жұмыс беруші электрондық цифрлық қолтаңбасымен растап, "Электрондық еңбек биржасы" ақпараттық порталында жеке кабинетін тіркейді.

      6. Жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актіні электрондық форматта сканерленген көшірме түрінде жеке кабинетте бекітіп және электрондық цифрлық қолтаңбасымен растап еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық жүйеге жібереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады