"Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 526 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 18 шiлдедегi № 264 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 19 шiлдеде № 34766 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 526 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33811 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидаларында:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы – Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабында көзделген жағдайлар туындаған кезде, кәсіптері уәкілетті мемлекеттік органдар бекітетін өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға ақшалай төлемдер.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Жұмыс беруші Еңбекмині АЖ-дан хабарлама алғаннан кейін ай сайын төлем айының алындағы айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірмей, төлем кезеңін көрсете отырып, кәсіптік төлемді жүзеге асыруға арналған сомаларды, оның ішінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлеуге қажеттілікке кірген алушылардың тізіміне сәйкес қажеттілік қалыптастырылған айда пайда болған сомаларды Мемлекеттік корпорацияның шотына аударады.

      Мемлекеттік корпорация ай сайын айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыс берушінің шотына Мемлекеттік корпорацияға келіп түскен кәсіптік төлемдердің артық есептелген (төленген) сомаларын аударады.

      Бірінші ай үшін төлем Кодекстің 127-3-бабының 4-тармағында белгіленген, тиісті айда жұмыскер еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан күннен кейін қалған күнтізбелік күндер санына барабар есептелген төлем мөлшеріне сүйене отырып айқындалады.";

      көрсетілген Қағидаларға 1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жакупова

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
2024 жылғы 18 шілдедегі
№ 264 Бұйрығына
қосымша
  Жұмыс берушінің қаражаты
есебінен кәсіптік төлемді
жүзеге асыру, тоқтата тұру,
қайта бастау және
тоқтату қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда еңбек қызметін тоқтату/зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысу туралы өтініш

  ____________________________
(басшының лауазымы,
тегі, аты-жөні)
____________________________
(жұмыскердің лауазымы,
тегі, аты-жөні)

Өтініш

      Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 127-3-бабына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыру үшін Сізден 20__ жылғы "____" бастап __________ 20__ жылғы "___" _____ № __ еңбек шартын бұзуды/ 20__ жылғы "___" бастап зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауыстыруды сұраймын (бар болса) (керегін көрсету).

      "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіптік төлемді жүзеге асыру үшін қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді пайдалануға келісім беремін.

      Банк шотының иесі ретінде өзім туралы, екінші деңгейдегі банктердегі, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдардағы, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелеріндегі банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді алуға келісім беремін.

      Мобильді телефонға sms-хабарландыру жіберу жолымен арнаулы әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру туралы хабарламаға келісім беремін.

  _________________________
_______________________
(тегі, аты-жөні) (қолы)
20__ жылғы "____" __________
жұмысшының мәліметтері
Ұялы телефон _________
E-mail_________
Банктік деректемелер:
Банктің атауы ______________
Банктік шоттың № ___________
Шот түрі ___________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады