Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 90-6-бабының 12) тармақшасына және 172-1-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Конгломераттардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Бәсекелестікті стратегиялық дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Агенттігі төрағаның бірінші орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы |
М. Омаров |
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2024 жылғы 24 маусымдағы № 4 бұйрығымен бекітілген |
Конгломераттардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Конгломераттар қызметіне талдау және мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 90-6-бабының 12) тармақшасына және 172-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және монополияға қарсы органның конгломераттардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) конгломерат - банк холдингтерін, банктерді және олардың еншілес ұйымдарын, сондай-ақ электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны және теңгерімдеуші нарықтың есеп айырысу орталығын қоспағанда, тиісті және аралас тауар нарықтарында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі (тұлғалар тобы);
2) конгломераттардың қызметін талдау – конгломераттардың қызметі туралы мәліметтер мен ақпаратты бәсекелестік деңгейін айқындау, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісін (тұлғалар тобын) анықтау, бәсекелестікті қорғауға және дамытуға, монополистік қызметтің алдын алуға, шектеуге және жолын кесуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу тұрғысынан зерделеу және пайдалану шараларының жиынтығы;
3) конгломераттар қызметінің мониторингі – Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, конгломераттардың қызметі туралы мәліметтер мен ақпаратты үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланумен байланысты бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу тұрғысынан жинау, өңдеу, зерделеу және пайдалану жөніндегі шаралар жиынтығы;
4) тауар - азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет.
Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен терминдер Кодексте айқындалған.
3. Монополияға қарсы орган конгломераттардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді және оны ресми интернет-ресурсында орналастырады.
4. Мониторинг жыл сайын осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша монополияға қарсы орган басшысының бұйрығымен бекітілетін жоспар-кестелерге сәйкес жүргізіледі.
5. Жыл сайынғы жоспар-кесте монополияға қарсы органның ресми интернет-ресурсында ағымдағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей жарияланады.
2-тарау. Конгломераттардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу тәртібі
6. Конгломерат банк холдингтерін, банктерді және олардың еншілес ұйымдарын, сондай-ақ электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны және теңгерімдеуші нарықтың есеп айырысу орталығын қоспағанда, тиісті және сабақтас тауар нарықтарындағы нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) үстем немесе монополиялық жағдайы айқындалатын бәсекелестіктің жай-күйін талдау нәтижелері бойынша анықталады.
Конгломераттардың қызметін мониторингтеу мақсатында соңғы бес жылғы талдаулар нәтижелері қолданылады.
7. Мониторинг жүргізу мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) конгломераттардың жағдайы үстем немесе монополиялық деп танылған тауар нарықтарында өткізілетін тауарларды өндіру және өткізу көлемі бойынша, сату бағалары мен кірістілік деңгейі туралы мәліметтерді зерделеу;
2) Кодекстің 172 және 172-1-баптарына сәйкес конгломераттың құрамына кіретін нарық субъектілерін (тұлғалар тобын) айқындау.
8. Конгломераттардың қызметіне мониторинг жүргізу мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) ақпаратты жинау және өңдеу.
Ақпарат көзі ретінде конгломераттардың, уәкілетті мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің және өзге де ашық көздердің мәліметтері пайдаланылады;
2) алынған ақпаратты конгломераттың Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы тұрғысынан зерделеу.
9. Монополияға қарсы орган конгломераттардың, уәкілетті мемлекеттік органдардың атына тиісті сұрау салулар жіберу жолымен, сондай-ақ ашық көздерден алынған ақпаратты пайдалану жолымен ақпарат жинауды жүзеге асырады.
Конгломераттардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу үшін монополияға қарсы орган мынадай ақпаратты сұратады:
1) конгломераттардың жағдайы үстем немесе монополиялық деп танылған тауар нарықтарында өткізілетін тауарларды өндіру және өткізу көлемі, сату бағалары және кірістілік деңгейі туралы;
2) нарық субъектісінің дауыс беретін акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін, пайларын) сатып алу, сату немесе сенімгерлік басқаруға беру туралы.
10. Монополияға қарсы орган алынған ақпаратты зерделеуді жүргізеді және бір ай мерзімде конгломераттың қызметі туралы талдамалық жазба дайындайды.
3-тарау. Қорытынды ережелер
11. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілері анықталған жағдайда, монополияға қарсы орган Кодекстің 20-тарауына сәйкес монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдайды.
Конгломераттардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу қағидаларына қосымша |
|
Нысан |
Конгломераттардың қызметін талдау және мониторингілеу бойынша жоспар-кесте
№ | Конгломераттың атауы | Талдау және мониторинг жүргізу кезеңі |
1 | 2 | 3 |