"Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы № 322 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 31 мамырдағы № 184 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 10 маусымда № 34466 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы № 322 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33364 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. АӨК саласындағы жобаларға кредит беру мақсатында кредитор, бюджеттік бағдарлама әкімшісі және қарыз алушы арасында жасалатын кредиттік шарт негізінде жергілікті атқарушы органға қайтарымдылық, қамтамасыз етілу, мерзімділік және ақылылық қағидаттарымен республикалық бюджеттен бюджеттік кредит мынадай шарттармен беріледі:

      1) 0,01 (нөл бүтін жүзден бір) пайыз жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 10 (он) жылға;

      2) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты – АӨК саласындағы жаңа жобаларды құруға немесе қолданыстағыларды кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыру:

      тауарлық сүт фермаларын (қуаты 400 бастан бастап);

      етті бағыттағы құс фабрикаларын (жылына 5000 тонна құс етінен бастап);

      етті бағыттағы мал шаруашылығы кәсіпорындарын (5000 бастан бастап);

      көкөніс сақтау қоймаларын (1000 тоннадан бастап);

      жеміс сақтау қоймаларын (1000 тоннадан бастап);

      өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын;

      ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындарын;

      қуаттылығы жылына 25 тоннадан бастап тауарлық балық болатын балық және басқа да су жануарларын өсіретін балық өсіру шаруашылықтарын;

      өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1 тоннадан басталатын балықты аршып, тазалайтын, одан әрі тереңдете өңдейтін және сақтайтын балық өңдеу кәсіпорындарын;

      осы Қағидалар шеңберіндегі АӨК саласындағы жобалар бойынша буып-түю материалдарын өндіру кәсіпорындарын;

      құс шаруашылығындағы асыл тұқымдық репродукторларды;

      қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын (шашыратып, тамшылатып суару) пайдалана отырып, суармалы егіншілікті (картоп пен көкөністер, азық өндірісі);

      3) 24 (жиырма төрт) айдан аспайтын мерзімге негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең;

      4) бюджеттік кредитті игеру кезеңі 12 (он екі) айды құрайды және бюджеттік кредит жергілікті атқарушы органға аударылған сәттен бастап есептеледі.

      Осы ережелердi iске асыру мақсатында бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi тиiстi бюджет бекiтiлгеннен кейiн кредитордың бюджеттiк кредит бойынша негiзгi шарттар мен қарыз алушылардың санаты туралы шешiмiнiң жобасын бекiтуге енгiзедi.

      Бюджеттік кредиттің негізгі шарттары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шешімімен белгіленеді.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жергілікті атқарушы орган сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы үміткерлерге мынадай шарттармен мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу, нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып, кредиттер береді:

      1) кредит мерзімі – 10 (он) жылға дейін;

      2) кредиттің ең жоғары сомасы– 5 (бес) миллиард теңгеден аспайды;

      3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 (екі жарым) пайыздан аспайды;

      4) кредиттің нысаналы мақсаты – АӨК саласындағы жаңа жобаларды құруға немесе қолданыстағыларды кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыру:

      тауарлық сүт фермаларын (қуаты 400 бастан бастап);

      етті бағыттағы құс фабрикаларын (жылына 5000 тонна құс етінен бастап);

      етті бағыттағы мал шаруашылығы кәсіпорындарын (5000 бастан бастап);

      көкөніс сақтау қоймаларын (1000 тоннадан бастап);

      жеміс сақтау қоймаларын (1000 тоннадан бастап);

      өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын;

      ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындарын;

      қуаттылығы жылына 25 тоннадан бастап тауарлық балық болатын балық және басқа да су жануарларын өсіретін балық өсіру шаруашылықтарын;

      өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1 тоннадан басталатын балықты аршып, тазалайтын, одан әрі тереңдете өңдейтін және сақтайтын балық өңдеу кәсіпорындарын;

      осы Қағидалар шеңберіндегі АӨК саласындағы жобалар бойынша буып-түю материалдарын өндіру кәсіпорындарын;

      құс шаруашылығындағы асыл тұқымдық репродукторларды;

      қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын (шашыратып, тамшылатып суару) пайдалана отырып, суармалы егіншілікті (картоп пен көкөністер, азық өндірісі);

      5) кепілмен қамтамасыз етудің болуы;

      6) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңі 24 (жиырма төрт) айдан аспайтын мерзімді құрайды.

      Өтінімдерді қабылдау тәсілдері, кредиттерді беру және қамтамасыз ету өлшемшарттары, үміткерлердің санаттары, қоса қаржыландыру мөлшері, сондай-ақ кредит алу үшін құжаттар тізімі жергілікті атқарушы орган және сенім білдірілген өкіл (агент) арасында жасалған тапсырма шартында көрсетіледі.";

      13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. АӨК саласындағы жобаларды іріктеудің негізгі өлшемшарттары мыналар болып табылады:

      әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыруды ескере отырып, салалық орындылығы;

      өңір тұрғындарын сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету;

      уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құру;

      үміткердің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және (немесе) өңдеу саласында кемінде 5 (бес) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы немесе кәсіпорын басшысының ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және (немесе) өңдеу саласында кемінде 5 (бес) жыл еңбек өтілінің болуы;

      кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша мерзімі өткен берешектің 90 (тоқсан) күннен көп болмауы;

      берік азықтық базаны қалыптастыру, ауыл шаруашылығы техникасы паркін материалдық-техникалық жарақтандыру үшін ауыл шаруашылығы алқаптарының қажетті алаңының болуы.

      14. АӨК саласындағы жобаларды іріктеуге арналған комиссия жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде аудандық (қалалық) деңгейдегі ауыл және балық шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде аудандық (қалалық) деңгейдегі мәслихат депутаттарының, "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдерінен, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат өкілдерінен, салалық сарапшылардан құрамы кемінде 7 адам болып облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімінің шешімімен құрылады.

      Комиссия төрағасы мен төрағаның орынбасары Комиссия мүшелерінің арасынан Комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен сайланады. Комиссия хатшысы Жұмыс органының қызметкерлері қатарынан айқындалады. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      Комиссия хатшысы Комиссия отырысын ұйымдастыруды жүзеге асырады, төрағамен келісу бойынша, отырыстың өткізілетін орнын, күнін және уақытын айқындайды, Комиссия мүшелеріне алдағы отырыс туралы хабарлайды, Комиссия мүшелеріне отырысты өткізу үшін қажетті материалдарды ұсынады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бәсекелестікті қорғау және

      дамыту агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Стратегиялық жоспарлау және

      реформалар агенттігі

      Ұлттық статистика бюросы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады