"Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 81 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 30 қыркүйекте № 35174 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19242 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидалар:

      1) табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне қосу және одан шығару тәртібін;

      2) жария тыңдаулар өткізу тәртібін;

      3) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Рұқсаттар және хабарламалар туралы Заң) сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген іс-қимылдар жасауына келісім беру, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламаны қабылдау тәртібін;

      4) табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды өткізу тәртібін;

      5) реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету тәртібін;

      6) тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында табиғи монополиялар субъектілерінің бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерін өткізу тәртібін;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттерінің бар екендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтердің инженерлік коммуникацияларының схемаларын орналастыру тәртібі;

      8) есепке алу аспабын сатып алу және орнату үшін төлемақыны келісу тәртібін;

      9) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштерін бекіту тәртібін;

      10) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін;

      11) тұтынушыларға және (немесе) уәкілетті органға тариф, оның өзгергені туралы хабарлау тәртібін;

      12) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібін;

      13) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуына және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг және (немесе) техникалық сараптама жүргізу тәртібін;

      14) мыналардың:

      егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерiнiң баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға және табиғи монополия субъектiсін қайта ұйымдастыруға немесе таратуға келісім беру туралы өтініш хаттардың;

      табиғи монополия субъектісінің тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы:

      бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы;

      бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы;

      реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштері сақталғандығы туралы;

      табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерінің нысандарын;

      15) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына техникалық сараптама жүргізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштерін сақтау және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін уәкілетті тұлғаларға (сарапшыларға, сараптама ұйымдарына) қойылатын өлшем шарттар мен талаптарды;

      16) халықаралық қаржы ұйымдарынан, мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен қарыздар тарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің кредиттік келісімдерін уәкілетті органның келісу тәртібін;

      17) табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын және мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардан табиғи монополиялар субъектісіне берілетін мүлікті беру шартын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібін;

      18) табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарын жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібін айқындайды.";

      мынадай мазмұндағы 186-1-тармақпен толықтырылсын:

      "186-1. Уәкілетті орган табиғи монополиялар субъектілерінің ұсынылған деректері негізінде табиғи монополия субъектісі алдында міндеттемелерін орындамау немесе тиісінше орындамау фактісін растайтын өзіне қатысты соттың шешімі заңды күшіне енген  сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін қалыптастырады және жүргізеді.

      Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.";

      194-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Заңның 25-бабында көзделген ақпаратты табиғи монополия субъектісінің интернет-ресурсында орналастырумен, ол болмаған жағдайда – уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық органына оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынумен, сондай-ақ Заңның 25-бабының 6-2-тармағында көзделген ақпаратты мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырумен және (немесе) өзектілендірумен;"

      199-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "199. Осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес 1, 3, 4 және 5-нысандар бойынша табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге өтініш қабылдауды және оны қарау нәтижесін беруді, осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес 6-нысан бойынша құрылыс объектілерін табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға техникалық шарттар беруге сәулет және қала құрылысы органының өтінішін қарау нәтижесін қабылдауды және беруді қоспағанда, Мемлекеттік корпорация "электрондық үкімет" веб-порталы, табиғи монополия субъектісінің кеңсесі немесе уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырады.";

      307-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "307. Табиғи монополия субъектісі тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында есеп жүргізілген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей оны бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) өзінің интернет-ресурсында орналастырады не уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық органына өзінің интернет-ресурсында орналастыру үшін жібереді.

      Уәкілетті органның ведомствосы немесе оның аумақтық органы есепті ол түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады.";

      мынадай мазмұндағы 442-1-тармақпен толықтырылсын:

      "442-1. Бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына техникалық сараптама жүргізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін уәкілетті тұлғалар (сарапшылар, сараптама ұйымдары) ретінде мынадай өлшем шарттар мен талаптарға сәйкес келетін тұлғалар тартылады:

      1) жылу энергетикасы салаларында немесе энергетика экономикасы, энергетика, сумен жабдықтау және су бұру, мұнай және газ, теміржол көлігі салаларында бакалавриат, магистратура бағдарламалары бойынша жоғары білімінің, сондай-ақ жылу энергетикасы, энергетика, сумен жабдықтау және су бұру, мұнай және газ, теміржол көлігі салаларында жұмысты жүзеге асыратын ұйымдарда кемінде 3 (үш) жыл еңбек өтілінің болуы;

      2) штатта: жылу энергетикасы, энергетика, сумен жабдықтау және су бұру, мұнай және газ, теміржол көлігі дипломы, электр энергетикасы бойынша дипломы, мамандығы бойынша 3 (үш) жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар маманның, жылу энергетикасы, электр энергетикасы, сумен жабдықтау және су бұру, мұнай және газ, теміржол көлігі саласындағы инженердің болуы;

      3) жылу энергетикасы, электр энергетикасы, сумен жабдықтау және су бұру, мұнай және газ, теміржол көлігі кәсіпорындары үшін инвестициялық бағдарламаларды әзірлеу бойынша кемінде 3 (үш) жыл жұмыс өтілінің болуы;

      4) шарт негізінде қызмет көрсететін, жылу энергетикасы, электр энергетикасы, сумен жабдықтау және су бұру, мұнай және газ, теміржол көлігі саласындағы кәсіпорындар үшін қызмет көрсетуде кемінде 3 (үш) жыл тәжірибесі бар сертификатталған аудитордың болуы.";

      мынадай мазмұндағы 15, 16 және 17-тараулармен толықтырылсын:

      "15-тарау. Халықаралық қаржы ұйымдарынан,мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен қарыздар тарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің кредиттік келісімдерін уәкілетті органның келісу тәртібі

1-параграф. Жалпы ережелер

      447. Осы тарау Заңның 15-бабы 23-тармағының 15) тармақшасына сәйкес әзірленген және табиғи монополиялар субъектілерінің халықаралық қаржы ұйымдарынан, мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен қарыздар тартуға арналған кредиттік келісімдерін уәкілетті органның келісу тәртібін айқындайды.

      448. Халықаралық қаржы ұйымдарынан, мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен реттеліп көрсетілетін қызметтер үшін қарыздар тарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің кредиттік келісімдері уәкілетті органмен келісуге жатады.

      449. Халықаралық қаржы ұйымдарынан, мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен қарыздар тарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің кредиттік келісімдерін уәкілетті орган келісуінің негізгі қағидаттары мыналар:

      1) табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің тарифіне енгізілетін шығындардың ашықтығы;

      2) табиғи монополиялар субъектілері мен халықаралық қаржы ұйымдары, мамандандырылған салалық банктер, Қазақстанның Даму Банкі және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері арасында туындайтын қатынастардың шартпен ресімделуі болып табылады.

2-параграф. Халықаралық қаржы ұйымдарынан, мамандандырылған салалық банктерден, Қазақстанның Даму Банкінен және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінен қарыздар тарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің кредиттік келісімдерін уәкілетті органның келісу тәртібі

      450. Табиғи монополия субъектісі кредиттік келісім жасалғанға дейін уәкілетті органға жазбаша өтініш, сондай-ақ келісімнің мыналарды:

      жобаның мақсаттары мен міндеттерін;

      тартылған қарыздың сипаттамасын және оны іске асыру схемасын;

      жобаны іске асырудың кезеңдері мен мерзімдерін;

      қарыз тарту көздерінің сипаттамасын;

      тартылған қарыздың қажеттілігі есеп-қисаптарын;

      жобаны іске асырудан күтілетін нәтижелерді;

      жобаның өтелу мерзімдері есеп-қисаптарын және қарызды өтеу тетіктерін;

      жобаны іске асыру нәтижелерінің тиімділігін бағалауға арналған индикаторларды;

      жобаның тәуекелдері мен қауіптері типтерінің, сондай-ақ оларды азайту шараларының сипаттамасын;

      жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін қамтуға тиіс жобасын жібереді.

      451. Айналым қаражатын толықтыруға қарыз тарту мақсатында жасалатын кредиттік келісімдер келісуге жатпайды.

      452. Өтінішке табиғи монополия субъектісінің тарифтік сметасының жобасымен қоса, оны іске асыру кезеңінде тарифтеріне кредиттік келісім жасасу әсерінің болжамы қоса беріледі.

      453. Уәкілетті орган ұсынылған материалдарды 10 (он) жұмыс күні ішінде қарайды және табиғи монополия субъектісіне қараудың нәтижелері туралы хабарлайды.

      Материалдар сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті орган міндетті түрде көрсетілген мерзім ішінде қарызды тартудан бас тарту себептерін көрсете отырып, дәлелді бас тарту жібереді (сыйақының жоғары мөлшерлемесі және банктің өзге де алымдары, қаржылық тәуекелдер, тартылған қарызды өтеу кезінде табиғи монополия субъектісінің төлем қабілеттілігі).

16-тарау. Табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын және мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардан табиғи монополия субъектісіне берілетін мүлікті беру шартын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібі

1-параграф. Жалпы ережелер

      454. Осы тарау Заңның 15-бабы 23-тармағының 16) тармақшасына сәйкес әзірленген және табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын және мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардан табиғи монополия субъектісіне берілетін мүлікті беру шартын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібін айқындайды.

      455. Осы Тәртіп жаңадан құрылатын кәсіпорынға мүлікті беру кезінде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

2-параграф. Табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын және мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардан табиғи монополия субъектісіне берілетін мүлікті беру шартын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен, жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібі

      456. Табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын және жергілікті атқарушы органдардан табиғи монополиялар субъектісіне берілетін мүлікті беру шарты Мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарына сәйкес жасалады.

      457. Мүлікті беру және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру шартында мынадай:

      1) жасалған орны мен күні;

      2) тараптардың атауы;

      3) шарттың мәні;

      4) тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      5) тараптардың жауаптылығы;

      6) форс-мажор;

      7) туындайтын дауларды шешу;

      8) шарттың қолданылу мерзімі;

      9) шарт талаптарының орындалуын бақылау;

      10) шарттың қолданылуын тоқтатуға арналған талаптар;

      11) өзге де талаптар;

      12) тараптардың мекенжайлары мен деректемелері ережелері көзделуге тиіс.

      458. Шарт үш данада жасалады, оның екеуі келісілгеннен кейін мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға, жергілікті атқарушы органға беріледі.

      459. Шартқа берілетін мүліктің тізбесі олардың баланстық құнына қоса беріледі.

17-тарау. Жергілікті атқарушы органмен табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарын келісу тәртібі

1-параграф. Жалпы ережелер

      460. Осы тарау Заңның 15-бабы 23-тармағының 17) тармақшасына сәйкес әзірленген және табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарын жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібін айқындайды.

      461. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін жергілікті атқарушы орган ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру Мүлікті беру жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      Беру жоспарына бұрын берілген объектілерді қосуға тыйым салынады.

2-параграф. Табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарын жергілікті атқарушы органмен келісу тәртібі

      462. Табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті беру жоспарында мыналар:

      1) берілетін мүліктің атауы;

      2) құрылыстың, реконструкцияның аяқталу мерзімін көрсете отырып, берілетін мүліктің қысқаша сипаттамасы;

      3) берілетін мүліктің орналасқан жері;

      4) мүліктің сандық және сапалық көрсеткіштері (ұзақтығы, саны),

      5) мүліктің мақсаты;

      6) берілетін мүліктің құны әрбір объект бойынша жеке, бірыңғай кешен кезінде жалпы құны көрсетіледі;

      7) мүлік балансқа (немесе) сенімгерлік басқаруға берілетін табиғи монополия субъектісінің атауы қамтылады;

      8) берілетін мүлікке құқық белгілейтін құжаттар (техникалық паспорт, меншік құқығы туралы анықтама) және сәйкестендіру құжаты (жер учаскесіне арналған акт, жер учаскесіне арналған құжаттар).

      Жоспарға мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органның мүлікті беру туралы тиісті шешімімен қоса, мүлікті балансқа (немесе) сенімгерлік басқаруға берудің орындылығы негіздемесі қоса беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
Н. Байбазаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Көлік министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Өнеркәсіп және құрылыс

      Министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Су ресурстары және ирригация

      Министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады