"Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электронды нысанда шот - фактуралардың жазып берілуін шектеу және мұндай шектеуді жою туралы қағидаларын, сондай-ақ осындай шешімдердің нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 15 наурыздағы № 279 бұйрығына өзгерту енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 29 ақпандағы № 116 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 1 наурызда № 34105 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электронды нысанда шот- фактуралардың жазып берілуін шектеу және мұндай шектеуді жою туралы қағидаларын, сондай-ақ осындай шешімдердің нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 15 наурыздағы № 279 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32088 болып тіркелген) мынадай өзгерту енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген, Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электронды нысанда шот-фактуралардың жазып берілуін шектеу және мұндай шектеуді жою туралы қағидалар осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

  Қазақстан Репсубликасының
Қаржы министрі
2024 жылғы 29 ақпандағы
№ 116 Бұйрыққа
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Қаржы министрінің
2023 жылғы 15 наурыздағы
№ 279 бұйрығына
1-қосымша

Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электронды нысанда шот-фактуралардың жазып берілуін шектеу туралы және мұндай шектеуді жою туралы шешімдерді шығару қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электронды нысанда шот-фактураларды жазып берілуін шектеу туралы және мұндай шектеуді жою туралы шешімдерді шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Cалық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 120-1-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес әзірленді және мемлекеттік кірістер органдарының (бұдан әрі – МКО) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ЭШФ АЖ) электронды нысанда шот-фактуралардың (бұдан әрі – ЭШФ) жазып берілуін шектеу (бұдан әрі – Шектеулер туралы шешім) және осындай шектеуді жою туралы шешімдерді (бұдан әрі – Шектеуді жою туралы шешім) шығару тәртібін айқындайды.

      2. ЭШФ "Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактураны электронды нысанда жазып беру қағидаларын және оның нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі № 370 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18583 болып тіркелген) сәйкес жазып беріледі.

2-тарау. Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электронды нысанда шот-фактуралардың жазып берілуін шектеу туралы шешім шығару тәртібі

      3. Шектеу туралы шешімді Салық кодексінің 96-бабында белгіленген тәртіппен, бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (бұдан әрі – Хабарлама) белгіленген мерзімде орындалмаған және (немесе) орындалмады деп танылған күннен кейінгі күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде осы бұйрыққа бекітілген 2-қосымша бойынша ЭШФ АЖ электронды нысанында салық төлеушінің тіркеу есебінде тұрған жердегі МКО шығарады.

3-тарау. Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электронды нысанда шот-фактуралардың жазып берілуін шектеуді жою туралы шешім шығару тәртібі

      4. Шектеуді жою туралы шешімді Хабарлама орындалған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде осы бұйрыққа 3-қосымшамен бекітілген нысан бойынша ЭШФ АЖ электронды нысанда салық төлеушінің тіркеу есебінде тұрған жері бойынша МКО шығарады.

      5. Шектеу туралы шешім және шектеуді жою туралы шешім, шешім қабылданған күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күні ішінде мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы;

      2) электрондық тәсілмен "электрондық үкімет" веб-порталындағы веб-қосымшаға және (немесе) пайдаланушының жеке кабинетіне және (немесе) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне;

      3) салық төлеушіге қол қойғызып жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады