Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 29 ақпандағы № 107/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 1 наурызда № 34088 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) "Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10999 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) абонент – байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;

      2) абоненттер және (немесе) байланыс қызметтерін пайдаланушылар туралы қызметтік ақпарат (бұдан әрі – қызметтік ақпарат) – байланыс желілерінде қарсы барлау қызметін және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттарына ғана арналған және өзіне мыналарды қамтитын абоненттер және (немесе) байланыс қызметтерін пайдаланушылар туралы мәліметтер:

      абоненттік және (немесе) пайдаланушы нөмірлері иелерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, абоненттік және (немесе) пайдаланушы нөмірлері туралы ақпарат;

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы ақпаратты;

      биллингтік мәліметтер (абонент алған қызметтер туралы мәліметтер), байланыс операторы ұсынған қызметтер туралы биллингтік мәліметтер (абонент және (немесе) пайдаланушы алған қызметтер туралы мәліметтер), биллингтік жүйеде кейіннен өңдеу үшін бастапқы деректер телекоммуникация желісінің коммутациялық жабдығының құрамына кіретін қосылыстардың ұзақтығын өлшеу жүйесінен және деректерді беруді өлшеу жүйесінен келеді;

      техникалық регламент талаптарына сәйкес желідегі абоненттік құрылғының орналасқан жері;

      деректер беру желісіндегі мекенжай;

      деректер беру желісіндегі интернет-ресурстарға өтініш жасау мекенжайы;

      интернет-ресурстың сәйкестендіргіштері;

      деректер беру желісінің хаттамаларын қамтитын абоненттер туралы мәліметтер;

      3) абоненттік желі – жергілікті телекоммуникация желісінің бір бөлігі болып табылатын және абоненттік құрылғыны осы желінің телекоммуникация құралдарымен жалғайтын байланыс жолы;

      4) абоненттік нөмір – байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасу кезінде абонентке пайдалануға бөлінетін нөмір, ол бойынша абоненттік құрылғы сәйкестендіріледі, оның көмегімен басқа абоненттік жабдықпен байланыс орнатылады және абонентті желіде сәйкестендіруге мүмкіндік береді;

      5) абоненттік құрылғы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және байланыс операторының желісіне қосылатын жеке пайдаланылатын байланыс құралы;

      6) абоненттің өтініші – абоненттің операторға жазбаша нысанда, сондай-ақ автоматты қызмет көрсету жүйесі арқылы немесе оператордың анықтамалық-ақпараттық қызметіне, оның ішінде көпфакторлы аутентификацияны пайдалана отырып жүгінуі;

      7) автоматты қызмет көрсету жүйесі – абонентке байланыс қызметтерін және олармен технологиялық байланысты қызметтерді, тарифтік жоспарды жеке кабинет арқылы (SMS -, MMS-немесе USSD-сұрау жіберу арқылы) немесе оператор ұсынатын техникалық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы қосу немесе ажырату мүмкіндігін беретін кешенді қызмет көрсету жүйесі.

      8) аймақтық телефон байланысы – жергілікті телекоммуникация желісіне қосылған және бір нөмірлеу аймағы шегінде орналасқан пайдаланушы (түпкілікті) жабдығы арасындағы телефон қосылысы;

      9) абоненттік нөмірді көшіру – басқа ұялы байланыс операторымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарт жасасқан кезде абоненттік нөмірді сақтау және ұялы байланыс желілерінде пайдалану бойынша абонентке көрсетілетін қызмет;

      10) абонентті сәйкестендіру картасы – абонентті сәйкестендіретін және абоненттің ұялы байланыс операторының қызметтеріне (SIM/R-UIM-, USIM-, eSim- карталар және басқалар) қол жеткізуін қамтамасыз ететін, абоненттік құрылғының бір бөлігі болып табылатын жеке қол жеткізудің сәйкестендіру микропроцессорлық модулі (алмалы-салмалы немесе кіріктірілген);

      11) абоненттің жеке шоты (бұдан әрі – жеке шот) – көрсетілетін қызметтердің көлемін, абонентпен жасалған шартқа сәйкес көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу шотына енгізілген ақшаның түсуі мен жұмсалуын есепке алуға арналған байланыс операторының биллинг жүйесіндегі талдамалық есепке алу тіркелімі;

      12) алдын ала төленген топтама – белгілі бір тарифтік жоспарға бағдарланған бастапқы теңгерімімен абоненттік нөмір;

      13) авторландыру – нәтижесінде абонентте және (немесе) пайдаланушыда Интернетке қолжетімділік қызметтерін алуға құқықтың болуы белгіленетін, абонент және (немесе) пайдаланушы енгізген аутентификациялық деректерді байланыс операторының серверінде талдау процесі;

      14) аутентификациялық деректер – интернетке қол жеткізу қызметтерін және/немесе олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді алу құқықтарын растау үшін пайдаланатын абоненттің бірегей логині (login) және паролі (password), аутентификациялық деректер ретінде абоненттік нөмір де пайдаланылуы мүмкін;

      15) байланыс арнасы – жиіліктер белдеуінде телекоммуникация құралдарының арасында немесе осы байланыс арнасына тән беру жылдамдығымен сигнал беруді қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен тарату ортасының кешені. Байланыс түріне қарай арналар телефондық, телеграфтық, деректер беру арналары болып, ал аумақтық белгілері бойынша – халықаралық, қалааралық, аймақтық және жергілікті арналар болып бөлінеді;

      16) байланыс желілері – тарату желілері (кабельдік, радиорелелік, жерсеріктік және басқалары), байланыстың физикалық тізбектері және жол-кабельдік құрылғылары, оның ішінде магистральдық (халықаралық және қалааралық) жолдар;

      17) байланыс қызметтері – пошта және арнаулы жөнелтілімдерді, пошталық ақша аударымдарын немесе телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, өңдеу, сақтау, беру, тасымалдау, жеткізу жөніндегі қызмет;

      18) байланыс қызметтерін көрсету – байланыс операторларының байланыс қызметтерін пайдаланушыларға экономикалық қызмет түрлері өнімінің жалпы сыныптауышында келтірілген байланыс қызметтерін көрсетуді қамтитын қызметі;

      19) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;

      20) байланыс операторының әрекет ету аймағы – байланыс операторы өзінің телекоммуникация желісінің мүмкіндіктеріне сәйкес телефон байланысы қызметтерін көрсетуге кепілдік беретін аумақ;

      21) биллинг – абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ, оларды трафиктеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

      22) базалық тарифтік жоспар – абоненттік төлемсіз аванстық есеп айырысу тәртібі бар және ұялы байланыстың негізгі қызметтерін қамтитын тарифтік жоспар;

      23) донор-оператор (бұдан әрі – донор) – байланыс желісінен абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыратын ұялы байланыс операторы;

      24) есепке алу кезеңі – күнтізбелік ай, осы кезең ішінде тарифтік жоспарға сәйкес көрсетілген және есептелген байланыс қызметтері және өзге қызметтер;

      25) жалғау желісі – телекоммуникацияның жалғайтын және жалғанатын желілерінің арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, байланыс желісі мен станциялық жабдықтау бөлігін қамтитын техникалық құралдар кешені;

      26) жеке кабинет – абоненттің оператордың интернет-ресурсындағы немесе абоненттік құрылғыдағы мобильді қосымшадағы өзіне-өзі қызмет көрсетудің, қызметтерді бақылау мен басқарудың, сондай-ақ абонент және (немесе) пайдаланушы деректерді енгізу арқылы (абоненттік нөмір, пароль, код сөзі және (немесе) кіруі жүзеге асырылатын заңды маңызы бар әрекеттерді жасаудың Автоматты интерфейсі бар дербес бөлімі) көп факторлы аутентификацияны қоса алғанда, өзге де деректер);

      27) жергілікті телекоммуникация желісі – елді мекеннің аумағында электр байланысын жүзеге асыруға арналған телекоммуникация желісі мен құралы. Жергілікті телекоммуникация желілері елді мекеннің мәртебесіне қарай қалалық және ауылдық деп бөлінеді;

      28) жергілікті телефон байланысы – телекоммуникацияның бір жергілікті желісі шеңберіндегі абоненттер, пайдаланушылар арасындағы телефон қосылуы;

      29) жария шартқа қосылу – байланыс операторы мен абонент арасында шарт жасасу тәсілі, бұл ретте қосылатын абонент ұсынылған жария шарттың талаптарын формулярға қол қою арқылы немесе оператор белгілеген нысан бойынша осы қосылу туралы айтылған автоматты қызмет көрсету жүйесін пайдалану арқылы растаудың өзге тәсілімен қабылдайды;

      30) Интернетке жылжымалы байланыс желілері қол жеткізу қызметтері – сағатына 150 км дейінгі ауысу жылдамдығымен байланысты үзусіз бір базалық станцияның бір қолданыс аймағынан басқа аймаққа ауыса отырып, абоненттік құрылғының Интернет желісінде жұмыс істеу мүмкіндігі;

      31) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті – пайдаланушыларға ақылы немесе ақысыз Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету орны;

      32) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінің иесі (бұдан әрі – иесі) – Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті меншікті құқықтарда немесе өзге заңды негіздерде тиесілі жеке немесе заңды тұлға;

      33) Интернетке қол жеткізу қызметі – интернет желісін пайдалана отырып, деректерді қабылдау және беру бойынша қызмет;

      34) Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;

      35) Интернетке тіркелген байланыс желілері арқылы қол жеткізу – белгілі базалық станцияның қолданыс радиусында абоненттік құрылғының Интернетте жұмыс істеу мүмкіндігі, бір аймақтан басқа аймаққа ауысу кезінде байланыс үзіледі және қайта қалпына келеді;

      36) контент – провайдер қызметінің мазмұнды бөлігі (мазмұнмен түрлі деректер/ақпарат анықталуы мүмкін: мәтіндік/бейне/аудио файлдары, графикалық кескіндер, фотосуреттер, ғылыми деректер және тағы басқалары);

      37) қызметке ақы төлеудің аралас жүйесі – төлеу жүйесі, белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы мынадан тұрады:

      тұрақты құрамдас бөліктен – абоненттік желінің түріне қарамастан оның абонентке тұрақты пайдалануға берілгені және жергілікті жалғауды тарифтеу бірлігінің белгілі бір саны үшін төлемақыдан;

      уақытына қарай құрамдас бөліктен – телефон қосылысы берілгені үшін оның тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай төлемақыдан тұратын ақы;

      38) қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесі – белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай телефон қосылысының берілгені үшін төлемақыны қамтитын қызметке ақы төлеу жүйесі;

      39) қысқа мәтінді және мультимедиалық хабарлама – ұялы байланыс операторының ұялы байланыс желісі арқылы ақпаратты қабылдау және беру бойынша көрсететін қызметі;

      40) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі – жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді телекоммуникация желісі;

      41) оператордың өкілі (агент, делдал, дистрибьютор, сондай-ақ олардың қосалқы агенттері мен өкілдері) – сенімхаттың не мыналарға оператормен жасалған тиісті шарттың негізінде уәкілетті заңды немесе жеке тұлға:

      абоненттің абоненттік нөмірлерін және сәйкестендіру карталарын таратуды жүзеге асыруға;

      абоненттік нөмірлерді және абонентті сәйкестендіру карталарын таратуды жүзеге асыру;

      операторлардың абоненттеріне қызметтер ұсынуға (төлемдер қабылдау, SIM/R-UIM – карталарды ауыстыру);

      42) роуминг – ұялы байланыс операторларының арасындағы роумингтік келісім негізінде ұялы байланыс операторының абонентіне басқа елдің ұялы байланыс операторының желісінде ұялы байланыс қызметтерін көрсету. Роумингті іске асыру үшін абоненттік құрылғысының (абоненттің ұялы телефонының) және басқа шетелдік оператор желісінің техникалық үйлесімділігі қажет;

      43) роуминг әріптес – Қазақстан Республикасынан тыс жерде роуминг қызметтерін шарттың негізінде ұсынатын шетелдік ұялы байланыс операторы;

      44) реципиент-оператор (бұдан әрі – реципиент) – байланыс желісіне абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыратын ұялы байланыс операторы;

      45) сәйкестендіру коды – дайындаушы зауыт беретін абоненттік құрылғының немесе абоненттік стансаның коды және ол оған осы құрылғыны қосу кезінде байланыс операторының желісіне беріледі;

      46) телефон байланысының және Интернетке қол жеткізудің есептік кезеңі – байланыс операторы белгілеген есептік кезең аяқталғаннан кейінгі кезең, оның барысында абонент көрсетілген тіркелген телефон байланысы және интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлейді;

      47) тариф – байланыс қызметтерін тарифтеу бірлігі мөлшерінің құнының ақшалай көрінісі байланыс операторы белгілеген байланыс қызметтерін көрсеткені үшін төлем;

      48) тарифтеу бірлігі – Қазақстан Республикасы телекоммуникациясының бірыңғай желісіне кіретін байланыс операторлары мен барлық санаттағы желі иелері үшін міндетті болып табылатын, байланыс қызметінің тиісті түрі үшін төлемақы алынатын уақытты, ақпарат санын немесе көлемін өлшем бірлігі;

      49) тарифтік жоспар – байланыс операторы абоненттерге немесе абоненттердің белгілі бір тобына немесе белгілі бір шектеулі аумақта белгілейтін байланыс қызметтерінің тізбесі мен құнын, оларды ұсыну және тарифтеу ерекшеліктерін айқындайтын тарифтік ұсыныстар жүйесі;

      50) телекоммуникация желісі – коммутациялық жабдықтан (станциялардан, кіші станциялардан, концентраторлардан), жол-кабельдік құрылыстардан (абоненттік жолдардан, жалғау жолдары мен байланыс арналарынан), беру жүйелері мен абоненттік құрылғылардан тұратын, телекоммуникация хабарларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен байланыс жолдарының жиынтығы;

      51) телекоммуникация құралдары (байланыс құралдары) – электр магниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, беруге, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдықтар, жүйелер және бағдарламалық құралдар;

      52) телефон байланысы қызметтерін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – телефон байланысы қызметтерін алушы жеке немесе заңды тұлға;

      53) телефон қосылыстары қызметіне ақы төлеудің абоненттік тіркелген жүйесі (бұдан әрі – қызметке ақы төлеудің абоненттік жүйесі) – байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңіндегі төлемдер сомасы абоненттік желіжолды оның түріне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру төлемақысын және жергілікті телефон қосылысының бір абонентке шаққандағы орташа ұзақтығына қарай төлемақыны қамтитын, қызметке ақы төлеу жүйесі;

      54) терминал – абоненттік желіге қосылатын, байланыс арналары арқылы абонент және (немесе) пайдаланушы берген ақпаратты беру және (немесе) қабылдау үшін электр байланысының сигналын қалыптастыратын терминалдық жабдық;

      55) терминалдарды қосудың қосарланған схемасы – екі терминалды бір абоненттік желіге қосу тәсілі, бұл кезде осы екі терминал үшін оларды бір уақытта байланыстыру мүмкін емес;

      56) техникалық мүмкіндік – абонентке байланыс қызметтерін көрсету үшін қажетті байланыс операторы желілерінің қолданылу аймағында жұмыс істейтін техникалық байланыс құралдары мен құрылыстарының болуы, сондай-ақ бос ресурстардың (нөмірлеу ресурсы және (немесе) абоненттік және (немесе) пайдаланушылық байланыс желілерінің) болуы;

      57) трафик – байланыс құралдарына жүктеме жасайтын шақырулар, хабарламалар мен дабылдар легі;

      58) техникалық шешім – оператор әзірлейтін және қолдайтын бағдарламалы-техникалық құралдардың кешені, қызметтерге абоненттердің (пайдаланушылардың), оның ішінде оператордың желісі арқылы провайдердің қатынауын қамтамасыз ететін оператордың желісінде ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар;

      59) ұялы байланыстың есептік кезеңі – кредиттік есеп айырысу тәртібі бойынша ұялы байланыс операторымен абонентке көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлейтін есептік кезең аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік отыз күн;

      60) ұялы байланыс – қызмет көрсетілетін аумақты бірқатар ұяшықтарға бөлуді пайдаланатын, абонент ұяшықтан ұяшыққа өткен кезде байланыстың үзіліссіз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін және радиотолқындар арқылы берілетін екіжақты (көпжақты) ақпарат алмасуға арналған электр байланысының түрі;

      61) ұялы байланыс желісі – коммутация құралдарының және радиосигналдарды қабылдау-тарату жабдықтарының көмегімен абоненттік құрылғылардың қосылысын орнатуға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар мен жабдықтар кешенінен тұратын Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінің санаты;

      62) ұялы байланыс операторы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсететін байланыс операторы;

      63) ұялы байланыс операторының хабардар етуі – абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсету бойынша жолданатын байланыс операторының жазбаша, дыбыстық немесе мәтіндік (байланыс операторы құралдарын және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып) хабарламасы;

      64) ұялы байланыс операторының қызмет көрсету аймағы – ұялы байланыс операторының лицензияға және өз желісінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсететін аумағы;

      65) ұялы байланыс қызметтерін пайдаланушы – ұялы байланыс қызметтерін және (немесе) олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді алатын, оған абонент уақытша пайдалануына абоненттің сәйкестендіру картасын берген жеке тұлға. Бұл ретте ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт бойынша барлық құқықтар мен міндеттер абоненттің атында толық көлемде сақталады;

      66) үкіметтік байланыс – мемлекетті басқару қажеттілігі үшін арнайы қорғалған байланыс;

      67) шекті сома – роуминг қызметтерін қосуға қажетті, абоненттің жеке шотына есептелетін және одан әрі абоненттің ұялы байланыс қызметтеріне, оның ішінде роумингте ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлеуге арналған сома;

      68) шоттың нақтылануы – абоненттік нөмірлерін, жасалған қосылыстардың күні мен уақытын, көрсетілген ұялы байланыс қызметтерінің түрлерін көрсете отырып, абоненттің өз операторының желісінде және басқа операторлардың желілерінде алған барлық ұялы байланыс қызметтері туралы ақпарат;

      69) ірі апат – сыйымдылығы 100 және одан да көп абоненттік желіжолдардан тұратын байланыс желілерінің немесе коммутациялық жабдықтардың зақымдануы.";

      87 және 88-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "87. Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы тәулік бойы мынадай ақпараттық-анықтамалық қызметтерді тегін көрсетеді:

      1) Интернетке қол жеткізу қызметтеріне арналған тарифтер туралы, Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету аумағы туралы ақпарат беру;

      2) абонентке оның дербес шотының жай-күйі туралы және абонент және (немесе) пайдаланушы алған қызметтер туралы ақпаратты қоса алғанда, интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі берешегі туралы: деректерді беруді өткізу уақыты, жылдамдығы, алынған және (немесе) берілген ақпарат көлемі туралы ақпаратты береді;

      3) абоненттен интернетке қол жеткізу қызметтерін пайдалануға кедергі келтіретін техникалық ақаулар туралы ақпаратты қабылдау;

      4) көрсетілетін интернетке қол жеткізу қызметтері туралы ақпарат беру.

      88. Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы биллинг арқылы абонент және (немесе) пайдаланушы алған қызметтер туралы ақпаратты: интернетке қол жеткізуді өткізу уақытын, жылдамдығын, алынған және (немесе) берілген ақпарат көлемін автоматты түрде есепке алуды жүзеге асырады.";

      2) "Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 220/НҚ бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33007 болып тіркелген):

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Байланыс операторларының абоненттері және (немесе) байланыс қызметтерінің пайдаланушылары туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Байланыс операторларының абоненттері және (немесе) байланыс қызметтерінің пайдаланушылары туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Байланыс операторларының абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру қағидаларында:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Байланыс операторларының абоненттері және (немесе) байланыс қызметтерінің пайдаланушылары туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру қағидалары";

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Байланыс операторларының абоненттері және (немесе) байланыс қызметтерінің пайдаланушылары туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - қағидалар) "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Байланыс туралы", "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы", "Ақпараттандыру туралы", "Қарсы барлау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының байланыс операторларының байланыс қызметтерінің абоненттері және (немесе) пайдаланушылары туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) абонент – байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасаған жеке немесе заңды тұлға;

      2) байланыс қызметтерінің абоненттері және (немесе) пайдаланушылары туралы қызметтік ақпарат – байланыс желілерінде қарсы барлау қызметін және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттарына ғана арналған және өзіне мыналарды қамтитын абоненттер және (немесе) пайдаланушылар туралы мәліметтер:

      абоненттік және (немесе) пайдаланушы нөмірлері иелерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, абоненттік және (немесе) пайдаланушы нөмірлері туралы ақпарат;

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы ақпарат;

      биллингтік мәліметтер (абонент және (немесе) пайдаланушы алған қызметтер туралы мәліметтер);

      техникалық регламент талаптарына сәйкес желідегі абоненттік құрылғының орналасқан жері;

      деректер беру желісіндегі мекенжайы;

      деректер беру желісіндегі интернет-ресурстарға өтініш жасау мекенжайы;

      интернет-ресурстың сәйкестендіргіштері;

      деректер беру желісінің хаттамалары қамтылған абоненттер туралы мәліметтер;

      3) абоненттік нөмір – оның көмегімен басқа абоненттік жабдықпен қосылу орнатылатын және желіде абонентті сәйкестендруге мүмкіндік беретін, байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан кезде абонентке пайдалануға бөлінетін нөмір;

      4) байланыс желісі – байланыс құралдары мен желілерден тұратын және телекоммуникацияларға немесе почта байланысына арналған технологиялық жүйе;

      5) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2 тарау. Байланыс операторларының абоненттері және (немесе) байланыс қызметтерінің пайдаланушылары туралы қызметтік ақпаратты жинауды және сақтауды жүзеге асыру тәртібі";

      4, 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Оператор абоненттер және (немесе) пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратты екі жыл ішінде жинауды және сақтауды қамтамасыз етеді, олар аяқталғаннан кейін ақпарат жойылады. Оператор "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 637-бабында көзделген абоненттер және (немесе) пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратты жинау және сақтау жөніндегі міндеттерді бұзғаны үшін жауаптылықта болады.

      5. Оператор осы Қағидаларға сәйкес телекоммуникация құралдарынан абонентке және (немесе) пайдаланушыларға көрсетілген байланыс қызметтер туралы қызметтік ақпаратты тұрақты жинауды жүзеге асырады және оның Оператор жүйесінде (бұдан әрі – Жүйе) сақталуын қамтамасыз етеді.

      6. Абоненттер және (немесе) пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратты сақтау тек қана Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылады. Байланыс қызметтерін көрсету жағдайларын қоспағанда, шетелдегі Қазақстан Республикасының абоненттеріне абоненттер және (немесе) пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратты Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге беруге тыйым салынады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Абонент және (немесе) пайдаланушылар туралы байланыс қызметтер қызметтік ақпарат ақпаратты сақтау жабдығындағы Жүйеде жиналады.

      Жүйе мыналарды:

      1) абоненттер және (немесе) пайдаланушылар туралы ақпаратты және абонентке көрсетілген қызметтер туралы ақпаратты сақтауды:

      заңды тұлғалар үшін – бизнес-сәйкестіндіру нөмірі, шоттарды жеткізу үшін мекенжай;

      жеке тұлғалар үшін – тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі, электрондық почтаның мекенжайлары, почталық мекенжайы;

      байланыс телефондарының нөмірлері; абоненттік жабдықтарды орнату мекенжайы; шартты жасасу және қолданылуын тоқтату күні; абонентке қолжетімді байланыс қызметтерінің тізбесі; абоненттік нөмір;

      биллинг – абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ оларды тарифтеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

      биллингтік мәліметтер – абоненттің жеке шоты бойынша ақпарат, шотты толтыру туралы ақпарат, деректерді беру желісіндегі абоненттердің мекенжайлары;

      деректерді беру желісіндегі абоненттердің мекенжайлары және деректерді беру желісіндегі интернет-ресурстарға кірудің мекенжайы, интернет желісіне қол жеткізудің әрбір көрсетілген қызметі бойынша деректерді беру желісінің хаттамалары, оның ішінде: "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-2-бабының ережелеріне сәйкес уақыт белдеулерін ескере отырып, абонентті желіде тіркеу күні мен уақыты; осы сессия үшін бөлінген динамикалық немесе статикалық ІР-мекенжайы; желіге шығу нүктесі; желіге шығу жүзеге асырылған абоненттік нөмір және ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру коды; осы сессия ішінде берілген және қабылданған ақпарат көлемі; қызметтердің әрқайсысы көрсетілген уақыт кезеңі; пайдаланушы қолданған байланыс түрі, жіберілген немесе алынған электрондық хабарламаның мекенжайлары, почталық хабарламаның электрондық почта мекенжайлары, интернет-ресурсты сәйкестендіруші, уақыт белдеулері есебімен интернет-ресурста деректер өзгеруінің басы мен аяқталу күні және уақыты, сондай-ақ өзгеріс болған ІР-мекенжайы;

      2) сақтаудың бірыңғай форматын;

      3) уақытқа деректерді байланыстыруды;

      4) деректердің өзгермеуін;

      5) сақталатын деректердің толықтығы мен анықтығын;

      6) телекоммуникациялар желілерінде жедел-іздестіру іс-шаралары құралдарымен біріктіру мүмкіндігін;

      7) байланыс қызметтерін пайдаланушылар және оларға көрсетілген байланыс қызметтері туралы сұраулардың алуан түрлерін қабылдауды қамтамасыз ететін автоматтандырылған қол жеткізуді, берілген параметрлер бойынша ақпарат пен жүйелік есептер беруді;

      8) авторизацияның бағдарламалық және техникалық құралдары арқылы Жүйенің деректеріне рұқсат етілмеген қолжеткізуден қорғауды қамтамасыз етеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады