Кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2024 жылғы 28 маусымдағы № 143 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 28 маусымда № 34636 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың қосымшасының 6-тармағын қоспағанда, осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а.
Н. Шарбиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Көлік министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
  Экология және табиғи
  ресурстар министрінің м.а.
  2024 жылғы 28 маусымдағы
  № 143 Бұйрығымен
  бекітілген

Өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар, аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары, жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 18-02/39 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10751 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар, аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары, жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер беру қағидаларында:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар, аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары, балық шарушылығын жүргізу, жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қорының жерлерінде объектілер салу Кодекстің 102-2-бабына және Заңның 27-2-бабына сәйкес жүзеге асырылады.".

      2. "Орман қоры жерi санатынан орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 18-02/45 бұйрығына ((Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10481 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Орман қоры жерi санатынан орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыру қағидасында:

      3-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және теміржолдарды, электр беру желілерін, байланыс желілерін және магистральдық құбыржолдарды;".

      3. "Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде кеспеағаш аймағын бөліп беру мен таксациялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-02/161 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10693 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде кеспеағаш аймағын бөліп беру мен таксациялау қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Кеспеағаштарды бөлу және таксациялау қарсыз кезеңде жүргізіледі:

      1) орман орналастыру материалдарына сәйкес іріктеп санитариялық кесуді қоспағанда, басты мақсатында пайдалану және аралық мақсатында пайдалану кесулері бойынша;

      2) өзге кесулер және іріктеп санитариялық кесу бойынша – нақты қажеттілігіне қарай.".

      4. "Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 18-02/596 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11894 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу қағидаларында:

      46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "46. Бiр жастағы майқарағай және шырша алқаағаштарында, төзiмдi және төзiмсiз топырақты солтүстiк экспозициялардың қиялы, еңiстi баурайларында, сондай-ақ топырағы төзiмдi тікті беткейлерде жаппай тар кесулер жүргiзiледi. Кеспеағаштың ені 70 метрден аспайтын, кеспеағаштардың қиылысуы жолақты, 1 кеспеағаш арқылы, түйісу мерзімі 5 жыл, кеспеағаштың ауданы 10 гектардан аспайды. Рудный Алтайдың қара қылқан жапырақты ормандарында жаппай тар кеспеағаш кесудің негізгі көрсеткіштері осы Қағидаларға 7-қосымшаның 1 және 2-жолдарында келтірілген. Орманның жас ағаштарды сақтау мақсатында диаметрі 16 см-ге дейінгі ағаштарды кесу жүргізілмейді, тек ағаштарды сүйреуді қоспағанда.";

      56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "56. Алдын ала қайта жаңғыруына қарамастан орманның байырғы түрлерiнiң қайыңдықтарында, ал қылқан жапырақты ағаш тұқымдары қанағаттанарлық және қанағаттанарлықсыз дәрежеде (шәкiл бойынша) қайта жаңғыруы орын алған жағдайда орманның туынды түрлерiнiң екпелерiнде жаппай кеспеағаштық кесу топырағы төзiмдi барлық экспозициялардың жайпақ, еңiстi және тiк беткейлерінде және топырағы төзiмсiз қиялы беткейлерде жүргiзiледi.

      Кеспеағаштың енi – 100 метр. Кеспеағаштың жанасуы - жолақ арқылы, жанасу мерзiмi – 2 жыл, кеспеағаштың көлемi 10 гектардан аспайды. Жаппай кеспеағаш кесудің негізгі көрсеткіштері осы Қағидаларға 7-қосымшасының 27 және 28-жолдарында келтірілген.

      Толысу жасына жетпеген қылқан жапырақты ағаштар (құрғап бара жатқан және қу ағаштардан басқа) кесуге белгіленбейдi.

      Байырғы қайыңдықтарда қылқанды ағаштардың жаңаруы нашар болса, онда 20 градус тіктілікке дейінгі жаппай кесулерден кейін, қылқанды ағаштардың екпелері отырғызылады.";

      64-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) аластауға жататын ағаштарға:

      кеуiп қалған, дауыл әсерiнен құлаған, қардың әсерінен құлаған, қураған, өсуiн тоқтату дәрежесiне дейiн саңырауқұлақ ауруларынан және зиянкестерден зақымданған;

      егер бұл ағаштар алқаағаштарда пайдалы рөл атқармаса, күтiп-баптау мақсатында ағаш кесуден кейiн оңала алмаса (тегіс, шар тәрiздi және үрмелi ұшарбасы бар) және оларды кесу үлкен ашық алаңқайлар құрамаса, қисайған, қос тармақты, жоғарғы басы жоқ, iрi-iрi өгей бұтақшалары бар, қатты өсiп, ұшарбасы тым төмен иiлген және қатты сүйiрленген, көп күйзелiс көрген;

      iрiктеп алынған таңдаулы және қосалқы ағаштардың өсуiне және ұшарбастарының қалыптасуына бөгет жасайтын (сабалайтын, көленкелеген, қысатын және тағы да басқалар) ағаштар, егер оларды кесу алқаағаштардың бүлiнуiне душар етсе, iлеспе тұқымдылар мен басты тұқымдының өкiлдерi;

      егер олар өте қалың шоғырлар құраса, жекелеген қалыпты дамыған және күйзелмеген ағаштар жатады.

      Егер олар оқшауланып өссе және кеуiп қалмаған болса, қуыстар мен құс ұялары бар, дiңдерiнiң техникалық қасиеттерi нашар ағаштар кесуге тағайындалмайды.";

      84-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) өсiруге және күтiп-баптау мақсатында ағаш кесуге алаңдар бөлу, ағаштар iрiктеу, оларды таңбалау және балауса ағаштарды қоспағанда, алқаағаштарда қайта есептеу кесуге дейiн бір жыл бұрын қарсыз мезгілде жүргiзiледi;";

      142-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "142. Құндылығы төмен орман алқаағаштарын, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi қайта жаңартуға байланысты ағаш кесулер орман көмкерген жерлердi тиiмдi пайдалануға бағытталған және сол жерде өсiп тұрған сүрекдiңдi неғұрлым өнiмдi әрi алқаағаштардың осы учаскелерде өсу жағдайына айтарлықтай сәйкес келетiн жаңа ұрпағына айырбастауды бiлдiредi.

      Мемлекеттiк орман қорының барлық санаттарында, Орман кодексінің 44-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында аталған мемлекеттік орман қорының санаттарында аталған кесулер Қазақстан Республикасының Орман кодексіне сәйкес айқындалған тәртіппен жүргізіледі.";

      156-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "156. Санитариялық мақсатта жаппай ағаш кесудi жүргiзуге рұқсатты Орман кодексінің 93-бабының 2-тармағына сәйкес беріледi.";

      165-тармақ мынадай редакцияда жазылысын:

      "165. Кеспеағаштарды тар кеспеағаш кесуге бөлу кезінде кесуге диаметрі 16 см-ден кем ағаштар белгіленбейді.

      Қайта жаңармаған ағашы кесiлген жерлерге жанасатын алқаағаштарда кеспеағаштарды жаппай кесуге бөлу және бiртiндеп кесудiң соңғы кезегі бөлу осы Қағидаларға 22-қосымшаға сәйкес орман көмкермеген жерлерде және орман аясында табиғи түлеуді бағалау шәкілдеріне сәйкес "жақсы" деген бағамен табиғи қайта жаңару немесе орман екпелерін отырғызу орын алған жағдайда ғана жүргізiледi.".

      5. "Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерлер өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/896 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12247 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерлер өткізу қағидаларында:

      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Тендер екі кезеңде өткізіледі.

      Бірінші кезеңде комиссия төмендегі талаптарға сәйкес келетін қатысушыларды анықтау мақсатында қатысушылардың өтінімдерін веб-порталда қарайды.

      сүректі дайындау үшін орман ресурстарын ұзақ мерзімді пайдалануға бекіту кезінде:

      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 18-02/596 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11894 болып тіркелген) Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларында белгіленген кеспеағаш жұмыстарын жүргізу кезінде ағаш кесудің белгіленген жыл сайынғы көлемінің және орман шаруашылығы-экологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін сүректі құлатуға, сүйретуге, тиеуге меншік құқығында не сенімгерлік басқаруда материалдық-техникалық базаның болуы;

      2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 18-02/942 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12351 болып тіркелген) бекітілген ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларында көзделген өрт сөндіру жабдықтары мен құралдарының болуы;

      3) мамандығы бойынша жоғары кәсіптік білімі (ағаш дайындау, орман инженерлік ісі, ағаш өңдеу, орман шаруашылығы) немесе тиісті орта кәсіптік білімі және мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар жауапты орындаушы инженер-техникалық қызметкердің болуы;

      4) ағаштарды құлату, бұтақтарды кесу, сүректі сүйреу, тиеу және тасып әкету жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін оқытылған персоналдың болуы;

      5) еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы үшін жауапты маманның болуы;

      6) іс-шараларды қаржыландыру көздерін көрсете отырып, сүрек дайындауды және өңдеуді ұйымдастыру жөніндегі перспективалық бес жылдық жоспардың болуы.

      шайыр, ағаш шырындарын дайындау үшін орман ресурстарын ұзақ мерзімді пайдалануға, ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға, сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға, ағаш және бұта тұқымдыларының отырғызу материалдары мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелерді өсіру үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға, жанама орман пайдалану үшін бекітіп беру кезінде:

      тендерге қатысушыда орман пайдалануды жүзеге асыру, ормандарды күзету, қорғау және молықтыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін қажетті қаражат пен өндірістік қуаттардың болуы;

      жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес болған жағдайда қатысушылар тендердің екінші кезеңіне жіберіледі.".

      6. "Мемлекеттік орман қорында орман шаруашылығын жүргізуге және орман пайдалануға байланысты емес жұмыстарды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 85 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20327 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік орман қорында орман шаруашылығын жүргізуге және орман пайдалануға байланысты емес жұмыстарды жүргізу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік орман қорында құрылыс жұмыстарын жүргізу, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру, электр беру желілерін, байланыс желілерін, коммуникациялар тарту және орман шаруашылығын жүргізу мен орман пайдалануға байланысты емес өзге де жұмыстарды орындау, егер бұл үшін мемлекеттік орман қорының жерiн басқа санаттарға ауыстыру және (немесе) оларды алып қою қажет болмаса, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда аумақтық бөлімшелерінің келiсiмi бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады