"Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 13) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 111-9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына "зерттеу университеті" мәртебесін беру қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына "зерттеу университеті" мәртебесін беру өлшемшарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Туризм және спорт министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2024 жылғы 3 қазандағы № 474 Бұйрыққа 1-қосымша |
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына "зерттеу университеті" мәртебесін беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына "зерттеу университеті" мәртебесін беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 13) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 111-9) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына "зерттеу университеті" мәртебесін беру тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) білім беру қызметі – білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогтік негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін процесс;
2) ғылыми инфрақұрылым – ғылыми зертханалық және инженерлік жабдық, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс, бірегей объектілер, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруға арналған өзге де жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
3) ғылыми қызмет – зерделенетін объектілерге, құбылыстарға (процестерге) тән қасиеттерді, ерекшеліктер мен заңдылықтарды анықтау мақсатында қоршаған болмысты зерделеуге және алынған білімді практикада пайдалануға бағытталған қызмет;
4) ғылым саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – Уәкілетті орган) – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
5) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орны;
6) стартап-компания – инновацияларды әзірлейтін дара кәсіпкер немесе Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын, қызметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың қатысуымен құрылған заңды тұлға;
7) технологиялар трансфері – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін, білімді, технологияларды және зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері енгізгенге дейін беру процесі;
8) университет – әртүрлі салалар бойынша ғылыми-педагогикалық қызметті, кадрлар даярлауды, іргелі және (немесе) қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын және жетекші ғылыми-әдістемелік орталық болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы.
3. Зерттеу университеті Заңның 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен университеттің даму бағдарламасын іске асыратын және іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен өзге де ғылыми-техникалық, тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргізуге, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға және ғылыми әзірлемелер мен өндіріске технологияларды енгізуге қатысатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Заңның 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес "зерттеу университеті" мәртебесін береді және оның даму бағдарламасын бекітеді.
5. "Зерттеу университеті" мәртебесін беру осы бұйрыққа 2-қосымшада бекітілген өлшемшарттарға сәйкес білім беру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық, инновациялық қызмет және ғылыми инфрақұрылым көрсеткіштері бойынша ЖЖОКБҰ-ның соңғы 5 жылдағы қазіргі жай-күйі мен даму динамикасын талдау негізінде жүзеге асырылады.
6. Зерттеу университеті қолда бар лизенцияға сәйкес білім беру қызметін ұйымдастырады және білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын сақтайды.
2-тарау. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына "зерттеу университеті" мәртебесін беру тәртібі
7. "Зерттеу университеті" мәртебесін алғысы келетін ЖЖОКБҰ Уәкілетті органға осы бұйрыққа 2-қосымшада бекітілген өлшемшарттарға сәйкестігін растайтын материалдар мен құжаттарды және осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінім және мыналарды:
1) ЖЖОКБҰ атауын, заңды мекенжайын, (электрондық пошта, ресми сайт), ЖЖОКБҰ басшысы туралы мәліметтерді;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаның 1-тармағында белгіленген талаптар бойынша ЖЖОКБҰ жетістіктерінің қысқаша түйіндемесін;
3) осы бұйрыққа 2-қосымшаның 2-тармағында белгіленген өлшемшарттар бойынша соңғы бес жыл ішінде растайтын құжаттармен бірге мәліметтерді;
4) "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының даму бағдарламасының құрылымын және оны әзірлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 25 қазандағы № 590 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17622 болып тіркелді) сәйкес ресімделген ЖЖОКБҰ-ның жақын арадағы бес жылға арналған даму бағдарламасын;
5) мемлекеттік инвестициялық жобаны (бұдан әрі – МИЖ) және "Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудiң орындылығын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелді) ресімделген қаржы-экономикалық негіздемені (бұдан әрі – ҚЭН) (қажет болған жағдайда) қамтитын жазбаша өтінімді ұсынады.
8. ЖЖОКБҰ берген өтінімдерді "зерттеу университеті" мәртебесін беру өлшемшарттарына сәйкестігін қарау мақсатында Уәкілетті орган комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады. Өтінімді қарау мерзімі - Уәкілетті органға өтінім берілген сәттен бастап отыз жұмыс күні.
9. Комиссия құрамына Уәкілетті органның, ғылыми ұйымдардың және ЖЖОКБҰ оқу-әдістемелік бірлестіктерінің өкілдері кіреді және 7 адамды құрайды. Комиссия төрағасы Комиссия мүшелері арасынан жай көпшілік дауыспен сайланады.
10. Комиссия отырысына Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде комиссия отырысы заңды деп есептеледі.
11. Комиссия отырысына Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі болмаған кезде Комиссия төрағасы белгілейтін басқа күнге ауыстырылады.
12. Комиссия тұрақты негізде қалыптастырылады. Комиссия мүшесі шығып қалған жағдайда оның өкілеттігі Комиссия төрағасының шешімі бойынша оның орнына Комиссияның жаңа мүшесі тағайындалатын тиісті бұйрық шығарылған кезден бастап тоқтатылады.
13. Комиссия ЖЖОКБҰ-ның осы бұйрыққа 2-қосымшаның 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мерзімде тексереді.
14. Ұсынылған материалдарды қарау және осы бұйрыққа 2-қосымшаның 2-тармағында белгіленген өлшемшарттар бойынша соңғы 5 жылдағы ЖЖОКБҰ қызметін, көрсеткіштерін талдау нәтижелері және ЖЖОКБҰ басшысының таныстырылымын тыңдау бойынша Комиссия осы қорытындымен келіспеген мүшелердің пікірін көрсете отырып, Комиссияның барлық мүшелері қол қоятын "зерттеу университеті" мәртебесін беру туралы ұсыным әзірлейді немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды.
15. Комиссияның ұсынымы немесе бас тарту туралы шешімі ашық дауыс беруден кейін отырысқа қатысушылардың көпшілік даусымен қабылданады.
16. ЖЖОКБҰ-ның белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі және (немесе) осы бұйрыққа 2-қосымшаның 2-тармағында белгіленген өлшемшарттар бойынша теріс динамиканың болуы бас тарту үшін негіз болып табылады.
17. Уәкілетті орган ЖЖОКБҰ-ға "зерттеу университеті" мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді (дәлелді негіздемемен) шешім қабылданған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жібереді.
18. Комиссия ұсынымдарының қорытындылары бойынша Уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган Заңның 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес "зерттеу университеті" мәртебесін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолдайды.
"Зерттеу университеті" мәртебесін алуға өтінім _________________________________________________________________ (жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ) атауы)
"зерттеу университеті" мәртебесін алуға ұсынылған құжаттарына бағалау жүргізуді сұраймын.
1. ЖЖОКБҰ атауы:
ЖЖОКБҰ толық атауы;
ЖЖОКБҰ қысқартылған атауы;
2. Заңды мекенжайы:
ел;
пошта индексі;
қала;
көше, ғимарат нөмірі:
3. ЖЖОКБҰ туралы байланыс ақпараты:
байланыс телефоны;
электрондық пошта;
ресми сайт;
4. ЖЖОКБҰ басшысы туралы мәліметтер:
тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда):
байланыс телефоны;
электрондық пошта.
Өтінімге мынадай құжаттар қоса беріледі:
№ | Құжаттың атауы | Бар екендігі туралы белгі |
1 | Осы бұйрыққа 2-қосымшаның 1-тармағында белгіленген талаптар бойынша ЖЖОКБҰ жетістіктерінің қысқаша түйіндемесі | |
2 | Осы бұйрыққа 2-қосымшаның 2-тармағында белгіленген өлшемшарттар бойынша соңғы бес жыл ішінде растайтын құжаттармен бірге мәліметтер | |
3 | Осы бұйрыққа 2-ші қосымшада көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері |
ЖЖОКБҰ басшысы
_____________ _________ _____________________________
(мөрдің орны) (қолы) (Т.А.Ж. (болған жағдайда))
Құжаттарды қабылдады: _______________________________________________
____________________________________________________________________
(Тегі, аты, жөні (болған жағдайда), құжаттарды қабылдаған адамның лауазымы)
20__ жылғы "__"_________, ______________________________________
(құжаттарды қабылдаған адамның қолы)
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2024 жылғы 3 қазандағы № 474 Бұйрыққа 2-қосымша |
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына "зерттеу университеті" мәртебесін беру өлшемшарттары
1. "Зерттеу университеті" мәртебесі мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) Осы бұйрыққа 2-қосымшаның 2-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін ғылым, білім және өндірісті интеграциялау бойынша оң динамикадағы көрсеткіштері бар;
2) Осы бұйрыққа 2-қосымшаның 2-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізудің оң динамикадағы көрсеткіштері бар;
3) заманауи ғылыми инфрақұрылымы бар Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ) беріледі.
2. ЖЖОКБҰ-ның білім беру, ғылыми қызмет және ғылыми инфрақұрылымдағы даму динамикасы мынадай өлшемшарттар бойынша бағаланады:
1) білім беру қызметі қызметі, оның ішінде:
стратегиялық серіктестермен бірлесіп пәнаралық білім беру бағдарламаларын іске асыру (ТОП-700 QS/THE құрамына кіретін ЖЖОКБҰ және (немесе) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын кәсіпорындар);
ТОП-200 QS/THE-дан шетелдік университеттермен қос дипломды және (немесе) бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру;
халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысатын білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының (бұдан әрі – ПОҚ) үлесі;
ЖЖОКБҰ-ның жеке тағылымдама бағдарламаларына қатысатын білім алушылардың (магистратура және докторантура) және ПОҚ үлесі;
"Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру; ғылыми-техникалық қамтамасыз етуді қаржыландыру және ғылыми және ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру нысанында бюджет қаражаты есебінен қаржыландыратын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға арналған шарт негізінде кемінде 5 (бес) жобаны іске асыру тәжірибесі бар зерттеу топтарының болуы, сондай-ақ соңғы 10 (он) жыл ішінде үсдіксіз ғылыми кадрлар даярлауды жүзеге асыратын (докторлық диссертацияларды сәтті қорғаған және еліміздің басқа ЖЖОКБҰ-да жұмыс істейтін докторантура бағдарламаларының түлектерінің болуы);
Тиісті білім беру бағдарламаларының тобы бойынша оқу бітіргеннен кейін 5 (бес) жыл ішінде докторлық диссертацияны сәтті қорғаған докторантура бағдарламаларының түлектер үлесінің кемінде 75% болуы;
магистратураға немесе докторантураға оқуды жалғастыру үшін түскен түлектердің үлесі;
докторантураның білім беру бағдарламаларында білім алатын, білім алушыларының жалпы санынан индустриялық PhD докторанттарының үлесі;
2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық, инновациялық қызмет, оның ішінде:
ЖЖОКБҰ-ның жалпы бюджетінен ғылыми-зерттеу жұмыстарын (бұдан әрі – ҒЗЖ) және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) қаржыландыру үлесі;
ЖЖОКБҰ-ның жалпы бюджетінен жергілікті атқарушы орган немесе квазимемлекеттік, жекеменшік сектор кемінде 10 (он) миллион теңге көлемінде қаржыландыратын жобалардың үлесі;
ЖЖОКБҰ-да іске асырылатын халықаралық қаржыландырылатын жобалардың саны;
ЖЖОКБҰ-ның штаттық ПОҚ және ғылыми кадрларының жалпы санынан жалақысы 3 (үш) ең төменгі жалақыдан төмен емес ғылыми жобаларға қатысатын ғылыми және педагогикалық қызметкерлердің үлесі;
35 және одан жоғары процентилі бар Scopus (Скопус) басылымдарының, ПОҚ және ЖЖОКБҰ ғылыми кадрларының жалпы санынан Q1 квартилі бар Web of Science (Веб оф Сайенс) басылымдарының үлесі;
Web of Science Core Collection (Веб оф Сайенс Кор Калекшн) дерекқорында индекстелген журналдарда халықаралық орталықтармен және шетелдік ЖЖОКБҰ бірлескен мақалалар және (немесе) шолулар саны (Arts and Humanities Citation Index (Ортс әнд Хьюманәтиз Сайтейшн Индекс), Social Sciences Citation Index (Соушл Сайенсез Сайтейшн Индекс);
ҒЗЖ және ҒЗТКЖ жалпы санынан ұйымдардың тапсырысы бойынша іске асырылатын ғылыми жобалардың үлесі;
тұрақты даму мақсаттарына байланысты жобалардың үлесі;
университеттерде құрылған стартап-компаниялардың саны;
Derwent Innovations Index (Дервен Инновейшн Индекс) (Web of Science (Веб оф Сайенс), Clarivate Analytics (Клариват Эналейтикс)) деректер базасына енгізілген ПОҚ және ЖЖОКБҰ ғылыми кадрлары алған патенттердің жалпы санынан патенттердің үлесі;
технологиялық дайындық деңгейі (бұдан әрі – TRL) TRL 5-тен төмен емес жобалардың үлесі;
3) ғылыми инфрақұрылым, оның ішінде:
ұжымдық пайдаланудағы ғылыми зертханалардың болуы;
технологиялық дайындық деңгейі TRL 8-ден төмен емес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің кемінде 1 (бір) нәтижесі бар ЖЖОКБҰ жанындағы технопарктің немесе технологиялар трансфері жөніндегі құрылымның болуы;
Scopus (Скопус) және (немесе) Web of Science (Веб оф Сайенс) дерекқорына индекстелетін/енгізілетін жеке және (немесе) ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын басылымдар тізбесіне енгізілетін журналдардың болуы;
халықаралық кітапхана базаларына қолжетімділіктің болуы (Scopus (Скопус), Web of Science (Веб оф Сайенс), Publons (Паблонс) және т.б.);
ПОҚ және білім алушыларды ғылыми белсенділігі үшін көтермелеу жүйелерінің болуы;
жеке ғылыми зертханаларын дамытуға ЖЖОКБҰ-ның инвестициялары;
ISO (Халықаралық стандарттау ұйымы) бойынша ЖЖОКБҰ сертификатының болуы;
Медициналық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін биоэтика жөніндегі орталық немесе жергілікті комиссияның болуы.