"Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың үлгілік шарты бекітілсін.
2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2024 жылғы 6 ақпандағы № 9 Қаулыға қосымша |
20____ жылғы "____"___________ № _________________ сериясы ____
Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың үлгілік шарты
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
(сақтандыру ұйымының немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының толық атауы және орналасқан жері), бұдан әрі "Сақтандырушы" деп аталады, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган берген 20__ жылғы "__" _____ № __ "қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру" сыныбы бойынша "өмірді сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығын беретін лицензия,
_________________________________________________________________________,
тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) арқылы бір жағынан, және
__________________________________________________________________________
(ұйымның атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), бұдан әрі "Сақтанушы" деп аталады,
_________________________________________________________________________,
(тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) арқылы екінші жағынан, бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталып, төмендегілер туралы осы Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын (бұдан әрі – Шарт) жасады:
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі – жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру) шарттың мәні болып табылады, осыған байланысты Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеуге, ал Сақтандырушы сақтандыру жағдайы орын алған кезде Шартта көзделген көлем мен жағдайларда сақтандыру төлемін жасауға міндетті болады.
2. Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру объектiсi қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге не оның өлiміне әкеп соғатын жазатайым оқиға нәтижесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген қызметкердің мүлiктiк мүддесi болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 186-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлар кезінде, сондай-ақ Әлеуметтік кодекстің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде қызметкер (қызметкерлер) еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кезде зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк фактордың әсер етуi нәтижесінде ол (олар) ұшырайтын, соның салдарынан қызметкердiң кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге, кәсiптiк ауруға не өлiмге әкеп соғатын өндірістік жарақаттану, денсаулығының күрт нашарлауы немесе улану болатын еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кездегі жазатайым оқиға (жазатайым оқиға) Шарт бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады.
2-тарау. Шартты тоқтату, өзгерістер енгізу жағдайлары мен тәртібі
4. Шарт:
1) Шарттың қолданылу мерзiмi аяқталған;
2) Шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – Азаматтық кодекс (Ерекше бөлім) 841-бабына сәйкес мерзiмiнен бұрын тоқтатылған;
3) Сақтандырушы Шартта белгіленген жалпы сақтандыру сомасы мөлшеріндегі сақтандыру төлемін (сақтандыру төлемдерін), жерлеуге кеткен шығындарды төлеген, алдын ала, оңалту шараларын, шипажай-курорттық емдеуге кететін шығындарды өтеген жағдайларда өз қолданылуын тоқтатады.
5. Шарттың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша Шартты мерзімінен бұрын тоқтатқан кезде Сақтандырушының сақтандыру қолданыста болған уақытқа барабар сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігіне құқығы бар.
6. Сақтанушы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім) сәйкес кез келген уақытта Шарттан бас тартуға құқылы.
7. Сақтанушы Сақтандыру шартынан бас тартқан кезде, егер бұл Шарттың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мән-жайларға байланысты болмаса, Сақтандырушыға төленген сақтандыру сыйлықақысы не сақтандыру жарналары қайтарылуға жатпайды.
8. Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жағдайлары мен тәртібі және оны мерзімінен бұрын тоқтату Қазақстан Республикасының заңнамасында және Шартта айқындалады.
9. Шарттың қолданылу мерзімі ішінде еңбекке ақы төлеу қоры және (немесе) жұмыскерлердің штат саны өзгеретін жағдайда, онда Тараптардың келісімі бойынша Шарттың қолданылу кезеңіне қосымша келісім жасасу жолымен Шартқа (сақтандыру сомасының және сақтандыру сыйлықақысының мөлшері бөлігінде) өзгерістер енгізіледі. Сақтандыру сыйлықақысы еңбекке ақы төлеу қорының өзгерген сомасы және Шарт аяқталғанға дейін қалған мерзім негізге алынып есептеледі. Сақтандыру тарифі Шарт жасалған тарифтен қалған сақтандыру кезеңіне пропорционалды есептеледі.
3-тарау. Шарттың қолданылуы
10. Шарт онда белгіленген мерзімде сақтандыру сыйлықақысы (сақтандыру сыйлықақысын мерзiмiн ұзартып төлеген жағдайда – бірінші сақтандыру жарнасы) төленген жағдайда Шартқа 1-қосымшада көрсетілген Шарттың қолданылу мерзімі басталған күннен бастап күшіне енеді және Тараптар үшін міндетті болады.
Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысын мерзiмiн ұзартып төлеген жағдайда – бірінші сақтандыру жарнасын) Шартта белгіленген мерзімнен кешіктіріп төлеген жағдайда, Шарттың қолданылу мерзімі сақтандыру сыйлықақысы (бірінші сақтандыру жарнасы) толық көлемде төленген күннен кейінгі күннен бастап есептелетін және қатарынан күнтізбелік 12 (он екі) ай бойы қолданылатын болады.
Сақтанушының қызметі 12 (он екі) айдан аз мерзімде жүзеге асырылған кезде Шарт осы қызметті жүзеге асыру мерзіміне жасалады.
11. Сақтандырып қорғаудың қолданылу кезеңі Шартқа 1-қосымшада көрсетілген Шарттың қолданылу мерзімімен сәйкес келеді.
12. Шарттың қолданылу мерзімі, сақтандыру аумағы, сақтандырылушылар саны Шартқа 1-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
4-тарау. Сақтандыру сомасы. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, төлеу мерзімдері мен тәртібі
13. Сақтандыру сомасының мөлшері, сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, оны төлеу тәртібі мен мерзімдері Шартқа 1-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
14. Сақтандыру сомасы Шартта көзделген сақтандыру төлемі (сақтандыру төлемдері) және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстар, алдын алу және оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындар мөлшерінің сомасына азайтылады.
Сақтандыру сомасы қызметкерлер еңбекақысының жылдық қоры өзгерген жағдайда өзгеруі мүмкін.
15. Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын немесе сақтандыру жарнасын Шартта белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда Сақтандырушы Шартты жазбаша хабарлау арқылы біржақты тәртіппен бұзуға немесе берешек сомасын сот тәртібінде өндіріп алуға құқылы.
16. Сақтанушы Сақтандыру шартынан бас тартқан және сақтандыру сыйлықақысын төлемеген жағдайда Сақтанушы Сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақысын Шарттан бас тартқан күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде толық көлемде төлеуге міндетті, сондай-ақ сыйлықақыны уақтылы төлемегені үшін әрбір мерзімі өткен күн үшін төлеуге жататын сақтандыру сыйлықақысының 0,1 (нөл бүтін оннан бір) пайызы мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті. Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын немесе сақтандыру жарнасын төлемеген не уақтылы төлемеген жағдайда, Сақтанушы Сақтандырушыға төлемді кешіктірген әрбір күн үшін төленбеген берешек сомасының 0,1 (нөл бүтін оннан бір) пайызы мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті. Сақтандыру сыйлықақысын төлеу Сақтандырушының Шартта көрсетілген банктік шотына ақша аудару жолымен қолма-қол ақшасыз төлеммен жүргізіледі.
17. Сақтанушыда Сақтанушының қызметінен өзгеше қызметті жүзеге асыратын филиал (филиалдар) болған жағдайда, сақтандыру сыйлықақысының мөлшері Шарт шеңберінде жүзеге асыратын экономикалық қызмет түріне сәйкес кәсіптік тәуекел сыныбы көрсетіле отырып, Сақтанушы және оның филиалы (филиалдары) бойынша жеке белгіленеді және Шартқа 2-қосымшада көрсетіледі.
5-тарау. Сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері
18. Қызметкердiң қайтыс болуына немесе оған кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн белгiлеуге байланысты табысты (кiрiсті) жоғалтуға қатысты зиянның мөлшерi Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) талаптарына сәйкес айқындалады.
19. Қызметкердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін 5 (бес) пайыздан 29 (жиырма тоғыз) пайызды қоса алғанға дейін белгілеуге байланысты қызметкердің табысты (кiрiсті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеуді Сақтанушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Сақтандырушы қызметкердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін 30 (отыз) пайыздан 100 (бір жүз) пайызды қоса алғанға дейін белгілеуге байланысты қызметкердің табысты (кiрiсті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеу ретінде қызметкерге тиесілі ай сайынғы сақтандыру төлемін Сақтандырушы мен Сақтанушы арасында жасалған аннуитет шартына сәйкес жүзеге асырады.
20. Сақтандыру төлемінің мөлшері еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем шегеріліп жүзеге асырылады.
21. Өзіне кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн 1 (бір) жылдан аспайтын мерзiмге белгiлеуге байланысты қызметкердің табысты (кiрiсті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеу ретiнде тиесiлi сақтандыру төлемiн Сақтандырушы ай сайын Сақтандырушы мен Сақтанушы арасында жасалған аннуитет шарты негізінде жүзеге асырады. Бұл ретте, Сақтандырушы бірінші сақтандыру төлемін "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) және Шартта көзделген барлық құжаттарды ұсынған кезден бастап 7 (жетi) жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
22. Өзіне кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн 1 (бір) жыл және одан да көп мерзiмге белгiлеуге байланысты қызметкердің табысты (кiрiсті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеу ретiнде тиесiлi сақтандыру төлемi Сақтандырушы мен Сақтанушы арасында жасалған аннуитет шартына сәйкес қызметкердiң кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесiн белгiлеу не ұзарту (қайта куәландыру) мерзiмiне тең, бірақ қызметкердің Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуі мерзімінен аспайтын мерзiм бойы қызметкердiң пайдасына аннуитеттiк төлемдер түрiнде жүзеге асырылады.
23. Табысты (кiрiсті) жоғалтуға байланысты зиянды өтеу ретiнде Сақтандырушы жүзеге асыратын сақтандыру төлемдерінен міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.
24. Жазатайым оқиға болған кезде қызметкердiң қайтыс болуына байланысты, сондай-ақ орын алған жазатайым оқиғаның салдарынан оның денсаулығының нашарлау себебi бойынша зиянды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтету құқығы бар тұлғалардың пайдасына аннуитеттiк төлемдер түрiнде Азаматтық кодексте (Ерекше бөлім) белгiленген мерзiм бойы жүзеге асырылады.
25. Заңда көзделген жағдайларда, Пайда алушылар болып табылатын өзге де тұлғалардың сақтандыру төлемiн алуға құқығы бар.
26. Аннуитет шарты бойынша аннуитеттiк төлемдерді есептеу тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.
27. 1 (бір) санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлеуге жұмсалған шығыстарды қоспағанда, қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда оның денсаулығының зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеуді Сақтандырушы қызметкер не осы шығыстарды шеккен жұмыскер не тұлға ұсынған, осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде жүзеге асырады. Бұл ретте, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық көмекке жұмсалатын шығыстар өтелуге жатпайды.
28. Денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемдерiн Сақтандырушы қызметкер не осы шығыстарды шеккен қызметкер не тұлға осы шығыстарды растайтын құжаттарды ұсынған сәттен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде, осы тарауда белгіленген мөлшерлер шегінде жүзеге асырады.
29. Денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеу жөніндегі жиынтық сақтандыру төлемдерін Сақтандырушы Заңның 19-бабының 2-тармағында айқындалған мөлшерлер шегінде, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылудың алғаш рет белгіленген тиісті дәрежесі бойынша жүзеге асырады.
30. Кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі бастапқы белгіленгеннен кейін зардап шеккен қызметкердің зардап шеккен қызметкерді оңалтудың жеке бағдарламасына қарамастан 1 (бір) санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлеуге жұмсалған шығыстарды өтеттіріп алуға құқығы бар.
Жұмсалған шығыстарды өтеу осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 100 (бір жүз рет еселенген) мөлшеріне дейінгі мөлшерде жүзеге асырылады.
31. Зардап шеккен қызметкер қайтыс болған жағдайда, оны жерлеудi жүзеге асырған тұлғаға Сақтандырушы жерлеуге жұмсалған шығыстарды республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтейдi.
32. Әлеуметтік кодекстің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде қызметкердің зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлеміне құқығы бар.
33. Егер осы бапта көзделген сақтандыру төлемiнiң (сақтандыру төлемдерiнiң) және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстардың мөлшерi Шартта белгiленген сақтандыру сомасының мөлшерiнен асып түскен жағдайда, айырма Сақтандырушыға Сақтанушының есебiнен төленедi.
34. Егер сақтандыру төлемінің (сақтандыру төлемдерінің) және жерлеуге жұмсалған шығыстардың, оңалту шараларын жүргізуге, санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығындардың сомасын (сомаларын) ескере отырып, алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындар Шартта белгіленген сақтандыру сомасының мөлшерінен асып түскен жағдайда, алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындар жүзеге асырылмайды.
35. Сақтандыру төлемiн аударуға байланысты шығыстар Сақтандырушының есебiнен жүргiзiледi.
36. Сақтанушыға алдын алу шараларын жүргізуге нақты жұмсаған шығындарын өтеуді Сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысы толық көлемде төленген жағдайда және Шарттың қолданыс мерзімі аяқталған күннен бастап 3 (үш) ай ішінде ғана, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сақтандыру сыйлықақысының 6 (алты) пайызынан аспайтын мөлшерде жүзеге асырады.
37. Сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы талапты тізбесі Заңның 20-бабында белгіленген сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса бере отырып, Сақтанушы немесе пайда алушы болып табылатын өзге тұлға қояды.
6-тарау. Аннуитет шартын жасасу
38. Қызметкердiң кәсiптiк еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылу дәрежесi белгiленген не ұзартылған (қайта куәландырылған) не ол қайтыс болған жағдайда, жұмыс берушi қызметкердiң пайдасына не қызметкердiң қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес құқығы бар адамның пайдасына Сақтандырушы ұсынған нысан бойынша аннуитет шартын Сақтандырушымен жасасуға мiндеттi.
39. Аннуитет шарты Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды табыс еткен күннен бастап, 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмей жасалады.
40. Аннуитет шарты зардап шеккен қызметкердiң не қызметкердiң қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамның Азаматтық кодексте (Ерекше бөлім) белгiленген мөлшерде және мерзiмдерде кiрiс алуын қамтамасыз ететiн шарттармен жасалады.
Қолданылуы кезеңінде сақтандыру жағдайы орын алған шарт жасасқан Сақтандырушымен аннуитет шарты жасалады.
41. Аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы Пайда алушыға төленуге жатпайды.
7-тарау. Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасу
42. Қызметкердің зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдерін алуға өтініші және Әлеуметтік кодекстің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар болған кезде Сақтанушы қолданылу кезеңінде зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыруға алып келетін оқиға басталған кезеңде Шарт жасасқан Сақтандырушымен Пайда алушының пайдасына зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасуға міндетті.
43. Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдері Шарт бойынша сақтандыру сомасы есебінен жүзеге асырылады.
44. Сақтанушы еңбек жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне еңбек шартының тоқтатылуы не еңбек шарты талаптарының өзгеруі туралы ақпарат енгізілгеннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасуға өтінішпен Сақтандырушыға жүгінеді.
Өтінішті Сақтанушы Сақтанушының өтініш берген күні қолданыстағы Шарты бар Сақтандырушыға береді.
45. Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасу үшін Шарт бойынша сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған кезде Сақтанушы зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы мен Шарт бойынша сақтандыру сомасының қалған бөліктері арасындағы айырмаға тең сақтандыру сыйлықақысы сомасын төлейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайда, зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты Сақтандырушының есеп шотына Сақтанушы төлейтін сақтандыру сыйлықақысы толық мөлшерде түскен күннен бастап күшіне енеді.
46. Зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидалары, зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартына және сақтандыру ұйымының жасалатын зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының рұқсат етілетін деңгейіне қойылатын талаптар, зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу қағидалары Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33876 болып тіркелген 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 98 қаулысымен бекітілген.
8-тарау. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негiздемесi
47. Сақтандырушы Азаматтық кодексте (Ерекше бөлім) көзделген жағдайларда, сондай-ақ Еңбек кодексiнде көзделген жағдайлар басталған кезде сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
48. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн төлеуден бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда, өтінішті және Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген барлық құжаттарды алған күннен бастап, 7 (жеті) жұмыс күні ішінде Пайда алушыға бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін және Сақтанушының (Пайда алушының) Қазақстан Республикасы заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып, келіспеушіліктерді реттеу үшін сақтандыру омбудсманына жүгіну құқығы туралы хабарламаны жазбаша нысанда жiберуге міндетті.
49. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүргізуден бас тартуына Сақтанушы (Пайда алушы) сотқа не сақтандыру омбудсманын тарту жолымен шағымдануы мүмкін. Сақтандырушы сақтандыру омбудсманының шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
9-тарау. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
50. Сақтанушы:
1) сақтандыру жағдайы басталған кезде қызметкерді еңбек жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің қызметкерді куәландыруы кезiнде қатысуға;
2) өз құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ Пайда алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сот тәртібімен қорғауға;
3) Сақтандырушыдан Шарт талаптарын, Шарт бойынша құқықтар мен міндеттерді түсіндіруді талап етуге;
4) сақтандыру тәуекелін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы тартуға;
5) Шартта туындайтын мәселелерді реттеу үшін Заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;
6) Шарт бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі дауларды реттеу мақсатында "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы заң) көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не Cақтандырушы арқылы, оның ішінде оның өкілдік филиалы, өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі, интернет-ресурсы арқылы) өтініш пен қоса беріліп отырған құжаттарды жіберуге;
7) еңбек жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге арналған шығындарды өтеуге құқығы бар.
51. Сақтанушы:
1) Сақтандыру сыйлықақысын Шартта белгiленген мөлшерде, тәртiппен мен мерзiмде төлеуге және өзiндегi сақтандыру жөнiндегi барлық құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақталуын қамтамасыз етуге;
2) Сақтандырушыға қызметкердің (қызметкерлердің) кәсіби тәуекел сыныбы өзгерген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде бұл туралы хабарлауға;
3) сақтандыру жағдайларының алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға;
4) жазатайым оқиғаның басталғаны туралы өзiне белгiлi болғанда, бұл туралы дереу, бiрақ 3 (үш) жұмыс күнiнен кешiктiрмей Сақтандырушыға хабарлауға;
5) еңбек жөніндегі уәкiлеттi орган мен Сақтандырушы өкiлдерiнiң мiндеттi түрде қатысуымен сақтандыру жағдайларының басталу мән-жайларын тексерудi қамтамасыз етуге;
6) сақтандыру жағдайының басталуын, сондай-ақ оның келтiрген залалын дәлелдеуге;
7) Сақтандырушыға пайда алушы (оның заңды өкілі) бойынша сақтандыру төлемін есептеу, аннуитет шартын жасау үшін қажетті барлық құжатты және ақпаратты (оның ішінде ұялы байланыстың абоненттік нөмірін және (немесе) электрондық пошта мекенжайын) Заңда және Шартта белгіленген мерзімде беруге;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерлердi мiндеттi медициналық тексеруден уақтылы өткiзудi қамтамасыз етуге;
9) қызметкерлердiң сақтандыру жағдайлары алдындағы еңбек жағдайлары туралы құжаттарды еңбек жөніндегі уәкiлеттi органға және денсаулық сақтау ұйымдарына ұсынуға;
10) қызметкерлердi еңбектiң қауiпсiз әдiстерi мен тәсiлдерiне өндiрiстен қол үздiрмей оқытуға;
11) еңбек жөніндегі уәкiлеттi органның жазатайым оқиғалардың алдын алу, оларды болдырмау және тексеру мәселелерi жөнiндегi шешiмiн орындауға;
12) Сақтандырушыға өзiнiң қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы туралы уақтылы хабарлауға;
13) сақтандыру жағдайларынан келетiн залалдарды азайтуға бағытталған шаралар қолдануға;
14) Заңда көзделген жағдайларда, қызметкердiң немесе қызметкердiң қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамның пайдасына Шартта белгіленген сақтандыру сомасы шегінде аннуитет шартын жасасуға;
15) осы Шартқа сәйкес еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкердің пайдасына зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасуға және Заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен еңбекті қорғау мен қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық жүйеге мәліметтерді енгізуге;
16) аннуитет шарты, зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты жасалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оның көшірмесін пайдасына тиісті шарт жасалған Пайда алушыға ұсынуға міндетті.
52. Сақтандырушы:
1) сақтандыру жағдайларын тексеруге қатысуға;
2) еңбек жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қызметкердi куәландыруы кезiнде қатысуға;
3) ақпаратты экономикалық қызмет түрлерін штаттық кестеге немесе Сақтанушы беретін және (немесе) Сақтандырушы сұрататын өзге де ақпаратқа сәйкес кәсіби тәуекел сыныптарына жатқызудың сәйкестігі тұрғысынан тексеруге;
4) сақтандыру жағдайлары жөнiндегi ақпаратты тексеруге және қажет болған кезде тиiстi уәкiлеттi органдарға сұратулар жiберуге;
5) сақтандыру тәуекелiн бағалау үшiн Сақтанушының объектiлеріне тексеру жүргiзуге;
6) Азаматтық кодексте (Ерекше бөлім), Әлеуметтік кодексте және Заңда көзделген жағдайларда сақтандыру төлемiн төлеуден бас тартуға;
7) сақтандыру жағдайларының алдын алу жөнiнде ұсынымдар беруге;
8) сақтандыру тәуекелiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшы тартуға;
9) Сақтанушыдан Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды талап етуге;
10) егер Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын немесе бірінші сақтандыру жарнасын төлеу Шартта көзделген мерзімде жазбаша хабарлама арқылы жүзеге асырылмаса немесе берешек сомасын сот тәртібімен өндіріп алса, Шартты біржақты тәртіппен бұзуға;
11) егер Сақтанушы Шарт жасасу кезінде Сақтандырушыға дәйекті емес деректер берген жағдайда, бұл ретте Сақтандырушы Шарттың қолданылу кезеңінде болған сақтандыру жағдайлары бойынша жауап бермейді және Сақтанушы Пайда алушының шығынын дербес өтеуге тиіс болған жағдайда, Шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
53. Сақтандырушы:
1) Сақтанушыны Шарт талаптарымен таныстыруға және Шарттан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге;
2) сақтандыру жағдайы басталған кезде Заңға және Шартқа сәйкес сақтандыру төлемдерiн және жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеуді жүргiзуге;
3) Шарт бойынша сақтандырып қорғаудың қолданылу кезеңінде басталған сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиға) туралы хабардар етілген кезінде оны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес дереу тіркеуге және осы сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиға) жөніндегі мәліметті дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға ұсынуға;
4) өз қызметiнiң нәтижесiнде Сақтанушы және Пайда алушы туралы алынған мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз етуге;
5) сақтандыру төлемiн төлеуден бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда, өтінішті және Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген барлық құжаттарды алған күннен бастап, 7 (жеті) жұмыс күні ішінде Пайда алушыға бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін және Сақтанушының (Пайда алушының) Қазақстан Республикасы заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып, келіспеушіліктерді реттеу үшін сақтандыру омбудсманына жүгіну құқығы туралы хабарламаны жазбаша нысанда жiберуге;
6) Сақтанушыдан (Пайда алушыдан) өтінішті алған кезде 5 (бес) жұмыс күні ішінде Сақтанушының (Пайда алушының) талаптарын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап беруге;
7) Сақтанушыдан (Пайда алушыдан) сақтандыру омбудсманына жіберілетін өтінішті алған кезде осы өтінішті, сондай-ақ оған қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына алған күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қайта жіберуге;
8) Сақтанушының сақтандыру жағдайы кезiнде залалды азайту үшiн шығарған шығыстарын өтеуге;
9) Заңның 19-бабының 1-тармағында көзделген сақтандыру төлемдерін уақтылы жүзеге асырмаған кезде Пайда алушыға аннуитет төлемі бойынша әрбір мерзімі өткен күн үшін төленбеген соманың 1,5 (бір жарым) пайыз мөлшерінде өсімпұл төлеуге;
10) тиісті шарт бойынша сақтандыру төлемдерін Заңда белгіленген талаптарда және тәртіппен алуға құқылы қызметкердің пайдасына Сақтанушымен аннуитет шартын, зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасауға;
11) Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған күнге есептелген сақтандыру сыйлықақысының 6 (алты) пайызынан аспайтын мөлшерде Сақтанушыға алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуге;
12) Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған күнге есептелген сақтандыру сыйлықақысының 6 (алты) пайызынан аспайтын мөлшерде Сақтанушыға және (немесе) Пайда алушыға оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуге;
13) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде Пайда алушыға санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті;
14) аннуитет шартын жасалған күннен кейін 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Пайда алушыға (оның заңды өкіліне) оның пайдасына жасалған шарт туралы хабарлауға міндетті.
54. Пайда алушының:
1) Заңда және Шартта белгiленген тәртiппен және талаптармен сақтандыру төлемдерiн алуға;
2) Сақтанушы мен Сақтандырушыдан қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру талаптары туралы ақпаратты, сондай-ақ оның пайдасына жасалған аннуитет және зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарттарының көшірмелерін тегiн алуға;
3) сақтандыру жағдайын тергеп-тексеру мәселелері бойынша шешiмдерге уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасауға;
4) уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне медициналық-әлеуметтiк сараптама мәселелерi бойынша жүгiнуге;
5) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы Сақтандырушыға хабарлауға;
6) сақтандыру жағдайын тексеруге қатысуға, оның iшiнде қызметкерлер өкiлдерiнiң не өзi сенiм бiлдiрген адамның қатысуымен қатысуға;
7) Шарттан туындайтын мәселелерді реттеу үшін Сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға, уәкілетті органға немесе сотқа жүгінуге;
8) Шарттан туындайтын мәселелерді реттеу үшін сотқа жүгінуге;
9) Сақтандыру қызметі туралы заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы арқылы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі, өзге де оқшауланған бөлімшесі, интернет-ресурсы арқылы) жіберуге;
10) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде Шартқа сәйкес оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды және санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығыстарды өтетуге құқығы бар.
10-тарау. Дауларды реттеу ерекшеліктері және Тараптардың жауапкершілігі
55. Шарттан туындайтын дау болған кезде Сақтанушы (Пайда алушы):
1) талаптарын көрсетіп және өзінің талаптарын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтінішін Сақтандырушыға (оның ішінде Сақтандырушының филиалы, өкілдігі, интернет-ресурстары арқылы);
2) Шарттан туындайтын дауларды Сақтандыру қызметі туралы заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып реттеу үшін өтінішті сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не Сақтандырушы арқылы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) немесе сотқа жіберуге құқылы.
56. Сақтандырушы Сақтанушыдан (Пайда алушыдан) өтінішті алған кезде оны 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап береді.
57. Сақтанушы (Пайда алушы) сақтандыру омбудсманына өтініш жасаған жағдайда, Сақтандырушы Сақтанушының (пайда алушының), сақтандыру омбудсманының сұрау салуы бойынша дауды қарауға және шешуге қатысты құжаттарды сұрау салу алынған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынуға міндетті.
58. Шарт талаптарының орындалмағаны немесе тиісті түрде орындалмағаны үшін Тараптар Шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа ие болады.
11-тарау. Өзге талаптар
59. Тараптар Шартқа Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы. Шартқа барлық өзгерістер мен толықтырулар тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі және қосымша келісім арқылы ресімделеді.
60. Осы Шарттың ережелерімен реттелмеген Тараптардың өзара қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
61. Осы Шартқа Тараптардың қолдары қойылған қосымшалар (бар болса) Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
62. Осы Шарт қазақ тілінде және орыс тілінде әрбір Тарапқа бір данадан берілетін заңды күші бірдей екі данада жасалған.
12-тарау. Тараптардың деректемелері мен қолдары
Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың үлгілік шартына 1-қосымша |
__________ 20__ жылғы Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартына қорытынды
Сақтандырушы туралы ақпарат (Сақтандырушы, филиал атауы, орналасқан орны, банк деректемелері, телефон, факс, e-mail) | ||||||||||
Сақтанушы туралы ақпарат (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), сақтанушының жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты орны (егер ол жеке тұлға болса), немесе оның атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, орналасқан орны, банк деректемелері, резиденттілік белгісі, экономика секторының коды, телефон, факс, e-mail (егер ол заңды тұлға болса) | ||||||||||
Сақтандыру сомасының мөлшері (теңге) | ||||||||||
Кәсіби тәуекел сыныбы | ||||||||||
Сақтандыру тарифі (пайыз) | ||||||||||
Шартқа 2-қосымшада көрсетілген Сақтанушының филиал(-дар)ы бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін қоса алғанда сақтандыру сыйлықақысының мөлшері (теңге) | ||||||||||
Түзету коэффициенті (пайыз) | ||||||||||
Түзету коэффициентін есепке алғанда сақтандыру сыйлықақысының мөлшері (теңге) | ||||||||||
Сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртібі мен мерзімі |
□ біржолғы, ____________ мерзімге дейін
| |||||||||
Шарттың жасалған күні | 20___ жылғы "____"____________ | |||||||||
Шарттың қолданылу мерзімі (сақтандыру қорғанысының қолданылу мерзімі) |
20___ жылғы "____"____________ бастап | |||||||||
Сақтандыру аумағы | ||||||||||
Сақтандыру агентіне тиесілі комиссиялық сыйақының бар немесе жоқ екендігі туралы мәлімет |
Тараптардың қолдары
Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың үлгілік шартына 2-қосымша |
№ | Сақтанушы (филиал) | Кәсіби тәуекел сыныбы | Тариф | Сақтандырылушылардың саны | Сақтандыру сомасы | Сақтандыру сыйлықақысы | Түзету коэффициенті | Түзету коэффициентін есепке алғандағы сақтандыру сыйлықақысы |
1 | ||||||||
2 | ||||||||
… | … | … | … | … | … | … | … | … |
Жиыны |