"Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 6 тамыздағы № 136 бұйрығына және "Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік шартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 31 мамырдағы № 27 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 31 мамырда № 34431 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 6 тамыздағы № 136 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6402 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізуге қойылатын талаптарда:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобаның ТЭН-і Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына қағаз және электрондық жеткізгіште:

      1) автомобиль жолының ақауларын алдын алу және жою, сондай-ақ көліктік-пайдалану сапасын қалпына келтіру және жақсарту жөніндегі жұмыстар кешені жөніндегі инвестициялық жобаларды (бұдан әрі – автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жоба) қоспағанда, егер жоба бойынша құрылыс (құрылыс-монтаж) жұмыстарын жүргізу болжанған жағдайда "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 39-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген заңды тұлға (бұдан әрі – Заңды тұлға) жүзеге асыратын ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы;

      2) мынадай ақпараттың:

      саланың одан әрі дамуына әсер ететін оның ағымдағы жай-күйінің проблемаларын және жобаның мақсаттарына, саладағы бар проблемалар бойынша шешімдерге сәйкестігін;

      инвестициялық жобаның ТЭН-інде көрсетілген схема бойынша жобаны іске асырудың орындылығы мен мүмкіндіктерін;

      жобаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігін;

      жобаны іске асырудың балама нұсқаларын;

      жобаны іске асыру кезінде ұсынылатын шығындарды өтеу көздерін бағалаудың оң нәтижелерін қамтитын тиісті саланың уәкілетті органы сараптамасының қорытындысы;

      3) инвестициялық жобаның ТЭН-ін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізу алдындағы соңғы үш жылдағы бірінші басшының және бас бухгалтердің мөрі және қолы қойылған қарыз алушының қаржылық есептілігі (жеке және шоғырландырылған), сондай-ақ қаржылық есептілікке түсіндірме жазбалар қоса ұсынылады. Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес қаржылық есептілік аудиті міндетті болып табылатын қарыз алушылар үшін аудиттелген қаржылық есептілік және соңғы үш жылда жасалған аудиторлық есептер қоса ұсынылады;

      4) жұмыстарды жүргізу қажеттілігін құжаттамалық-техникалық растауды қоса беру арқылы сатып алынатын материалдар мен негізгі құралдардың, жұмыстардың құны мен саны көрсетіле отырып, инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шығындарды растайтын құжаттар (автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жобаны ұсынған кезде) қоса беріле отырып, ұсынылады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен мемлекеттік емес қарыздар қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын автомобиль жолдарын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жобаның ТЭН-іне салалық мемлекеттік органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам және қарыз алушының бірінші басшысы қол қояды.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Қорғаныс, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мұқтаждарына арналған әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданылатын) тауарларды (өнімдерді), әскери мақсаттағы жұмыстарды және әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді импорттау кезіндегі инвестициялық жобаларды қоспағанда, инвестициялық жобалардың ТЭН-і мынадай құрылымға сәйкес келеді:

      жобаның паспорты;

      кіріспе;

      институционалдық бөлім;

      маркетингтік бөлім;

      техникалық-технологиялық бөлім;

      экологиялық бөлім;

      қаржылық бөлім;

      әлеуметтік-экономикалық бөлім;

      тәуекелдерді бағалау және бөлу;

      жоба бойынша тұжырымдар;

      қосымшалар (қажет болған жағдайда).";

      мынадай мазмұндағы 8-2-тармақпен толықтырылсын:

      "8-2. Автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жобаның ТЭН-і мынадай құрылымға сәйкес келеді:

      жобаның паспорты;

      кіріспе;

      институционалдық бөлім;

      техникалық-технологиялық бөлім;

      экологиялық бөлім;

      қаржылық бөлім;

      әлеуметтік-экономикалық бөлім;

      тәуекелдерді бағалау және бөлу;

      жоба бойынша тұжырымдар;

      қосымшалар (қажет болған жағдайда).";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жобаның паспортында жоба туралы қысқаша ақпарат ашып көрсетіледі.

      Жобаның паспортында мынадай ақпарат қамтылды:

      инвестициялық жобаның ТЭН-іне тапсырыс беруші – қарыз алушының (инвестициялық жобаға өтінім берушінің) атауы;

      инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеушінің атауы;

      жобаның атауы;

      жобаны іске асыру орны;

      жобаның мақсаты мен міндеттері, оның ішінде сандық мәндегі мақсаты мен міндеттері;

      жобаның ауқымы;

      жобаның қуаты;

      жобаны іске асыру кезеңі;

      объектіні салу кезеңі немесе автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру кезеңі;

      объектінің пайдаланылу кезеңі;

      инвестициялық жобаның ТЭН-і шеңберінде есептеулер үшін қабылданған жобаның ұлттық валютадағы және шетелдік валютадағы жоспарланған жалпы құны, оның ішінде:

      инвестициялық шығасылар;

      пайдалану шығасылары;

      өзге де шығасылар;

      жобаны қаржыландырудың болжамды көздері;

      жобаны іске асырудан негізгі пайда алушылар.";

      мынадай мазмұндағы 14-2-тармақпен толықтырылсын:

      "14-2. Автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жобаның ТЭН-і шеңберінде техникалық-технологиялық бөлімде:

      жобаны іске асырудың таңдалған оңтайлы нұсқасы негізделе отырып, техникалық-технологиялық шешімдердің сипаттамасы;

      қабылданған техникалық-технологиялық шешімдер ескеріле отырып, жобаның сипаттамасы, жоба қуатының сипаттамасы;

      жобаны іске асыру болжанатын өңірдің инфрақұрылымына жобаның әсерін бағалау;

      жобаны іске асыру графигі қамтылады.

      Жоба бойынша техникалық-технологиялық шешімдерді таңдау кезінде, ең алдымен, экологиялық теріс әсері ең төмен немесе экологиялық теріс әсері жоқ, сондай-ақ жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсері ауқымды болатын шешімдер таңдалады.";

      мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жоба ТЭН-інің экологиялық бөлімінде:

      жобаның қоршаған ортаның жай-күйіне әсерін бағалау, жобаны іске асырудан болатын экологиялық залалды сандық тұрғыдан бағалау және оның зиянды әсерін азайту жөніндегі болжамды іс-шаралар;

      өңірдегі, сонымен бірге жалпы Қазақстан Республикасындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жобада болжанған іс-шаралар және сандық мәндегі олардың нәтижелері қамтылады.

      Жобаның ТЭН-інде қоршаған ортаға әсердi бағалау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн қоршаған ортаға әсердi бағалауды жүргiзу жөнiндегi нұсқаулық-әдiстемелiк құжаттарға сәйкес жүргiзiледi.";

      мынадай мазмұндағы 16-2-тармақпен толықтырылсын:

      "16-2. Автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жоба ТЭН-інің қаржылық бөлімінде:

      қарыз алушының қаржылық жағдайын талдау, оның ішінде қарыз алушының қаржылық есептілігін деңгейлес және сатылас талдау;

      жобаны қаржыландыру үшін қарыз қаражатын тартудың қолайлы параметрлерін айқындау;

      пайдалану шығыстарын кім және қашан қаржыландыратыны айқындала отырып, мұндай шығыстарды қаржыландыру көздері қамтылады.";

      мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. Автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жоба ТЭН-інің әлеуметтік-экономикалық бөлімінде жоба іске асырылған жағдайда саладағы (өңірдегі) және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың даму перспективаларын талдау қамтылады, оның ішінде:

      негізгі салалық (өңірлік) көрсеткіштер (өнім (тауар/көрсетілетін қызмет) өндірісінің көлемі, жалпы ішкі өнім құрылымындағы саланың (өңірдің) үлесі, салаға (өңірге) инвестициялардың көлемі және олардың жоспарланатын кезеңдегі үрдістері);

      нәтижелерді, салдар мен әсерлерді, өсірілген пайда мен шығындарды, тұтынушының қосымша пайдасын, қайтымсыз шығасыларды, сыртқы әсерлерді, халықаралық әсерлерді, жобаны іске асырудың жанама пайдасын талдауды қамтитын жоба бойынша пайда мен шығындарды талдау;

      объектіні пайдалану кезінде мемлекеттік бюджетке жоспарланатын салық түсімдері;

      жобаны іске асырудың аралас салаларды (көршілес өңірлерді) дамытуға әсері – мультипликативтік әсерді талдау.";

      мынадай мазмұндағы 18-2-тармақпен толықтырылсын:

      "18-2. Автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жоба ТЭН-інің "Тәуекелдерді бағалау және бөлу" бөлімінде:

      әлеуметтік тәуекелдерді бағалау;

      техникалық тәуекелдерді бағалау;

      қаржылық тәуекелдерді бағалау;

      жобаға қатысушылар үшін тәуекелдердің негізгі факторларын, болжамды сипаты мен олардың өзгеру ауқымын, оларды төмендету жөніндегі болжамды іс-шараларды айқындайтын ерекше тәуекелдерді бағалау қамтылады.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Қорғаныс, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мұқтаждарына арналған әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданылатын) тауарларды (өнімдерді), әскери мақсаттағы жұмыстарды және әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді импорттау кезіндегі, сондай-ақ автомобиль жолын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жобаларды қоспағанда, инвестициялық жобаның сараптамасы ұсынылған инвестициялық жоба ТЭН-інің, инвестициялық жобаның ТЭН-ін енгізу алдындағы қарыз алушының соңғы үш жылдағы қаржылық есептілігінің және жобаның ерекшелігіне байланысты инвестициялық жобаның ТЭН-іне жүргізілуге қажетті тиісті оң сараптамалардың, атап айтқанда:

      1) егер жоба бойынша құрылыс (құрылыс-монтаж) жұмыстарын жүргізу болжанған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген Заңды тұлға жүзеге асыратын ведомстводан тыс кешенді сараптаманың;

      2) тиісті саланың уәкілетті органы сараптамасының негізінде жүргізіледі.";

      мынадай мазмұндағы 24-тармақпен толықтырылсын:

      "24. Автомобиль жолдарын қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жоба сараптамасының қорытындысында:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жобаны іске асыруды талдау;

      жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін талдау;

      мемлекеттік кепілдіктер бойынша ықтимал төлемдер ескеріле отырып, жобаны іске асырудың бюджеттік тиімділігін талдау;

      жоба тәуекелдерін және оларды азайту жөніндегі шараларды талдау;

      тұжырымдар мен ұсынымдар қамтылады.".

      2. "Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік шартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10111 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Объектіні кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру мынадай:

      1) объектіні мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жарғылық капиталды төлеуге объект берілетін мемлекет қатысатын заңды тұлғаға беру;

      2) газ құбырлары мен электрмен және энергиямен жабдықтау объектілерін беру;

      3) стратегиялық объектілерді, сондай-ақ меншігінде стратегиялық объектілер бар заңды тұлғалардағы акциялар пакеттерін (қатысу үлестерін) беру;

      4) жылжымайтын мүлік объектілерін және халықаралық келісімдерді іске асыру үшін құрылған акционерлік қоғамдардың акцияларын беру;

      5) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді беру;

      6) заңды тұлғалардың дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) дербес білім беру ұйымдарына, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және оның жүйесіне кіретін заңды тұлғаларға, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына беру;

      7) жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, ақылы қозғалысты ұйымдастыру үшін Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық операторға беру;

      8) Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператордың мемлекеттік акциялар пакетін беру;

      9) опера және балет өнерін дамыту үшін құрылған, жалпы алаңы кемінде 40 000 шаршы метр ғимараттарды, құрылысжайларды, жабдықтарды және өзге мүлікті қамтитын кешендер түріндегі мәдениет объектілерін беру;

      10) Заңның 14-бабына сәйкес мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің активтерін мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай операторға беру;

      11) денсаулық сақтау объектілерін салуды, күтіп ұстауды және пайдалануды ұйымдастыру үшін жылжымайтын мүлікті Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық операторға беру;

      12) "Астана" халықаралық қаржы орталығы аумағында тіркелген заңды тұлғалардың мемлекеттік акциялар пакетін (қатысу үлестерін) "Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі" акционерлік қоғамына беру;

      13) ұлттық қауіпсіздік органдарының ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған объектілерін ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы мемлекеттік монополия субъектісіне беру;

      14) білім беру саласындағы уәкілетті органмен және сенімгерлік басқарушымен келісу бойынша мемлекет жүз пайыз қатысатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) беру;

      15) ғимараттарды, құрылысжайларды, жабдықты және өзге мүлікті қамтитын кешендер түріндегі республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін беру;

      16) коммуналдық мүлікті қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға беру;

      17) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органның балансындағы "Астана қаласындағы дипломатиялық қалашық. Түзету. Іске қосу кешені – 1 (ІК-1)" мүліктік кешенінің құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектілерін беру;

      18) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 19 наурыздағы № 64-ө өкімімен құрылған Инвестициялар тарту кеңесінің (инвестициялық штаб) шешімі бойынша Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық операторға автомобиль жолдарын жөндеу үшін беру жағдайларын қоспағанда, тендерлік негізде жүзеге асырылады.".

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
Н. Байбазаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Көлік министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады