Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 10 қыркүйектегі № 418-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 13 қыркүйекте № 35066 болып тіркелді

      "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 69-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидалары бекітілсін.

      2. "Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 13 сәуірдегі № 154 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16764 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі
А. Балаева

  Қазақстан Республикасының
Мәдениет және
ақпарат министрі
2024 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 418-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 69-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) масс-медиа саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – масс-медиа саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) телевизиялық абоненттік жалғама (бұдан әрі – жалғама) – абоненттің цифрлық теле-, радиосигналды қабылдауына арналған жеке техникалық құрал;

      3) телерадио хабарларын тарату операторы – теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;

      4) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы (бұдан әрі – ұлттық оператор) – Заңның 44-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, мемлекетке тиесілі жүз пайыз акциялар пакеті бар, телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін күтіп-ұстау мен дамыту жөніндегі міндеттер жүктелген заңды тұлға.

      3. Аналогтік эфирлік телерадио хабарларын тарату (бұдан әрi – АЭТХТ) сигналды өңдеудің аналогтік әдістері пайдаланылатын теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.

      4. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату (бұдан әрi – ЦЭТХТ) бірегей сигналды цифрлау (жинау) әдістемесін пайдалана отырып, жер үстіндегі хабар беруші станциялар арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.

2-тарау. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу тәртібі

      5. ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі Заңның 69-бабы 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған мерзімдерге (бұдан әрі – мерзімдер) сәйкес әкімшілік аумақтық бірліктердегі АЭТХТ желілерінде аналогтік таратушы құралдарды кезең-кезеңімен өшіру арқылы жүзеге асырылады.

      6. АЭТХТ желілеріндегі аналогтік таратушы құралдарды ажыратуды ұлттық оператор және телерадио хабарларын тарату операторлары мерзімдерге сәйкес жүргізеді.

      7. Әкімшілік-аумақтық бірліктердегі АЭТХТ желілерінде аналогтік таратушы құралдарды ажыратуды әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ЦЭТХТ сигналдарын таратуды қамтамасыз ететін ЦЭТХТ желісі пайдалануға берілген кезде жүргізіледі.

      8. Ұлттық оператор уәкілетті органға және өз құзыретi шегiнде тиiстi аумақта жергiлiктi мемлекеттiк басқару мен өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыратын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарына (бұдан әрі – ЖАО) ЦЭТХТ-ның радиотелевизиялық станцияларын пайдалануға бергенге дейін кемінде үш ай бұрын ЦЭТХТ-ның радиотелевизиялық станцияларын пайдалануға беру мерзімдері және елді мекендер бөлінісінде ЦЭТХТ-мен қамту аумағы туралы мәліметті ұсынады.

      9. Заңның 69-бабы 7-тармағына сәйкес ЖАО ЦЭТХТ-ға көшкенге дейін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.

      10. Уәкілетті орган мерзімдерге сәйкес АЭТХТ ажыратудың әрбір кезеңі аяқталғанға дейін бір ай бұрын ЖАО-дан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жалғамалармен қамтамасыз етудің аяқталғаны туралы ақпаратты сұратады.

      11. ЦЭТХТ-мен қамтылмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағындағы аналогтік жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) қоспағанда, ЦЭТХТ-ға көшкеннен кейін аналогтік телерадио хабарларын тарату кезінде телеарналарға берілген радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттар мен теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензиялар Заңның 69-бабының 5-тармағына сәйкес өз қолданысын тоқтатады.

      ЦЭТХТ желісінде теле-, радиоарналарды тарату телерадиокомпаниялар мен телерадио хабарларын тарату операторлары арасында жасалған шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Мерзімдерге сәйкес ЦЭТХТ-ға көшкенге дейін алты ай бұрын ЖАО өңірлік және/немесе республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, халыққа ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі мен мерзімдері мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

      ЦЭТХТ-ға көшудің тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның, ұлттық оператордың және ЖАО-ның ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.

      13. Бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда ЦЭТХТ-ға көшу мәселелерін ақпараттық жария ету мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) ЦЭТХТ-ның АЭТХТ-дан артықшылығы;

      2) ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі мен мерзімдері;

      3) әкімшілік-аумақтық бірліктердегі қолжетімді цифрлық ақылы және тегін телеарналардың тізбесі;

      4) жалғамаларға қойылатын ең аз рұқсат етілетін талаптар;

      5) ЦЭТХТ сигналымен қамтылмаған әкімшілік-аумақтық бірліктердің (ауыл, кент, ауылдық округ, аудан, қала және қаладағы аудан) тізбесі және теле-, радиосигналдардың баламалы түрлерін қабылдау мәселесін шешу жөнінде ұсынымдар;

      6) "Қауырт желі" телефонының нөмірлері;

      7) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғалардың жалғамаларды алу шарттары мен тәртібі;

      8) жалғамаларды қосу жөніндегі нұсқаулар.

      14. ЦЭТХТ-ға көшу мәселелері бойынша ақпараттық қолдау жөніндегі іс-шараларды ұлттық оператор және ЖАО ЦЭТХТ-ға көшудің барлық кезеңінде және аяқталғаннан кейін үш ай ішінде жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады