Қарсы барлау қызметі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 35-VІ ҚРЗ.

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 22-баптан қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң қарсы барлау қызметінің құқықтық негіздерін және оны жүзеге асыру заңдылығының кепілдіктер жүйесін айқындайды.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жедел алу – абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулардың күні, уақыты, ұзақтығы туралы ақпаратты және олар туралы өзге де ақпаратты жасырын алу;

      2) адамды, орынды жедел аудио- және (немесе) бейнебақылау – бейне-, аудиотехниканы не өзге де техникалық құралдарды пайдалана отырып, жеке тұлғаның сөйлеген сөзін және өзге де ақпаратты, оның әрекеттерін, сондай-ақ белгілі бір орында болып жатқан оқиғаларды, процестер мен құбылыстарды жасырын құжаттау;

      3) ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған құрылғылардан ақпаратты жедел түсіріп алу – компьютерлерден, аппараттық-бағдарламалық кешендерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты техникалық құралдармен және (немесе) бағдарламалық қамтылыммен жасырын түсіріп алу;

      4) ақпаратты ресми алу – құжаттарды, материалдарды, электрондық ақпараттық ресурстарды тікелей зерделеу, көрсетілген ақпаратты білетін немесе білуі мүмкін жеке және заңды тұлғаларға сұрау салулар жолдау арқылы қарсы барлау қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар ақпаратты алу;

      5) байланыс желісінің және ақпараттандыру объектілерінің жедел мониторингі – байланыс желісі арқылы берілетін немесе ақпараттандыру объектілерінде өңделетін ақпараттан барлау-нұқсан келтіру әрекетінің белгілерін жасырын табу;

      6) бақыланатын жеткізілім – барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын нәрселер мен заттарды сатып алу, өткізу, беру, орнын ауыстыру процесін жасырын байқау және құжаттау;

      7) бақылау мақсатында сатып алу – барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын нәрселер мен заттарды сатып алу жөнінде жалған өтеулі мәміле жасау;

      8) барлау акциясы – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, мәліметтерге қол жеткізу, оларды жинау;

      9) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларын әшкерелеу – барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыру белгілерінің, фактілері мен жағдайларының жиынтығын табу;

      10) барлау-нұқсан келтіру әрекеті – шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері, өзге де шетелдік ұйымдар, сондай-ақ жекелеген адамдар жүзеге асыратын барлау және (немесе) нұқсан келтіру акциялары;

      11) барлау-нұқсан келтіру әрекетінің белгілері – барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының жүргізілуі мүмкін екендігін куәландыратын әрекеттердің, оқиғалардың, процестер мен құбылыстардың айрықша ерекшеліктері;

      12) барлау-нұқсан келтіру әрекетінің фактілері – барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының жүргізілуін куәландыратын әрекеттер, оқиғалар, процестер мен құбылыстар;

      13) жасырын қызметкер – қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органға жататындығы шифрланған қызметкер, әскери қызметші;

      14) жедел байқау – жеке тұлғалардың әрекеттерін, қоғамдық орында болып жатқан оқиғаларды, процестерді, оның ішінде техникалық құралдарды, фототүсірілімді, бейнебайқауды және аудиожазбаны пайдалана отырып, жасырын аңғару;

      15) жедел ендіру – қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның қызметкерін, әскери қызметшісін не құпия көмекшіні жедел қызығушылық танытып отырған объектінің ортасына жасырын енгізу;

      16) жедел кіру – тұрғын, қызметтік, өндірістік және өзге де үй-жайға, ғимаратқа, құрылысқа, қоймаға, көлік құралына немесе жергілікті учаскеге оларды зерттеп-қарау, сондай-ақ қарсы барлау іс-шараларын дайындау және жүргізу мақсатында жасырын кіру;

      17) жедел эксперимент – қылмысқа арандатуды болғызбайтын, қолдан жасалған, бақыланатын жағдайларда әрекеттерді, процестерді жасырын зерделеу арқылы қарсы барлау ақпаратын алу;

      18) жекелеген тұлғалар – шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің, өзге де шетелдік ұйымдардың атынан немесе солардың мүдделерінде не дербес әрекет ететін жеке тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар;

      19) қарсы барлау ақпараты – барлау-нұқсан келтіру әрекетінің белгілері, фактілері және оны жүзеге асыруға ықпал ететін жағдайлар туралы мәліметтер;

      20) қарсы барлау қызметі – Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін барлау-нұқсан келтіру әрекетінен қорғау жөніндегі қарсы барлау және ұйымдастыру іс-шараларының жүйесі;

      21) қарсы барлаумен қамтамасыз ету – барлау-нұқсан келтіру әрекетінен оқшаулау шараларының жүйесі;

      22) қарсы барлау сауалын қою – сауал қойылған адамның сөздерінен қарсы барлау ақпаратын жария немесе жасырын алу;

      23) қарсы барлау ісі – қарсы барлау іс-шараларының материалдарын жүйелеу, қарсы барлау ақпаратын тексеру және бағалау бойынша оқшауландырылған іс жүргізу;

      24) қарсы барлау іс-шарасы – барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алуға, оларды әшкерелеуге және жолын кесуге бағытталған жария және жасырын іс-қимылдар;

      25) құпия көмекшілер – он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органмен құпиялылық негізде (оның ішінде келісімшарт бойынша да) ынтымақтасып жұмыс істейтін немесе бұрын ынтымақтасып жұмыс істеген жеке тұлғалар;

      26) құпия көмекшілердің, жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтер – тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе); бүркеншік атын (ол болған кезде); туған күні мен жерін; тұрғылықты жерінің мекенжайын; жұмыс (оқу) орнын анықтауға болатын ақпарат; олардың қарсы барлау іс-шараларына қатысуы туралы деректер; олардың отбасы мүшелері немесе жақын туыстары туралы деректер;

      27) нұқсан келтіру акциясы – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, қоғамдық қатынастарға ықпал ету;

      28) пошта жөнелтілімдерін және өзге де жөнелтілімдерді жедел бақылау – хаттардан, бандерольдерден, сауқаттардан және өзге де жөнелтілімдерден қарсы барлау ақпаратын жасырын алу;

      29) ұйымдастыру іс-шарасы – қарсы барлау іс-шараларын жүргізу үшін қажетті жағдайларды жасау, сондай-ақ олардың нәтижелерін пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдар;

      30) шетелдік ұйымдар – шет мемлекеттің заңнамасына немесе халықаралық құқық нормаларына сәйкес ұйымдарға қандай да бір мәртебенің берілуіне қарамастан, осы шет мемлекеттің аумағында басшылық жасайтын органдары бар не шет мемлекеттің, оның ішінде Қазақстан Республикасы танымаған шет мемлекеттің қолдауын пайдаланатын не шет мемлекеттің заңнамасында және (немесе) халықаралық құқық нормаларында тыйым салынған қызметті жүзеге асыратын, осы шет мемлекеттің оларға қарсы іс-қимыл жасауға объективті қабілетсіздігін пайдаланатын ұйымдар;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      31) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      31) электр (телекоммуникация) байланысының желілері арқылы берілетін ақпаратты жедел түсіріп алу – сым-өткізгіш, радио, оптикалық және басқа да электромагниттік жүйелер арқылы берілетін белгілерді, сигналдарды, дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, бейнелерді, бейнесуреттерді, дыбыстарды және басқа да ақпаратты түсіріп алу жөніндегі жасырын іс-қимылдар.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қарсы барлау қызметінің құқықтық негізі

      1. Қарсы барлау қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Қарсы барлау қызметінің міндеттері

      Қарсы барлау қызметінің міндеттері:

      1) барлау-нұқсан келтіру әрекетінен:

      Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін;

      Қазақстан Республикасының Президентін және басқа да күзетілетін адамдарды;

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді қорғау;

      2) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының, оның ішінде:

      терроризмді және экстремизмді жүзеге асырумен;

      қылмыстық топтарды құрумен және олардың әрекет етуімен;

      қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, радиоактивті заттардың және ядролық материалдардың заңсыз айналымымен;

      есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен байланысты акциялардың алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу;

      3) мемлекеттік органдарды, мемлекеттік заңды тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субьектілерін, Қазақстан Республикасының стратегиялық және маңызды мемлекеттік мәні бар өзге де обьектілерін қарсы барлаумен қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлердің алдын алуда, оларды бейтараптандыруда және ұлттық мүдделерін ілгерілетуде мемлекеттік органдарға жәрдемдесу болып табылады.

      Қарсы барлау қызметінің міндеттері заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен толықтырылуы мүмкін.

4-бап. Қарсы барлау қызметінің қағидаттары

      Қарсы барлау қызметі:

      1) заңдылық;

      2) адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын сақтау;

      3) Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық мақсаттарына бағыну;

      4) жария және жасырын әдістерді үйлестіру;

      5) құпиялылық және астыртын әрекет ету;

      6) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу, жолын кесу жөніндегі уақтылы, белсенді іс-қимылдарды жүзеге асыру;

      7) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алуда, оларды әшкерелеуде, жолын кесуде қарсы барлау іс-шараларының басымдығы;

      8) барлау-нұқсан келтіру әрекетінің нақты фактілері бойынша қолданылатын құқықтық және өзге де шараларға қарамастан, қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің үздіксіз болуы қағидаттарына негізделеді.

5-бап.Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын сақтау кепілдіктері

      1. Осы Заңда көзделмеген міндеттерді шешу үшін қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ оның барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді.

      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде адам мен азаматтың абыройын және қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерге жол берілмейді.

      3. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның іс-қимылдарына жоғары тұрған органға, прокуратураға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      Берілген шағым жоғары тұрған орган, прокуратура немесе сот ол бойынша тиісті шешім қабылдағанға дейін шағым жасалып отырған іс-қимылдарды тоқтатпайды.

      4. Прокурор немесе сот шағымды қарау үшін талап етіп алдырған құжаттар шағым нысанасына жатқызылуға және қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуы мен тактикасына, нақты қарсы барлау іс-шараларына қатысты ақпараттың, сондай-ақ құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтердің берілуін болғызбауға тиіс.

6-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің қарсы барлау қызметі саласындағы өкілеттіктері

      Қазақстан Республикасының Президенті:

      1) қарсы барлау қызметінің негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындайды;

      2) өзі уәкілеттік берген органдарға қарсы барлау қызметін дамыту және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін қарауды тапсырады;

      3) қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың қызметін бақылайды, бақылау нысандарын және оны жүзеге асыру тәртібін белгілейді;

      4) өзі айқындаған тәртіппен және мерзімдерде қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар басшыларының есептерін тыңдайды;

      5) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

7-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар

      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары жатады.

      2. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары осы Заңда белгіленген тәртіппен және осы баптың 3, 4, 5-тармақтарында айқындалатын шектерде қарсы барлау қызметін жүзеге асырады.

      3. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздік органдары) осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қарсы барлау іс-шараларын жүргізеді.

      Ұлттық қауіпсіздік органдарының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалған жағдайларда және тәртіппен ұлттық қауіпсіздік органдары осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша қарсы барлау іс-шараларын да жүргізеді.

      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік күзет қызметі) осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 3), 9), 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қарсы барлау іс-шараларын жүргізеді.

      5. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органы (бұдан әрі – сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган) осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 4), 9), 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қарсы барлау іс-шараларын жүргізеді.

      Сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның және ұлттық қауіпсіздік органдарының бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалған жағдайларда және тәртіппен сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген негіз бойынша қарсы барлау іс-шараларын да жүргізеді.

      6. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.

      7. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың бірінші басшылары қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға құқығы бар өздеріне бағынысты ведомстволардың, қызметтердің, бөлімшелердің, қызметкерлер санаттарының тізбесін белгілейді, қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуы мен тактикасы және оның міндеттерін іске асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер шығарады.

8-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың міндеттері

      Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар өздеріне жүктелген міндеттердің шегінде:

      1) барлау-нұқсан келтіру әрекетінің белгілерін, фактілерін анықтауға және барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шараларды қолдануға;

      2) Қазақстан Республикасының Президентін және мемлекеттік органдарды Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлер туралы хабардар етуге;

      3) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғау жөніндегі қажетті шараларды қолдануға;

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді қорғау жөніндегі шараларды қолдануға;

      6) мемлекеттік органдарды, мемлекеттік заңды тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субъектілерін, Қазақстан Республикасының стратегиялық және маңызды мемлекеттік мәні бар өзге де объектілерін қарсы барлаумен қамтамасыз етуді жүзеге асыруға;

      7) қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде астыртын әрекет етуді, сондай-ақ қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган күштерінің, құралдарының және ақпаратының қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға;

      8) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің, қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының, халықаралық және өзге де ұйымдардың сұрау салуларын орындауға;

      9) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

9-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың құқықтары

      Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың:

      1) қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырылуы мен тактикасын айқындауға;

      2) жеке тұлғаларды құпия түрде ынтымақтасып жұмыс істеуге тартуға;

      3) астыртын әрекет ететін объектілерді (кәсіпорындарды және ұйымдарды) құруға, сондай-ақ қызметкерлерді, әскери қызметшілерді, құпия көмекшілерді, бөлімшелердің, ұйымдардың, үй-жайлар мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін шифрлайтын құжаттарды пайдалануға;

      4) осы Заңның 11-бабында көзделген қарсы барлау іс-шараларын жүргізу үшін ғана тәуліктің кез келген уақытында ұйымдардың аумағы мен үй-жайларына, ал Қазақстан Республикасының ерекше режимдік, режимдік, стратегиялық және маңызды мемлекеттік мәні бар өзге де объектілерінің аумағына олардың басшыларын хабардар ете отырып кедергісіз кіруге;

      5) қарсы барлау іс-шараларының барысында жеке және заңды тұлғалардың мүлкін олардың келісімімен пайдалануға;

      6) қарсы барлау іс-шараларын жүргізу кезінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға құқығы бар органдармен келісу бойынша осы органдардың күштері мен құралдарын тартуға;

      7) қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнаулы білім-білігі бар лауазымды адамдар мен мамандардың көмегін пайдалануға;

      8) қарсы барлау іс-шараларын жүргізу кезінде барлау-нұқсан келтіру әрекетін имитациялайтын іс-қимылдарды жүзеге асыруға;

      9) барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыруға ықпал ететін жағдайларды жою жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      10) қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы және өзге де техникалық құралдарды, жабдықтарды қолдануға;

      11) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

10-бап. Қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге негіздер

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін барлау-нұқсан келтіру әрекетінен қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шараларды іске асыру;

      2) қарсы барлау ақпаратының, оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған ақпараттың болуы;

      3) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі;

      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттер, оқиғалар, процестер мен құбылыстар туралы мәліметтерді алу, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау қажеттігі;

      5) мемлекеттік органдарды, мемлекеттік заңды тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субъектілерін, Қазақстан Республикасының стратегиялық және маңызды мемлекеттік мәні бар өзге де объектілерін қарсы барлаумен қамтамасыз ету қажеттігі;

      6) жұмысы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін радиоэлектрондық құралдармен берілетін радиосәулеленуді, сондай-ақ барлау-нұқсан келтіру әрекетінде байланыс желілерін пайдалану жөніндегі іс-қимылдарды анықтау қажеттігі;

      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерге рұқсат алуға ресімделетін (қайта ресімделетін) адамдарды міндетті арнайы тексеру, сондай-ақ мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайта кіретін, сондай-ақ судья, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшісі лауазымына орналасуға үміткер адамдарды арнайы тексеру;

      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға мемлекеттік заңды тұлғаларға немесе квазимемлекеттік сектордың субъектілеріне жұмысқа тартылатын шетелдіктерді міндетті арнайы тексеру;

      9) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің, қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының, халықаралық және өзге де ұйымдардың сұрау салулары;

      10) қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган күштерінің, құралдары мен ақпаратының барлау-нұқсан келтіру әрекетінен қорғалуын қамтамасыз ету қажеттігі қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге негіздер болып табылады.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық нысаны, мемлекеттік тиесілігі, сондай-ақ жеке тұлғалардың азаматтығы, жынысы, ұлты, тұрғылықты жері, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, қоғамдық бірлестіктерге жататындығы, дінге көзқарасы және саяси сенімдері қарсы барлау іс-шараларын жүргізу үшін кедергі болып табылмайды.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.12.2023 № 51-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Қарсы барлау іс-шаралары

      1. Қарсы барлау іс-шараларына:

      1) ақпаратты ресми алу;

      2) қарсы барлау сауалын қою;

      3) жеке тұлғалармен жария және жасырын қатынастар орнату, олардың мүмкіндіктерін қарсы барлау қызметінде пайдалану;

      4) жедел ендіру;

      5) жедел байқау;

      6) жедел эксперимент;

      7) нәрселерді, заттарды және деректерді жедел табу, зерттеу, тіркеу;

      8) бақыланатын жеткізілім;

      9) бақылау мақсатында сатып алу;

      10) техникалық барлау құралдарын және ақпараттың таралып кетуінің техникалық арналарын іздеу;

      11) байланыс желісінің және ақпараттандыру объектілерінің жедел мониторингі;

      12) пошта жөнелтілімдерін және өзге де жөнелтілімдерді жедел бақылау;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      13) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      13) электр (телекоммуникация) байланысының желілері арқылы берілетін ақпаратты жедел түсіріп алу;

      14) абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жедел алу;

      15) ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған құрылғылардан ақпаратты жедел түсіріп алу;

      16) адамды немесе орынды жедел аудио- және (немесе) бейнебақылау;

      17) жедел кіру жатады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қарсы барлау іс-шараларын қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын барлық органдар өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес жүргізеді.

      3. Осы баптың 1-тармағының 1) – 11) тармақшаларында көзделген қарсы барлау іс-шараларын жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      4. Осы баптың 1-тармағының 12) – 17) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шаралары прокурордың санкциясымен не Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген тәртіппен жүргізіледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қарсы барлау іс-шараларын жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша қабылданатын нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      5. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын барлық органдар міндеттерді шешу мүддесінде байланыс желісін пайдаланумен байланысты қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан ұлттық қауіпсіздік органдары жүзеге асырады.

      Осы іс-шараларды жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша қабылданатын бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

      6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген, мәліметтері мемлекеттік құпияларды құрайтын әдістерді және құралдарды пайдаланумен байланысты қарсы барлау іс-шараларының тізбесі және оларды жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

      Осы іс-шаралар заңмен қорғалатын жеке өмірге қол сұғылмаушылықты, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, телеграф хабарламалары мен пошта жөнелтілімдері құпиясын, сондай-ақ тұрғынжайға қол сұғылмаушылық құқығын қозғамауға тиіс. Оларда адамның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қатер төндіретін әдістер мен құралдарды қолдануға жол берілмейді.

      7. Қарсы барлау іс-шараларын техникалық жүргізу үшін Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасында айқындалатын байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарға сәйкес байланыс операторлары сатып алған және орнатқан телекоммуникация жабдықтарының функциялары пайдаланылуы мүмкін.

      8. Мемлекеттік күзет қызметі және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасының аумағында байланыс қызметтері мен құралдарын ұсынатын жеке және заңды тұлғалардың стационарлық аппаратурасы мен байланыс желілеріне қосылуды болғызбайтын қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге құқылы.

      9. Мемлекеттік күзет қызметінің жедел қамтамасыз ету объектілеріндегі және күзет іс-шаралары жүргізілетін аймақтағы қарсы барлау іс-шаралары қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен Мемлекеттік күзет қызметімен келісу бойынша жүргізіледі.

      10. Нақты қарсы барлау іс-шараларының реттілігі мен мазмұны қарсы барлау қызметінің шарттарында айқындалады.

      11. Қарсы барлау іс-шараларын жүргізу барысында алынған мүлікке билік ету және оны мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Қарсы барлау қызметінің материалдарын пайдалану

      Қарсы барлау қызметінің материалдары:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша шешімдер қабылдауы;

      3) мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау саласында шешімдер қабылдауы;

      4) нормативтік құқықтық актілердің және Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеу;

      5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді талдау, бағалау және болжау;

      6) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу;

      7) Қазақстан Республикасының әкімшілік немесе қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін пайдаланылады.

13-бап. Қарсы барлау қызметін ақпараттық қамтамасыз ету және құжаттау

      1. Осы Заңда көзделген міндеттерді шешу үшін қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган ақпараттандыру объектілерін құрады, пайдаланады, дамытады, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ қарсы барлау істерін жүргізеді.

      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту, пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      3. Қарсы барлау істерін ашу және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

14-бап. Қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау

      1. Қылмыстық іске қоса тіркелген мәліметтерді қоспағанда, қарсы барлау қызметінің материалдары қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органда ғана сақталуға және жойылуға тиіс.

      2. Қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау мерзімдері, сақтау және жою тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

15-бап. Қарсы барлау қызметі саласындағы өзара іс-қимыл және халықаралық ынтымақтастық

      1. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері өз құзыреті шегінде қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға осы Заңның 3-бабында көзделген міндеттерді шешуде жәрдем көрсетеді.

      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық және өзге де ұйымдармен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды.

      3. Халықаралық шарттардың тараптары арасындағы қарсы барлау қызметі саласында өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша мәліметтерге, сол сияқты өзара іс-қимыл жасаудың көлемі мен мазмұны туралы ақпаратқа қол жеткізу шектеледі және олар кімге болса да берілмейді немесе тараптардың әрқайсысының жазбаша келісімінсіз және талаптары толық ескерілмейінше пайдаланылмайды.

16-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың қызметкерлері, әскери қызметшілері

      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің құқықтық мәртебесі, оларды құқықтық және әлеуметтік қорғау шаралары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      2. Қарсы барлау қызметіне заңсыз араласу немесе кедергі келтіру, сондай-ақ қарсы барлау іс-шараларын жүргізу кезінде қызметкерлердің, әскери қызметшілердің заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

      3. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның қызметкері немесе әскери қызметшісі қарсы барлау іс-шараларын жүргізген кезде оны әкімшілік ұстауға, сондай-ақ жеке басын жете тексеруге, ондағы заттарды, ол пайдаланатын қызметтік көлік құралдарын жете тексеруге жол берілмейді.

17-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің жауаптылығы

      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде құқыққа қарсы әрекеттер жасаған қызметкерлер, әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың іс-қимылдарымен келтірілген залал Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеледі.

18-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсететін құпия көмекшілер

      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсететін құпия көмекшілер мемлекеттің қорғауында болады.

      2. Құпия көмекшілердің жеке басы туралы мәліметтерді кімге болса да беруге болмайды.

      3. Құпия көмекшілердің, сол сияқты олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне нақты қолсұғушылық қатері төнген кезде қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган құқыққа қарсы әрекеттерді болғызбау, кінәлілерді анықтау және оларды жауапқа тарту жөніндегі барлық қажетті шараларды, сондай-ақ қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасына сәйкес қауіпсіздік шараларын қабылдауға мiндеттi.

      4. Құпия көмекшілер қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға өтеулі немесе өтеусіз негізде жәрдем көрсетеді. Өтеулі негізде жәрдем көрсететін құпия көмекшілерге сыйақы төлеу тәртібін қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы белгілейді.

      5. Құпия көмекші қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге қатысуына байланысты қаза болған жағдайда, қаза тапқан адамның отбасына және оның асырауындағы адамдарға:

      ақылы негізде ынтымақтасып жұмыс істеген қаза болған адамның ақшалай сыйақысының он жылдық сомасы;

      қаза болған адам өтеусіз негізде ынтымақтасып жұмыс істеген кезде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1411 еселенген мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.

      6. Құпия көмекші қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге қатысуына байланысты мертіккен немесе оның денсаулығына өзге де зиян келтірілген кезде оған қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы айқындайтын мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді, оның мөлшері:

      ақылы негізде ынтымақтасып жұмыс істегендер үшін ақшалай сыйақының бес жылдық сомасынан;

      өтеусіз негізде ынтымақтасып жұмыс істегендер үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 706 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

      7. Құпия көмекші қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге қатысуына байланысты қаза болған не мертіккен немесе оның денсаулығына өзге де зиян келтірілген жағдайларда біржолғы жәрдемақыны төлеу қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның қаражатынан жүргізіледі.

      8. Құпия көмекшілермен жұмысты ұйымдастыру және жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 203-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Қарсы барлау қызметін ведомстволық бақылау

      1. Қарсы барлау қызметін ведомстволық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысына жүктеледі.

      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы:

      қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуын, тактикасын, нысандары мен әдістерін, тартылған күштер мен құралдарды;

      шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықтың ұйымдастырылуын және жүзеге асырылуын;

      құпиялылықтың және астыртын әрекет етудің қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асырады.

20-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезіндегі прокурорлық қадағалау

      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және ол уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады.

      Уәкілетті прокурорлардың тізбесі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысымен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен белгіленеді.

      2. Қадағалауды ұйымдастыру кезінде прокуратура органдары мен қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның өзара қарым-қатынастары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының бірлескен нормативтік құқықтық актісімен реттеледі.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы, жеке немесе заңды тұлғаның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бұзғаны туралы арызы прокуратураның тексерулер жүргізуіне негіз болып табылады.

      4. Құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтер, сондай-ақ қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуы мен тактикасы, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық және өзге де ұйымдармен қарсы барлау қызметі саласында өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық қадағалау нысанасына кірмейді.

      5. Осы Заңның 11-бабы 1-тармағының 12) – 17) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге санкцияны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе ол уәкілеттік берген прокурорлар береді.

      Санкция алу кезінде прокурорға оларды жүргізуге негіз болған, нысаны мен мазмұны бойынша құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтердің құпиясын ашу мүмкіндігін болғызбайтын, сондай-ақ қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуы мен тактикасына қатысты материалдар ұсынылады.

      Қарсы барлау іс-шарасының нәтижелері туралы оны жүргізуге санкция берген прокурор хабардар етіледі.

      6. Қадағалау мәселелері бойынша уәкілетті прокурорлардың қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган басшыларының қабылдауына кідіріссіз кіруге құқығы бар.

      7. Уәкілетті прокурорлар қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның объектілерінде болған уақытта оларға осы органда белгіленген өткізу және объектішілік режимдердің талаптары қолданылады.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

21-бап. Қарсы барлау қызметін қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Қарсы барлау қызметін қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады