БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебе берудің қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 5 наурыздағы № 85 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10619 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебе берудің қағидалары мен шарттарын осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
А. Балаева |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебе берудің қағидалары мен шарттары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға (бұдан әрі – ұйымдар) "Академиялық" мәртебе берудің қағидалары мен шарттары мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебесін беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2-тарау. "Академиялық" мәртебесін беру тәртібі
2. Республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының басшылары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) "Академиялық" мәртебесін беру туралы қолдаухат (бұдан әрі – қолдаухат) ұсынады. Қолдаухатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) ұйымның ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға, насихаттауға және қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі мен құрылу туралы анықтама (өз қызметінде кәсібилікті, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін инновациялар енгізу, талантты жас кадрларды анықтауды және тәрбиелеуді жүзеге асыру, жаңа қойылымдарды қоса алғанда, жылына спектакльдердің немесе концерттердің саны);
2) дипломдарының көшірмелері қоса берілген мәдениет пен өнер саласындағы жоғары білімі бар шығармашыл қызметкерлер туралы мәліметтер;
3) бұрынғы КСРО-ның және өзге де шет мемлекеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған шығармашыл қызметкерлер туралы мәліметтер және оларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
4) республикалық, халықаралық конкурстардың, фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары болып табылатын шығармашыл қызметкерлер және (немесе) жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдар туралы мәліметтер және оларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
5) соңғы үш жылда қызметі туралы республикалық және (немесе) шетелдік мерзімді баспа басылымдарында жарияланған басылымдардың тізімі және олардың көшірмелері.
3. Қолдаухаттар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Министрлікке жіберіледі.
4. Қолдаухаттар мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссияның отырыстарында қаралады (бұдан әрі – Комиссия).
5. Комиссия мемлекеттік мәдениет ұйымдарының басшылары мен Қазақстан Республикасының көрнекті мәдениет қайраткерлерінен құралады.
6. Комиссия отырыстары Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса заңды болып саналады.
7. Комиссияның шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Комисия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
8. Комиссияның шешімі хаттамамен рәсімделеді.
Өтініштер осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес келмеген жағдайда Комиссия өтінішхаты және оған қоса берілетін құжаттарды республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымының басшысына немесе облыстардың республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органының басшысына қайтарады.
9. Министрлік Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1 қарашаға дейін ұйымдарға "Академиялық" мәртебесін беру туралы ұсынысты келесі құжаттар қосымшасымен енгізеді:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасы және "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Регламентi туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысына сәйкес құжаттар;
2) қолдаухатты;
3) Комиссияның хаттамасы.
10. "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 21-бабының 2-тармағына сәйкес "Академиялық" мәртебесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен беріледі.
3-тарау. "Академиялық" мәртебесін беру шарттары
11. "Академиялық" мәртебесі өз саласында жетекші болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық мәдениеті мен өнерін қалыптастыруға, дамытуға және насихаттауға елеулі үлес қосқан ұйымдарға беріледі. Олардың елеулі үлес қосқаны келесі негізге сүйеніп анықталады:
1) кемінде жиырма бес жыл үздіксіз қызметті жүзеге асырады;
2) өз қызметінде кәсібилікті, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін инновациялар енгізеді;
3) талантты жас кадрларды анықтауды және тәрбиелеуді жүзеге асырады;
4) жаңа қойылымдарды қоса алғанда, жылына кемінде екі жүз спектакльді көрсетуді жүзеге асырады немесе жылына кемінде алпыс концерт өткізеді;
5) шығармашыл қызметкерлерінің кемінде сексен пайызы мәдениет саласындағы жоғары білімі бар мамандардан құралған кәсібі білікті құрамы бар, шығармашыл қызметкерлерінің кемінде жиырма бес пайызы бұрынғы КСРО-ның және өзге де шет мемлекеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған, шығармашыл қызметкерлерінің кемінде жиырма бес пайызы республикалық, халықаралық конкурстардың, фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары және (немесе) жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдар кемінде он республикалық, халықаралық конкурстардың, фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары болып табылады;
6) соңғы үш жылда қызметі туралы республикалық және (немесе) шетелдік мерзімді баспа басылымдарында жарияланған кемінде он басылымдар бар.