"Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына өзгерістер және толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 815 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 2 қазанда № 35195 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16376 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау "Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі" ақпараттық жүйесі және атқарушылық iс жүргiзу материалдары арқылы жүзеге асырылады.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Тиісті әділет органының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен жоспардан тыс бақылау жүргізу үшін аумақтық органның қызметкері (лері) қажет болған жағдайда уәкілетті органның қызметкері (лерінің) қатысуымен тағайындалады.

      Республикалық немесе өңірлік жеке сот орындаушылары палатасының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен жоспардан тыс бақылау жүргізу үшін жеке сот орындаушылары палатасының қызметкері (лері) тағайындалады.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Қорытынды кіріспе, сипаттама-уәждеме және қорытынды бөліктерінен тұрады.

      Қорытындының кіріспе бөлігінде бақылаудың түрі туралы мәліметтер, бақылауды жүзеге асырған адамның және бақылауға жататын жеке сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), бақылауды жүргізу мерзімі, жеке сот орындаушысының бақылауды тағайындау туралы бұйрықтың нөмірі және күні көрсетіледі.

      Қорытындының сипаттама-уәждеме бөлігінде жеке сот орындаушысының қызметі туралы және атқарушылық іс жүргізу туралы мәліметтер, оның ішінде атқарушылық әрекеттер хронологиялық тәртіппен баяндалады.

      Қорытынды бөлікте Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың болуы немесе болмауы, төмендегі мерзімдер белгілене отырып, оларды жою жөніндегі ұсынымдар туралы қорытындыда:

      жоспардан тыс бақылау бойынша – жеті жұмыс күні және бұзушылықтарды жойғаны туралы ақпаратты тиісті аумақтық органға немесе өңірлік палатаға беру мерзімі аяқталған соң үш жұмыс күні аралығында беру көрсетіледі;

      жоспарлы бақылау бойынша – он бес жұмыс күні және бұзушылықтарды жойғаны туралы ақпаратты тиісті аумақтық органға немесе өңірлік палатаға беру мерзімі аяқталған соң үш жұмыс күні аралығында беру көрсетіледі.

      Бұзушылықтарды жою мүмкін болмаған жағдайда жеке сот орындаушыға мерзімдер берілмейді, ол туралы қорытындыда көрсетіледі.

      Бұл ретте, бақылау жүргізген тұлғалар бес жұмыс күні ішінде қорытындыда көрсетілген бұзушылықтарды жоюдың анық фактісін "Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі" ақпараттық жүйесі арқылы да, атқарушылық іс жүргізу материалдары арқылы да белгілейді.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін қорытынды жеке сот орындаушыларының өңірлік (Республикалық) палатасының тиісті тәртіптік комиссиясының қарауына жіберіледі.

      Қорытынды жеке сот орындаушы онымен танысқаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей жеке сот орындаушыларының өңірлік (Республикалық) палатасының тиісті тәртіптік комиссиясының қарауына жіберіледі.

      Заңның 143, 144-баптарында көзделген бұзушылықтар бойынша уәкілетті органға жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ұсыныс енгізіледі.

      Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру (тоқтату) туралы ұсынысқа осы Қағидалардың 21-тармағында көзделген құжаттар қоса беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің м.а.
Л. Мерсалимова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады