Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің м.а. 2018 жылғы 13 сәуірдегі № 154 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 сәуірде № 16764 болып тіркелді.

      "Телерадио хабарларын тарату туралы" 2012 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 42-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің міндетін атқарушы
А. Әжібаев

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің міндетін
атқарушының
2018 жылғы 13 сәуірдегі
№ 154 бұйрығымен бекітілген

Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Телерадио хабарларын тарату туралы" 2012 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 42-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аналогтік эфирлік телерадио хабарларын тарату (бұдан әрі – АЭТХТ) – сигналды өңдеудің аналогтік әдістерін пайдалана отырып, теле-, радиоарналарды тарату жүйесі;

      2) телевизиялық абоненттік жалғама (бұдан әрі – жалғама) – абоненттің цифрлық теле-, радиосигналды желіден қабылдауына арналған жеке техникалық құрал;

      3) телерадио хабарларын тарату операторы – теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;

      4) телерадио хабарларын тарату саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      5) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы (бұдан әрі – ұлттық оператор) – "Телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық оператор туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 11 маусымдағы № 777 Үкiметi қаулысымен айқындалған меншік иесі ретінде мемлекет телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін күтіп-ұстау және дамыту бойынша міндеттер жүктеген заңды тұлға;

      6) цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату (бұдан әрі – ЦЭТХТ) – бірегей сигналды цифрлау (жинау) әдісін пайдалана отырып, жер үстіндегі хабар беруші станциялар арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесі.

2-тарау. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу тәртібі

      3. ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі Заңның 42-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған мерзімдерге сай әкімшілік аумақтық бірліктердегі АЭТХТ желілерінде аналогтік таратушы құралдарды кезең-кезеңімен өшіру арқылы жүзеге асырылады (бұдан әрі – кесте).

      4. АЭТХТ желілерінде аналогтік таратушы құралдарды өшіруді ұлттық оператор және телерадио хабарларын тарату операторлары кестеге сәйкес жүзеге асырады.

      5. Әкімшілік-аумақтық бірліктердегі АЭТХТ желілерінде аналогтік таратушы құралдарды өшіру әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ЦЭТХТ сигналдарын таратуды қамтамасыз ететін ЦЭТХТ желісі толық іске қосылған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

      6. Ұлттық оператор ЦЭТХТ радио телевизиялық станцияларын пайдалануға бергенге дейін кемінде үш ай бұрын ЦЭТХТ радио телевизиялық станцияларын пайдалануға беру мерзімдері және елді мекендер бөлінісінде ЦЭТХТ қамту аумағы туралы уәкілетті органға және өз құзыретi шегiнде тиiстi аумақта жергiлiктi мемлекеттiк басқару мен өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыратын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарына (бұдан әрі – ЖАО) мәліметті ұсынады.

      7. ЖАО атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын тұлғаларға жалғамаларды беруді ұйымдастыруды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 8 қарашадағы № 677 қаулысымен бекітілген Атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттiк жалғамалармен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес жүргізеді.

      8. Уәкілетті орган кестеге сәйкес АЭТХТ өшірудің әрбір кезеңі аяқталғанға дейін бір ай бұрын ЖАО-дан атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алушыларды жалғамалармен қамтамасыз етуді аяқтау туралы ақпаратты сұрайды.

      9. Кестеге сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктерде ЦЭТХТ-ге көшкеннен кейін осыдан бұрын радиожиілік спектрін пайдалануға берілген барлық рұқсаттар және телевизиялық хабарларды таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензиялар Заңның 42-бабының 5-тармағына сәйкес өз күшін тоқтатады.

      Теле-, радиоарналарды ЦЭТХТ желісінде тарату телерадиокомпаниялар мен телерадио хабарларын тарату операторлары арасында жасалған шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Бекітілген кестеге сәйкес ЦЭТХТ-ға көшуден алты ай бұрын, уәкілетті орган мен ЖАО халыққа ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі мен мерзімдері мәселелері бойынша өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

      ЦЭТХТ-ға көшудің тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның, ұлттық оператордың және ЖАО-ның ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.

      11. Бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда ЦЭТХТ-ға көшу мәселелерін ақпараттық сүйемелдеу келесі ақпаратты қамтиды:

      1) ЦЭТХТ-ның АЭТХТ-дан артықшылығы;

      2) ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі мен кезеңдері;

      3) әкімшілік-аумақтық бірліктердегі қолжетімді цифрлық ақылы және ақысыз телеарналардың тізбесі;

      4) жалғамаларға ең аз рұқсат етілген талаптар;

      5) ЦЭТХТ сигналымен қамтылмаған әкімшілік-аумақтық бірліктердің (ауыл, кент, ауылдық округ, аудан, қала және қаладағы аудан) тізбесі және теле-, радиосигналдардың баламалы түрлерін қабылдау мәселесін шешу жөнінде ұсынымдар;

      6) жедел желілер телефондарының нөмірлері;

      7) атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын тұлғаларға жалғамаларды алу шарттары мен тәртібі;

      8) жалғамаларды қосу туралы нұсқаулар.

      12. ЦЭТХТ-ға көшу мәселелері бойынша жедел желілерін ұйымдастыруды ұлттық оператор және ЖАО ЦЭТХТ-ға көшудің барлық кезеңінде және аяқталғаннан кейін үш ай ішінде жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады