Тұтынушылық банктік қарыз және тұтынушылық микрокредит сомасына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 61 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 19 тамызда № 34942 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 5-4-тармағына және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 2-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тұтынушылық банктік қарыз және тұтынушылық микрокредит сомасына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2024 жылғы 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Басқармасының
2024 жылғы 16 тамыздағы
№ 61 қаулысымен
бекітілген

Тұтынушылық банктік қарыз және тұтынушылық микрокредит сомасына қойылатын талаптар

      1. Осы Тұтынушылық банктік қарыз және тұтынушылық микрокредит сомасына қойылатын талаптар "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 5-4-тармағына және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 2-1-тармағына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін тұтынушылық банктік қарыздың және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін тұтынушылық микрокредиттің сомасына қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін тұтынушылық банктік қарыздың сомасы мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      кепілсіз банктік қарыз бойынша – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген екі мың екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыз бойынша – шектеусіз;

      3. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін тұтынушылық микрокредиттің сомасы мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      кепілсіз микрокредит бойынша - республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір мың бір жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      кепілмен қамтамасыз етілген микрокредит бойынша – "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 1-1-тармағында белгіленген сомалар шегінде.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады