Қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияның үлгілік ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 31 мамырдағы № 174 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 8 маусымда № 34463 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгінiң кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 114) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қандастарды қабылдау жөніндегі комиссия туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды;

      4) осы бұйрықты жұмыста басшылыққа алу үшін облыстардың және Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерінің назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жакупова

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
2024 жылғы 31 мамырдағы
№ 174 бұйрығымен
бекітілген

Қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияның үлгілік ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияның үлгілік ережесі "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгінiң кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 2-тарауы 15-тармағының 114) тармақшасына сәйкес әзірленді және қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) міндеттері мен функцияларын айқындайды.

      2. Комиссия тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      4. Комиссияны құруды және оның қызметін ұйымдастыруды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      5. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және Комиссия мүшелерінен тұрады. Оның жалпы құрамы кемінде 5 адамды құрайды. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.

      Комиссияның құрамы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы жергілікті атқарушы органның мүдделі мемлекеттік органдарының, мәслихаттар депутаттарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатарынан қалыптастырылады.

      6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарына төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.

      7. Комиссия отырыстары мен хаттамаларды дайындауды Комиссия хатшысы жүзеге асырады.

3-тарау. Комиссияның міндеті мен функциялары

      8. Комиссияның міндеті қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің өтініштерін уақтылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету болып табылады.

      9. Комиссия өзіне жүктелген міндетке сәйкес мынадай функцияларды орындайды:

      1) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініштер мен өтінішке қоса берілген құжаттарды қарайды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу немесе енгізуден бас тарту туралы ұсынымдар шығарады;

      2) этникалық қазақтардың қандас мәртебесін беру туралы өтініштері мен өтінішке қоса берілген құжаттарды қарайды және өтініш берушіге қандас мәртебесін беруден бас тарту немесе қандас мәртебесін беру туралы ұсынымдар шығарады;

      3) этникалық қазақтардың қандас мәртебесін ұзарту туралы өтініштері мен өтінішке қоса берілген құжаттарды қарайды және өтініш берушіге қандас мәртебесін ұзартудан бас тарту немесе қандас мәртебесін ұзарту туралы ұсынымдар шығарады.

      10. Комиссияның төрағасы оның отырысын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын қандастар тізімін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шақырады.

      11. Комиссияның ұсынымдары ашық дауыс беру арқылы, оның отырысына қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Комиссия төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады.

      Комиссияның ұсынымдары оның құрамының жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.

      12. Комиссияның ұсынымдары Комиссия отырысының хаттамасы түрінде ресімделеді және оған төраға, хатшы, қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.

      Комиссия мүшелері келіспеушіліктерін өздерінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндайды және оны Комиссия отырысының хаттамасына қоса береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады