"Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 15 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 19 сәуірде № 34271 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19242 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім беруші ұсынған өтінімнің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;

      2) аумақтық орган – өз құзыреті шегінде Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының аумақтық органы;

      3) әлеуетті өнiм берушi – сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктері (консорциум);

      4) бiртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бірдей болмаса да, белгілі бір функцияларды орындауға және өзара алмастыруға мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрамдас бөліктерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер;

      5) конкурс (тендер) – әлеуетті өнiм берушiлердiң арасындағы бәсекелестiктi көздейтiн және сатып алу шартының неғұрлым қолайлы талаптарын анықтауға бағытталған сатып алу тәсiлi;

      6) конкурстық (тендерлік) комиссия – осы Қағидаларда көзделген жағдайларда және тәсілдермен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру үшін сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ретінде қатысқан жағдайда, табиғи монополия субъектісінің қызметкерлерінен, сондай-ақ оның үлестес тұлғаларының қызметкерлерінен құрылатын комиссия;

      7) конкурстық құжаттама – конкурстық өтінімді дайындау үшін электрондық сатып алудың ақпараттық жүйелерінде табиғи монополия субъектісі орналастыратын, конкурс өткізудің шарттары мен тәртібін қамтитын құжаттар топтамасы;

      8) конкурстық (тендерлік) өтінім – әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамаға сәйкес жасалған конкурстық ұсынысы;

      9) конкурстық өтінімді кепілдікпен қамтамасыз ету – конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші ұсынған ақша кепілі немесе банк кепілдігі;

      10) көрсеткіштің нысаналы мәні – тарифтік реттеудің ынталандырушы әдісін қолдана отырып бекітілген тарифтің қолданылу кезеңі аяқталғаннан кейін табиғи монополия субъектісі қол жеткізетін көрсеткіштің цифрлық мәні;

      11) кірме жолдың шектеулі өткізу қабілеті – кірме жолдың техникалық және технологиялық мүмкіндіктеріне байланысты есептік уақыт кезеңі (тәулік) ішінде нақты кірме жол бойынша өткізілуі мүмкін жылжымалы құрамның ең көп саны;

      12) құзыретті орган – энергетика, теміржол көлігі, газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және көтерме саудада өткізу, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және тұтыну, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы;

      13) магистральдық темір жол желісінің шектеулі өткізу қабілеті-инфрақұрылымның, жылжымалы құрамның техникалық және технологиялық мүмкіндіктеріне және әртүрлі санаттағы поездарды өткізуді ескере отырып, Поездар қозғалысын ұйымдастыру тәсілдеріне қарай нақты темір жол учаскесі бойынша Есепті уақыт кезеңі (тәулік) ішінде өткізілуі мүмкін поездар мен поездар жұптарының ең көп саны;

      14) мәмілелер жасасу кезінде келісу көзделетін табиғи монополия субъектісінің мүлкі – егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан артық болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын табиғи монополия субъектісінің меншігіндегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік;

      15) мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі – мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі;

      16) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

      17) отандық тауар өндіруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға немесе Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын және Қазақстан Республикасында тауарлар өндіретін, сондай-ақ Қазақстан Республикасында толық қайта өңдеуге ұшыраған тауарларды өндіретін заңды тұлға;

      18) өтінішхат – табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауға келісім беру туралы жазбаша өтініші;

      19) сарапшы (сараптама ұйымы) – сараптауға жататын қызметте арнайы білімі немесе тәжірибесі бар және техникалық сараптама жүргізу жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      20) сатып алу – табиғи монополия субъектісінің шығындары осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тарифтік реттеудің шығынды әдісі қолданыла отырып, тарифті бекіту кезінде ескерілетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      21) сатып алу туралы шарт – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт;

      22) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштері – Заңның 23-бабының 1-тармағында көрсетілген сатып алуды қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің қызмет нәтижелерінің және оның тарифті қалыптастыру кезінде ескерілетін экономикалық, басқарушылық, өндірістік шығындарының арақатынасы;

      23) табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі – Заңның 8-бабының 4) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган қалыптастыратын реттелетін қызметтерді көрсететін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың тізімі (бұдан әрі – Тіркелім);

      24) табиғи монополия субъектісінің мүлкін иеліктен шығару – табиғи монополия субъектісінің мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз құқықтарын басқа тұлғаның (тұлғалардың) меншігіне беруі;

      25) табиғи монополия субъектісінің үлестес тұлғасы – табиғи монополия субъектісі қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде ауызша шартты немесе өзге де мәмілені қоса алғанда, шартқа сәйкес шешімдерді тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) ықпал етуге мүмкіндігі бар тұлға (берілген өкілеттіктер шеңберінде оның қызметін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда), сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің оған қатысты осындай құқыққа болатын ие кез келген тұлға;

      26) табиғи монополия субъектісінің мүлкімен жасалатын мәмілелер – Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 193-1-бабына сәйкес стратегиялық объект болып табылатын мүлікпен жасалатын мәмілелерді қоспағанда, егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке құқықтар мен міндеттерді белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған табиғи монополия субъектісінің әрекеттері;

      27) табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу – басқа тұтынушыларға табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне ұқсас ұсынылатын көрсетілетін қызметті қолайлылығы жағынан кем болмайтын шарттармен тұтынушылардың пайдалану мүмкіндігі;

      28) техникалық сараптама – өндiрiс технологиясының, материалдық, еңбек шығындарының белгiленген нормаларға сәйкестiгiн қоса алғанда, тартылған активтердiң техникалық жай-күйiн (техникалық сипаттамаларын), технологиялық процестiң тиiмділігiн талдау, инвестициялық бағдарламаларды, ұсынылып отырған реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң түрлерi бойынша негiзгi құралдарды iске қосылу деңгейiн және оларды бөлудің негізділігін бағалау;

      29) техникалық сарапшы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындауға қатысу үшін табиғи монополиялар субъектілері тартатын, тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын, өткізілетін сатып алу саласында арнайы және (немесе) техникалық білімі, тәжірибесі және біліктілігі бар жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі;

      30) техникалық шарттар – бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау (құрылыс салу схемасы) жобасына сай инженерлік коммуникацияларды дамыту жоспарына сәйкес табиғи монополия субъектісінің: электр, жылу энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, сондай-ақ магистральдық газ құбырларына және мұнай құбырларына, газ тарату жүйелеріне және топтық резервуарлық қондырғыларға қосылу үшін қажетті немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық талаптар;

      31) төлем құжаты – табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуге негіз болатын құжат (шот, хабарлама, түбіртек, есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде жасалған ескерту-шот);

      32) уәкілетті орган – табиғи монополиялар салаларында, мыналарды:

      халықаралық және транзиттік ұшуға аэронавигациялық қызмет көрсетуді қоспағанда, аэронавигация;

      Қазақстан Республикасының әуежайларында коммерциялық емес мақсаттарда және халықаралық бағыттар бойынша техникалық қонуды жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өтуді жүзеге асыратын авиатасымалдарға қызмет көрсетуді қоспағанда, әуежайлар;

      шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қоспағанда, кәбілді арнаны мүліктік жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөніндегі салаларды қоспағанда, басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      33) уәкілетті орган ведомствосы – табиғи монополиялар салаларында, мыналарды:

      халықаралық және транзиттік ұшуға аэронавигациялық қызмет көрсетуді қоспағанда, аэронавигация;

      Қазақстан Республикасының әуежайларында коммерциялық емес мақсаттарда және халықаралық бағыттар бойынша техникалық қонуды жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өтуді жүзеге асыратын авиатасымалдарға қызмет көрсетуді қоспағанда, әуежайлар;

      шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қоспағанда, кәбілді арнаны мүліктік жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөніндегі салаларды қоспағанда, табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомствосы;

      34) шығындары тарифті бекiту кезiнде ескерiлетiн, табиғи монополия субъектiсi сатып алатын тауарлардың, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тiзбесi (бұдан әрi – Тiзбе) – сатып алудың өлшем бiрлiктерi, көлемдерi, мерзiмдерi, тәсiлдерi, сондай-ақ бiр жылдың iшiнде тауарлардың, жұмыстар, көрсетілетін қызметтердiң әрбiр түрiн сатып алуға жұмсалатын сомалардың ең жоғары мөлшерi шығындары тарифті тарифтік реттеудің шығындық әдісін қолдана отырып бекiту кезiнде ескерiлетiн табиғи монополия субъектiсi бір жыл ішінде сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер номенклатурасы;

      35) электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – портал) – табиғи монополиялар субъектілері жүзеге асыратын электрондық сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын портал.";

      156-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "156-1. Конкурстық комиссия осы Қағидалардың 152-тармағына сәйкес бағалауға және салыстыруға қабылданбаған әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін қоспағанда, конкурстық өтінімдерді бағалайды, салыстырады және мынадай өлшемшарттарды:

      1) пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған шығыстарды;

      2) тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімдерін;

      3) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің функционалдық, техникалық және сапалық сипаттамаларының сәйкестігін;

      4) тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге кепілдіктер шарттарын;

      5) әлеуетті өнім берушінің біліктілік деректерін ескере отырып, ең төмен баға негізінде жеңіп шыққан конкурстық өтінімді айқындайды.

      Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау кезінде конкурстық комиссия отандық тауар өндірушілер болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстарына бағаларды шартты түрде он пайызға азайтуды қолданады.".

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
Н. Байбазаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Көлік министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Өнеркәсіп және құрылыс

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Су ресурстары және ирригация

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады