"Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 69-бабының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. "Атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттiк жалғамалармен қамтамасыз ету қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы № 51 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26945 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы |
К. Искаков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 433-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз ету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 69-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуетті өнім беруші – мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшiн өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум). Кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға осы жеке тұлғаға жекеменшік құқығымен тиесілі тұрғынжайды тапсырыс берушілер сатып алған жағдайда, әлеуеттi өнiм берушi болуы мүмкiн;
2) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзіреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
3) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган (бұдан әрі – атқарушы орган) – жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға әкімдік уәкілеттік берген, тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме;
4) телевизиялық абоненттік жалғама (бұдан әрі – жалғама) – абоненттің цифрлық теле-, радиосигналды қабылдауына арналған жеке техникалық құрал;
5) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы (бұдан әрі – ұлттық оператор) – Заңның 44-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, мемлекетке тиесілі жүз пайыздық акция пакеті бар, ұлттық телерадио хабарларын тарату желісін күтіп-ұстау және дамыту жөніндегі міндеттер жүктелген заңды тұлға.
2-тарау. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз ету тәртібі
3. Жалғамалар DVB T2, MPEG 4 хабар тарату стандарттарында (цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату үшін) цифрлық теле-, радиосигналды қабылдауды қамтамасыз етеді, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісімен интеграцияланады.
4. Жергілікті атқарушы орган цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін атқарушы орган мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды жалғамалармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу Заңның 69-бабы 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған мерзімдерге сәйкес әкімшілік аумақтық бірліктердегі аналогтік эфирлік телерадио хабарларын тарату желілерінде аналогтік таратушы құралдарды кезең-кезеңімен өшіру арқылы 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.
5. Жалғамалармен қамтамасыз ету өтініш берушіге өтеусіз негізде жеткізу және орнату нысандарында жүргізіледі.
Өтініш беруші – осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша телевизиялық абоненттік жалғаманы алуға, тұрғылықты жері бойынша атқарушы органға, ал ауылдық жерде – кент, ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкіміне жалғаманы өтеусіз алуға өз атынан немесе отбасы мүшелерінің және онымен бірге тұрақты тұратын басқа да адамдардың атынан өтініш берген және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылатын жеке тұлға.
6. Жалғамалармен қамтамасыз ету жеке өзінің атынан немесе отбасының және өзімен үнемі бірге тұратын басқа да адамдардың атынан өтініш жасаған бір өтініш берушіге бір жалғама деген есеппен жүргізіледі.
Жалғамалармен қамтамасыз ету біржолғы болып табылады және ол берілгеннен кейін оны алған өтініш берушіге, оның отбасы мүшелеріне және онымен үнемі бірге тұратын басқа да адамдарға берілмейді.
7. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтылған елді мекендерде өтініш берушілер цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату желісінде ұлттық оператор тарататын цифрлық теле-, радиосигналды қабылдауға арналған жалғамалармен қамтамасыз етіледі.
8. Жергілікті атқарушы орган халықты өтініш берушілердің жалғамаларды өтеусіз алу туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді және оларды жалғаманы алу тәртібі мен шарттары туралы толық ақпаратпен уақтылы қамтамасыз етеді.
9. Өтініш беруші жалғаманы алу үшін тұрғылықты жері бойынша жалғамаларды өтеусіз негізде беру туралы өтініштерді тіркеу журналында құжаттарды тіркейтін және өтініш берушіге құжаттардың қабылданғаны туралы растау беретін атқарушы органға, ал ауылдық жерде – кенттің, ауылдың, ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қаланың әкіміне өтініш береді.
Ауылдық жерде кенттің, ауылдың, ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қаланың әкімі құжаттар бар өтінішті алған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушы органға жібереді.
10. Атқарушы орган өтініш берушінің немесе оның отбасы мүшелерінің және онымен бірге тұрақты тұратын өзге де адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігі деректерін тексеруді, сондай-ақ осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес фактіні анықтауды жүргізеді.
Атқарушы орган өтініштердің негізінде олардың тізбесі мен санын көрсете отырып, жалғамаларға қажеттілікті айқындайды.
11. Өтініш берушіден немесе кенттің, ауылдың, ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қаланың әкімінен құжаттар қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде атқарушы орган өтініш берушіні өтеусіз негізде жалғамамен қамтамасыз ету (үш данада) немесе жалғамамен қамтамасыз етуден бас тарту (екі данада) туралы шешім шығарады.
12. Өтеусіз негізде жалғамамен қамтамасыз етуден бас тарту себептері:
1) өтініш беруші өтініш берген сәтте мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылмайды;
2) бұрын өтініш берушіге, оның отбасы мүшелеріне және онымен үнемі бірге тұратын басқа да адамдарға жалғама берілген.
13. Өтініш берушіге 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде себебін көрсете отырып, жалғамамен қамтамасыз етуден бас тарту туралы алдын ала шешім оған қол қойылғанға дейін қоса беріле отырып, хабарлама жіберіледі.
Өтініш беруші хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тұрғылықты жері бойынша атқарушы органға, ал ауылдық жерде – кенттің, ауылдың, ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қаланың әкіміне жазбаша нысанда оны жалғамамен өтеусіз негізде қамтамасыз етуден бас тарту туралы алдын ала шешімге қарсылық береді.
Өтініш берушіден қарсылық келіп түскен кезде қарау нәтижелері бойынша атқарушы орган өтініш берушіні өтеусіз негізде жалғамамен қамтамасыз етеді не жалғамамен қамтамасыз етуден бас тарту туралы уәжді шешім шығарады.
14. Өтініш берушіні өтеусіз негізде жалғамамен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданған кезде шешімнің бірінші данасы – өтініш берушіге, екінші данасы өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жалғамаларды беруді жүзеге асыратын әлеуетті өнім берушіге жіберіледі, үшінші данасы атқарушы органда қалады.
Өтініш берушіні өтеусіз негізде жалғамамен қамтамасыз етуден бас тарту туралы шешім қабылданған кезде шешімнің бірінші данасы өтініш берушіге жіберіледі, екінші данасы атқарушы органда қалады.
15. Әлеуетті өнім беруші атқарушы органның өтініш берушіні өтеусіз негізде жалғамамен қамтамасыз ету туралы шешімін алған кезден бастап мемлекеттік сатып алу туралы шартта көрсетілген мерзімдер шегінде шешімде көрсетілген мекенжай бойынша жалғаманы жеткізуді, сондай-ақ орнатуды және қосуды жүзеге асырады.
16. Өтініш беруші оны жеткізген, орнатқан және қосқан кезден бастап 1 (бір) күн ішінде жалғаманы қабылдап алу-беру актісіне қол қояды.
17. Атқарушы органның шешіміне Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабымен айқындалған тәртіппен шағым жасалады.
Шағымды әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіпте қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.
Шағым шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға беріледі.
Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей осы шағым мен әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жолдайды.
Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы шешім қабылдаған, әкімшілік әрекет жасаған кезде шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.
Өтініш берушінің шағымы оны тіркеген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауға жатады.
Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тәртіпте шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз ету қағидаларына қосымша |
Телевизиялық абоненттік жалғама алуға өтініш
Жергілікті атқарушы органның/кенттің, ауылдың, ауылдық округтің,
аудандық маңызы бар қаланың әкіміне/Халықты жұмыспен қамту орталығына
__________________________
(елді мекен, аудан, облыс)
Телевизиялық абоненттік жалғама алуға өтініш:
1) Өтініш беруші ________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде))
2) Өтініш берушінің тұрғылықты мекенжайы ________________________
3) Өтініш берушінің отбасы мүшелерінің құрамы _____________________
_______________________________________________________________
4) Байланыс телефондарының нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайлары:
_______________________________________________________________
Қоса берілетін құжаттар:
1. _______________________________________________________
2. _______________________________________________________
3. _______________________________________________________
________________________ _____________________________________
өтініш берушінің қолтаңбасы (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде))
Өтініш берілген күн 20__ жылғы "___" __________
Қабылдау күнін көрсете отырып, құжаттарды қабылдағаны туралы жергілікті
атқарушы орган өкілінің/кент, ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар
қала әкімінің қолтаңбасы
20___ жылғы "____"________