Министрлердің, аудандар, қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 12 шiлдедегi № 250 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 16 шiлдеде № 34740 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 190-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Министрлердің, аудандар, қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Инклюзия бойынша департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
С. Жакупова

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
2024 жылғы 12 шілдедегі
№ 250 бұйрығына
қосымша

Министрлердің, аудандар, қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Министрлердің, аудандар, қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 190-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және министрлердің, аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілерін (бұдан әрі – кеңесші) тағайындау тәртібін айқындайды.

2-тарау. Министрлердің, аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау тәртібі

      2. Арнаулы орта немесе жоғары білімі, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және мүмкіндіктерін кеңейту саласында кемінде 5 жыл кәсіби және (немесе) қоғамдық жұмыс тәжірибесі бар, сондай-ақ жергілікті деңгейде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде кемінде 2 жыл тұрақты тұратын, жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы кеңесші болып тағайындалады.

      3. Кеңесші өз қызметінде министрге немесе аудан, аудандық маңызы бар қала, облыстық маңызы бар қала, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкіміне (бұдан әрі – бірінші басшылар) есеп береді.

      4. Кеңесші лауазымына кандидат:

      1) мемлекеттік лауазымды атқаратын адам, азаматтық қызметші, судья;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы;

      3) белгіленген заңды тәртіппен сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған;

      4) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда психикалық, мінез-құлық бұзылыстарына (ауруларына), оның ішінде психоактивті заттарды қолдануға байланысты есепте тұрған болмауға тиіс.

      5. Кеңесші лауазымына кандидат министрлікке немесе аудан, аудандық маңызы бар қала, облыстық маңызы бар қала, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратына:

      1) ерікті нысандағы өтінішті;

      2) жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты (сәйкестендіру үшін);

      3) білімі туралы құжаттың, сондай-ақ оқудан өткенін, оның ішінде қысқа мерзімді курстардан өткенін куәландыратын құжаттың, оқуды аяқтау, біліктілікті арттыру туралы сертификаттың немесе куәліктің, ғылыми дәрежелер және (немесе) атақтар беру туралы құжаттың көшірмесін;

      4) өмірбаяндық деректерді көрсете отырып, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызмет туралы мәліметтерді;

      5) ақпараттық жүйелерден мынадай анықтамаларды талап етуге оның жазбаша келісімі арқылы алынатын соттылығының, психикалық, мінез-құлық бұзылыстарының (ауруларының), оның ішінде психоактивті заттарды қолдануға байланысты бұзылыстарының болуы не болмауы туралы мәліметтерді ұсынады. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған кезде кеңесші лауазымына кандидат осы құжаттарды дербес қоса береді.

      6. Кеңесшіні тағайындау кеңесші лауазымына кандидат осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      7. Кеңесшінің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды. Бір адам қатарынан екі реттен артық кеңесші бола алмайды.

      8. Кеңесші өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асырады.

      9. Кеңесші:

      1) жеке бастама жасаған;

      2) сот оны әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      3) сот оны хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған;

      4) ұсынылған құжаттарда және (немесе) мәліметтерде дұрыс емес ақпарат анықталған;

      5) соттың оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;

      6) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен;

      7) бірінші басшының кеңесші қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу негізінде айқындалған функционалдық міндеттерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған;

      8) мемлекеттік, азаматтық қызметке кірген, судья болып тағайындалған;

      9) өкілеттік мерзімі аяқталған;

      10) қайтыс болған жағдайларда өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтатады.

      __________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады