Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыру шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2024 жылғы 29 наурыздағы № 158-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 29 наурызда № 34186 болып тіркелді

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыру шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Экспортты ілгерілету департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурстарына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрі
А. Шаккалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
Бірінші вице-министрі
2024 жылғы 29 наурыздағы
№ 158-НҚ бұйрықпен
бекітілген

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыру шарттары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Экспорттық-кредиттік агенттігі қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асырудың шарттары (бұдан әрі – Шарттар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 10-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі (бұдан әрі – ЭКА) қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асырудың шарттарын айқындайды.

      2. Осы Шарттарда мынадай анықтамалар мен ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің портфелі – есепті күнге барлық қолданыстағы сақтандыру, кіріс қайта сақтандыру және кепілдік беру шарттары бойынша жиынтық жауапкершілік;

      2) ерікті сақтандыру – тараптардың ниет білдiру күшiн жүзеге асыратын сақтандыру;

      3) Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын, шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық даму институтының мәртебесіне ие және "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға;

      6) қайта сақтандыру – бiр жағынан қайта сақтанушының қайта сақтандыруға сақтандыру тәуекелдерiнiң бәрiн немесе бiр бөлігін беруге және екiнші жағынан солардың арасында жасалған қайта сақтандыру шартына сәйкес осы тәуекелдердi қайта сақтандыру ұйымының қабылдауына байланысты қызмет және соған байланысты туындайтын қатынастар;

      5) сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің жиынтық сыйымдылығы – меншікті капиталының және экспортты қолдау бойынша алынған мемлекеттік кепілдіктердің жиынтық мөлшерінің сомасы;

      6) сақтандыру шарты – бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттенетін шарт;

      7) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – сауда саясатын қалыптастыратын және сауда қызметі саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      8) шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі мәмілелерге кепілдік беру – отандық экспорттаушының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету ретінде ЭКА кепілдік беру арқылы мемлекеттік ынталандыру шарасы;

      9) экспорт алдындағы қаржыландыру – экспорттық келісімшарт бойынша экспорттық тауарларды өндіру, қызметтер көрсету, жұмыстарды орындау мақсаттарына айналым қаражатын толықтыру үшін отандық экспорттаушыға шартты банктік салымын ЭКА орналастыруға екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму Банкі берген кредит;

      10) экспортты қолдау жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігі (бұдан әрі – мемлекеттік кепілдік) – кепілдік шартының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің ЭКА алдындағы сақтандыру және кепілдік төлемдері бойынша берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі;

      11) экспорттық келісімшарт – экспорттаушы мен шетелдік сатып алушы арасында жасалатын, отандық шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортына бағытталған екі жақты жазбаша келісім;

      12) экспорттық саудалық қаржыландыру – екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму Банкі, шетелдік сатып алушыға немесе оның мүддесі үшін қаржыландырудың лизингтік қызметін жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалар экспорттық келісімшарт бойынша төлеу үшін шартты банктік салымның ЭКА орналастыруға берген кредит.

      3. Сақтандыру және кепілдік міндеттемелері портфелінің мөлшері сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің жиынтық сыйымдылығынан асып кеткен немесе ЭКА қаржылық орнықтылық параметрінің нашарлауына қарай өзгеруі және төменгі көрсеткіш параметрінің шекті мәніне жетуі кезінде ЭКА жарғылық капиталын ұлғайту немесе Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген лимит шегінде мемлекеттік кепілдік беру есебінен сақтандыру және кепілдік міндеттемелердің жиынтық сыйымдылығын ұлғайтуға бағытталған шаралар қабылдау талап етіледі.

      Бұл ретте, меншікті капиталдың алынған мемлекеттік кепілдіктердің жиынтық мөлшеріне арақатынасы бестен бірден кем болмауы тиіс.

      ЭКА-ның сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің жиынтық сыйымдылығы:

      1) меншікті капиталдың;

      2) мемлекеттік кепілдіктердің жиынтық мөлшерінің сомасына тең.

      4. Қаржылық орнықтылық ЭКА-ның параметрі (коэффициенті) және оның шекті мәні негізінде айқындалады. Сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің жиынтық сыйымдылығын өтеу коэффициенті ЭКА-ның сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік шарттары бойынша өз міндеттемелерін сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің жиынтық сыйымдылығы есебінен өтеу қабілетін өлшейді.

      5. ЭКА-ның қаржылық орнықтылық параметрлерін сақтау мақсатында сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің портфелі сақтандыру және кепілдік берілген міндеттемелердің жиынтық сыйымдылығынан аспайды.

      Қаржылық орнықтылық параметрлерін сақтау мақсатында өтеу коэффициентінің кемінде бірлік мөлшеріндегі нормативтік шекті мәні қамтамасыз етіледі. Өтеу коэффициенті сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің жиынтық сыйымдылығының сақтандыру және кепілдік міндеттемелерінің портфеліне қатынасы негізінде есептеледі.

      6. Сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік шарттары бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін ЭКА уәкілетті орган бекітетін Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ резервтерді қалыптастыру және олар бойынша ЭКА үшін актуарлық есеп айырысуларды жүргізу қағидаларына сәйкес резервтерді қалыптастырады және қолдайды.

2-тарау. Ерікті сақтандыру бойынша қызметті жүзеге асыру

      7. ЭКА Заңның 22-6-бабы 1-тармағына сәйкес тиісті лицензиясыз экспорттық кредиттерді, инвестицияларды, отандық экспорттаушыларға және отандық шикізаттық емес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) шетелдік сатып алушыларға кредит (қарыздар) беруге байланысты мәмілелерді, олардың пайдасына берілген кепілдіктер мен кепілгерліктерді қаржы ұйымдарының тиісті залалдарынан, өзге де қаржылық залалдардан және тиісті азаматтық-құқықтық жауаптылықтан ерікті сақтандыруды жүзеге асырады.

      8. ЭКА ерікті сақтандыруды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Заңға, сақтандыру шартына және сақтандыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      9. ЭКА жауапкершілігінің шекті көлемі (сақтандыру сомасы) ұлттық валютада (теңге) немесе шетел валютасында баламалы түрде белгіленеді.

      10. ЭКА Қазақстан Республикасының аумағынан тыс инвестицияларды жүзеге асыратын отандық экспорттаушылар мен инвесторлардың, тиісті мәмілелер бойынша олардың шетелдік контрагенттерінің, көрсетілген тұлғаларға кредит беруді және қаржылық қолдауды жүзеге асыратын қазақстандық және шетелдік кредиттік ұйымдардың тәуекелдерінен ерікті сақтандыруды жүзеге асырады.

      11. Ерікті сақтандыру шартының мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тараптардың келісімімен айқындалады.

      12. Сақтандыру өнімдері бойынша сақтандыру өтемі тоқсан пайыздан аспайды, ал сауданы қаржыландыру, экспорттаушының қысқа мерзімді дебиторлық берешегін сақтандыру және экспорттық кредиттерді сақтандыру шеңберінде экспорттық аккредитивтерді сақтандыру бойынша шығын сомасының жүз пайызына дейін жетеді.

3-тарау. Қайта сақтандыру бойынша қызметті жүзеге асыру

      13. ЭКА осы Шарттардың 7-тармағында көзделген ерікті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыру жөніндегі қызметті жүзеге асырады.

      14. ЭКА Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Заңға, қайта сақтандыру шартына сәйкес қайта сақтандыруды жүзеге асырады.

      15. ЭКА Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарынан, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан, сондай-ақ басқа елдердің экспорттық-кредиттік агенттіктерінен қайта сақтандыруға сақтандыру тәуекелдерін қабылдайды.

      16. ЭКА ұлттықтан жоғары қайта сақтандыру компанияларымен, халықаралық қауымдастықтар мен экспорттық кредиттер мен кепілдіктерді сақтандыру ұйымдарының мүшелерімен қайта сақтандыруды, сондай-ақ трансшекаралық сақтандыруды және қайта сақтандыруды жүзеге асырады.

      17. ЭКА контрагент-қайта сақтандырушылар жасасқан сақтандыру шарттары бойынша жауапкершілік үлесін қабылдаған кезде қазақстандық экспорттаушыларды қолдауды жүзеге асыру және қазақстандық өнімдер экспортын дамытуға ықпал ету, экспорттық өндірістер құру мақсатында кіріс қайта сақтандыру функцияларын жүзеге асырады.

      18. ЭКА пулға қатысушылар арасында сақтандыру тәуекелдерін бөлу мақсатында басқа экспорттық-кредиттік агенттіктер құратын салалық сақтандыру (қайта сақтандыру) пулдарына қатысады, сондай-ақ қайта сақтандырудың облигациялық бағдарламаларына қатысады.

      19. ЭКА жауапкершіліктің бір бөлігін қайта сақтандырушы контрагенттерге:

      1) тәуекелді бөлу және өзінің сақтандыру портфелі бойынша жауапкершілікті теңестіру;

      2) андеррайтинг тәуекелін азайту;

      3) сақтандыру портфелін теңгерімдеу және сақтандырушының жиынтық жауапкершілігін оның қаржылық мүмкіндіктеріне барабар мөлшерге келтіру;

      4) табыстылықтың тұрақты деңгейіне қол жеткізу үшін ЭКА-ның шығындарын жинақтау тәуекелдерін төмендету мақсаттары үшін береді.

4-тарау. Экспорттық мәмілелерге кепілдік беруді жүзеге асыру

      20. ЭКА Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және кепілдік беру шартына сәйкес шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі мәмілелерге кепілдік беруді жүзеге асырады.

      21. ЭКА экспорттық келісімшарттар мен экспорттық қызметті жүзеге асыруға байланысты кепілдіктер береді.

      22. ЭКА кепілдіктері келесі тұлғаларға беріледі:

      1) өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарларын (жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін) экспорттаушыларға және олармен байланысты, оның ішінде шетелде тіркелген адамдарға;

      2) отандық экспорттаушымен жасалған экспорттық келісімшарттың тарапы болып табылатын шетелдік тұлғаларға (контрагенттер, сатып алушылар, тапсырыс берушілер);

      3) экспорттық келісімшарттармен байланысты жобалардың кредиторлары болып табылатын қаржы ұйымдары мен халықаралық қаржы ұйымдарына;

      4) экспорттық келісімшартты іске асыруға тікелей немесе жанама қатысатын Қазақстан Республикасының және экспорт елінің мемлекеттік органдарына.

      23. ЭКА кепілдігінің мерзімі экспорттық келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінен аспайтын мерзімге белгіленеді.

5-тарау. Экспорт алдындағы және экспорттық саудалық қаржыландыру

      24. ЭКА екінші деңгейдегі банктерде, Қазақстанның Даму Банкінде шартты банктік салымды орналастыру арқылы отандық экспорттаушыларға экспорт алдындағы қаржыландыруды ұсынады.

      25. ЭКА шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мақсатында екінші деңгейдегі банктерде, Қазақстанның Даму Банкінде шартты банктік салымды шетелдік сатып алушыларды экспорттық саудалық қаржыландыру мақсатында орналастырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады