Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларының 12-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған тұрғын үй комиссиялары туралы үлгі ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
К. Шарлапаев |
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 4 шілдедегі № 244 Бұйрығымен бекітілген |
Тұрғын үй комиссиялары туралы үлгі ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй комиссиялары туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Тұрғын үй комиссиясы) жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің жанынан құрылған, тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселелері бойынша шешім шығаруға өкілетті, тұрақты негізде жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.
2. Тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді жекешелендіруге құқық беретін, оның ішінде жергілікті атқарушы органның, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің, оның ішінде қоғамдық бiрлестiктердің (болған жағдайда) өкілдерінің кемінде бес адамнан тұратын тақ санынан қалыптастырылады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 09.09.2024 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Тұрғын үй комиссияны:
1) орталық мемлекеттік органда - аппарат басшысы;
2) жергілікті атқарушы органдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде - бірінші басшысының орынбасары басқарады.
4. Тұрғын үй комиссияның хатшысы тұрғын үй комиссияның мүшесі болып табылмайы және дауыс беруге құқығы жоқ.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 09.09.2024 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.5. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасын (бұдан әрі - хаттама) жүргізеді.
6. Тұрғын үй комиссиясының құрамына мыналар кіреді:
аппарат басшысы немесе жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің бірінші басшысының орынбасарлары;
заң қызметінің басшысы (болған жағдайда);
қаржы қызметінің басшысы;
персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) басшысы;
Тұрғын үй комиссиясының хатшысы;
үштен аспайтын қоғамдық бiрлестiктердің өкілдері (болған жағдайда);
жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің өкілдері.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 09.09.2024 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2-тарау. Комиссияның міндеттері мен функциялары
7. Комиссияның негізгі міндеттері мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру туралы заңды шешім қабылдау болып табылады.
8. Тұрғын үй комиссиясының функцияларына мыналар жатады:
1) жекешелендіру тәртібімен жеке меншікке тұрғын үй алу үшін жүгінген үміткерлердің (бұдан әрі - үміткерлер) өтініштерін уақтылы қарауды қамтамасыз ету;
2) үміткерлер ұсынған құжаттарды тексеру;
3) үміткерлер ұсынған құжаттарды қарау;
4) үміткердің өтінішін қанағаттандыру туралы шешім қабылдау не үміткерге дәлелді бас тарту туралы шешім шығару;
5) тұрғын үйді жекешелендіру туралы шарт жасау (жергілікті атқарушы органдар үшін) сұрағын қарастыру;
6) тұрғын үйді жекешелендірген кезде оның құнын төлеуге шот ұсыну (жергілікті атқарушы органдар үшін);
7) жекешелендіруге жататын тұрғын үйді коммуналдық тұрғын үй қорына (орталық мемлекеттік органдар және мемлекеттік кәсіпорындар үшін) ауыстыруды жүзеге асыру;
8) үміткерлердің істерін (материалдарын) сақтау және жүргізу;
9) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан үміткерлер және олардың жылжымайтын мүліктері туралы ақпарат сұрау;
10) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың комиссияның құрамына кірмейтін өкілдерін тарту;
11) үміткерлерден түсінік алу.
3-тарау. Тұрғын үй комиссияның қызметін қамтамасыз ету
9. Тұрғын үй комиссиясы, отырысты қажеттілігіне қарай өткізеді.
10. Тұрғын үй комиссиясының шешіміне Тұрғын үй комиссияның дауыс беру құқығы бар мүшелері қол қояды.
11. Тұрғын үй комиссиясының дауыс беру құқығы бар мүшелерінің өздерінің ерекше пікірлерін жазбаша баяндауға және оны хаттамаға қоса бере алады, ол туралы хаттамада белгіленеді.
12. Тұрғын үй комиссиясының шешімі дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.
13. Тұрғын үй комиссиясының шешімі, егер оны қатысып отырған мүшелердің үштен екісі қабылдаса, заңды.
4-тарау. Тұрғын үй комиссиясының қызметін тоқтату
14. Тұрғын үй комиссиясы өзінің қызметін жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер тараған немесе қайта құрылған кезде тоқтатады.