Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу және беру және олармен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету, олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2024 жылғы 3 сәуірдегі № 143 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 4 сәуірде № 34224 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 36) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу және беру және олармен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету, олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім
министрінің міндетін атқарушысы
Д. Ахмед-заки

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Жоғарғы соты

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары
білім министрінің
міндетін атқарушысы
2024 жылғы 3 сәуірдегі
№ 143 бұйрығымен
бекітілді

Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу және беру және олармен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету, олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қағидалар 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу және беру және олармен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту, олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 36) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар Сот төрелігі академиясында, әскери, арнаулы оқу орындарында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және мемлекеттік аттестаттаудан өткен білім беру ұйымдарының, денсаулық сақтау саласындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарының білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруін, сақтауын, есепке алуын және беруін ұйымдастыру және олармен білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың және оларға қосымшаның телнұсқаларын беру (бұдан әрі – білім беру ұйымдары), олардың пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

2-тарау. Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу және беру және олармен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету тәртібі

      3. Білім беру ұйымдары "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен (бұдан әрі – Банкнот фабрикасы) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 47 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31894 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 47 бұйрық) бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды беру нысандарына, түрлеріне және қағидаларына сәйкес жиынтық өтінім көлемінде білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілерін (бұдан әрі – бланкілер) дайындау бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасады.

      4. Бланкілерді дайындау, жеткізу және қабылдау тәртібі мен мерзімдері білім беру ұйымдары мен Банкнот фабрикасы арасында жасалатын шартта қамтылады.

      5. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) № 47 бұйрықпен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың нысанына сәйкес бланктің әрбір түрі үшін бірыңғай серия белгілейді. Бланкілердің реттік нөмірленуін Банкнот фабрикасы белгілейді.

      6. Бланкілерге тапсырысты ұйымдастыруды жүзеге асыру, оларды Банкнот фабрикасынан алу, сақтау, есепке алу және беру мақсатында білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен материалдық жауапты тұлға тағайындалады.

3-тарау. Бланкілерді пайдалануды бақылауды жүзеге асыру

      7. Білім беру ұйымдарында бланкілерді пайдалануға бақылауды жүзеге асыру мақсатында бланкілердің әрбір түрі бойынша жеке нөмірленген, тігілген, білім беру ұйымының басшысы куәландырған және мөрмен бекітілген бланкілердің пайдаланылуын есепке алу журналдары (бұдан әрі – журналдар) жүргізіледі.

      8. Журналдарда жазу көк түсті сиялы шарикті немесе қаламұш қаламсаппен, хронологиялық тәртіппен, осы жазбалардың шынайылығын дәлелдейтін тиісті құжаттардың негізінде толтырылады. Қателерді түзету мәтінді жіңішке сызықпен сызу жолымен және тиісті жолдар мен бағандарға дұрыс нөмірлер мен мәтінді енгізу арқылы жүргізіледі. Бір уақытта тиісті жолда материалдық жауапты тұлғаның қолымен "түзетілді" деген белгі қойылады.

      9. Білім беру ұйымдарында бланкілерге тапсырыс беруді, олардың сақталуын және берілуін ұйымдастыру бойынша материалдық жауапты тұлғаның қызметіне бақылауды жүзеге асыру мақсатында білім беру ұйымы басшының бұйрығымен бекітілетін құрамы кемінде 5 адамнан тұратын тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады.

      10. Оқу жылындағы бланкілерді пайдалану туралы есепті (бұдан әрі - есеп) материалдық жауапты тұлға білім беру ұйымының бухгалтериясына ұсынады.

      11. Бланкілердің жетіспеу (жоғалу) фактілері анықталған кезде комиссия акт жасайды және ол білім беру ұйымының басшысына беріледі.

      12. Бланкілер бүлінген кезде комиссия бүлінген бланкілер бойынша акт жасайды. Бүлінген бланкілер бойынша актіге қағаз парағына кесілген және желімделген нөмірлер мен бүлінген бланкілер сериясы қоса беріледі, бланкілердің қалған бөліктері жойылады.

      13. Министрлік бланкілердің мазмұнына өзгерістер мен толықтырулар енгізген кезде бланкілердің ескі үлгілері білім беру ұйымы басшысының шешімі негізінде жойылады және бланкілерді жою актісімен ресімделеді. Актіге қағаз парағына кесілген және желімделген бланкілердің нөмірлері мен сериялары қоса беріледі, бланкілердің қалған бөліктері жойылады.

      14. Бланкілер, есептер мен актілер (жою, жетіспеу (жоғалту) туралы) жанбайтын сейфтерде, темір шкафтарда немесе бланкілердің сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықталған үй-жайларда сақталады. Есептер мен актілер оларды жасау мерзімдері бойынша жеке папкаларда сақталады.

      15. Бланкілердің тапсырысын, сақталуын, есепке алынуын және берілуін бақылауды жүзеге асыру білім беру ұйымының басшысына жүктеледі.

      16. "Ұлттық тестілеу орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны бұрын берілген бланкілерді растауды жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады