"Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 7 қазандағы № 281 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 8 қазанда № 35224 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13288 болып тіркелді) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2024 жылғы 7 қазандағы
№ 281 бұйрығына
қосымша

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы "28" қаңтардағы
№ 91 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары

1 - тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 48) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу әдістемелік кешендермен, оның ішінде электрондық нысанда қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

      2. Мектепалды даярлықтың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілері әлеуметтік мәртебесіне қарамастан "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен оқу жылына білім беру органдары болжайтын көлемде оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен, оның ішінде электрондық нысанда қамтамасыз етіледі.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) баспа – оқулық, ОӘК мен оқу құралдарын, оның ішінде электрондық нысанда дайындауды және басып шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беруге арналған оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі – ОӘК) – әдістемелік нұсқаулық, жазу дәптері, жұмыс дәптері, сөздік, әліппе серігі, хрестоматия, диктанттар жинағы, тапсырмалар мен жаттығулар жинағы, картографиялық атлас нысанында оқулықты сүйемелдейтін және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына (бұдан әрі – МЖМБС), үлгілік оқу бағдарламалары мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 132 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27415 болып тіркелген) Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарға (бұдан әрі – Талаптар) сәйкес оқу және әдістемелік басылымдар;

      3) білім беру ұйымдарының оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етілу мониторингі - Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің, оның ішінде электрондық нысандағы тiзбесiне (бұдан әрі – Тізбе) енген оқу басылымдарымен қамтамасыз ету (оқу әдебиеттерін мемлекеттік сатып алу қорытындылары, жеткізу жөніндегі шарт жасасуы, баспалардың жөнелтуі, тасымалдаушы ұйымдардың жеткізуі, баламалы оқулықтар арасынан мектептердің оқулықтар мен ОӘК-ді таңдау процесі, мектеп кітапханаларындағы кітап қорының жай-күйі туралы ақпаратты жинақтау, сақтау, өңдеу және тарату);

      4) мектепке дейінгі білім беруге арналған оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі – МБ ОӘК) – МЖМБС, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына, Талаптарға сәйкес келетін және ұйымдастырылған қызмет ескеріліп, құрамына жұмыс дәптері, демонстрациялық, үлестірме, аудио және бейне материалдар, хрестоматия, дидактикалық ойындар мен альбомдар кіретін оқу және әдістемелік басылымдар жиынтығы;

      5) оқулық – МЖМБС-на, үлгілік оқу жоспарына және үлгілік оқу бағдарламасына, Талаптарға сәйкес нақты оқу пәні бойынша білім мазмұнын ашатын қағаз оқу кітабы;

      6) электрондық оқулық (бұдан әрі – ЭО) – МЖМБС, білім берудің белгілі бір деңгейінің үлгілік оқу бағдарламасына және Талаптарға сәйкес әзірленген қағаз оқулықты алмастыратын және мультимедиалық, интерактивті контент пен функциялары бар, нақты оқу пәнінің мазмұнын жүйелі және дәйекті түрде баяндайтын ақпараттандыру объектісіндегі бағдарламалық өнім;

      7) электрондық оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі – ЭОӘК) – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, білім берудің белгілі бір деңгейінің үлгілік оқу бағдарламасына және Талаптарға сәйкес әзірленген МБ ОӘК және (немесе) ОӘК-ні алмастыратын және мультимедиалық, интерактивті контент пен функциялары бар, ұйымдастырылған қызмет пен оқу пәнінің мазмұнын жүйелі және дәйекті түрде баяндайтын ақпараттандыру объектісіндегі бағдарламалық өнім.

2-тарау. Білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен, оның ішінде электрондық нысанда қамтамасыз ету тәртібі

      4. Білім беру ұйымдарының кітапхана қорын Тізбеге енген оқулықтармен, ОӘК-мен, оның ішінде электрондық нысанда қамтамасыз ету бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлері үшін әрбір 5 (бес) жыл сайын және арнайы білім беру ұйымдары үшін әрбір 6 (алты) жыл сайын білім алушылар контингентіне сәйкес сатып алу және жыл сайын оқулықтармен және ОӘК-мен, оның ішінде электрондық нысанда қажетті санын қосымша сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

      5. Білім беру ұйымдары жыл сайын 31 мамырға дейін білім алушылар контингентіне оқулықтар мен ОӘК санының жеткіліктілігіне қарай кітап қорын түгендеуді жүргізеді және келесі оқу жылына арналған кітап қорынан білім алушыларға оқулықтар және ОӘК береді.

      6. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 30 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің болжамды санын контингентті есепке ала отырып айқындайды және оның негізінде келесі оқу жылына мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендерді, оқулықтарды, ОӘК-ді, оның ішінде электрондық нысанда сатып алуға, өтінімді қалыптастырады.

      7. Баспалар жыл сайын 30 қазаннан кешіктірмей мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендерді, оқулықтарды, ОӘК-ні, оның ішінде электрондық нысанда сатып алуға жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік өтінімін қалыптастыру үшін өз ұйымдарының сайттарында мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешеннің, оқулықтың, ОӘК-нің, оның ішінде электрондық нысанда алдын ала прайс-парағын орналастырады.

      8. "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 67) тармақшасына сәйкес Министрлік Тізбені жыл сайын 28 наурызға дейін бекітеді және оны білім беру ұйымдары мен баспалардың танысуы үшін Министрліктің сайтында орналастырады.

      9. Тізбе бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде баспалардың сайтында Тізбеге енгізілген мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешеннің, оқулықтың, ОӘК-нің, оның ішінде электрондық нысанда прайс-парағы орналастырылады.

      10. Білім беру ұйымдарының әдістемелік бірлестіктері немесе әдістемелік бірлестіктері жоқ білім беру ұйымдарының педагогтері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 9 желтоқсандағы № 491 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31060 болып тіркелген) Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау қағидаларына сәйкес алдағы оқу жылына оқулықтар мен ОӘК, оның ішінде электрондық нысанда таңдауды жүзеге асырады.

      11. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 10 мамырға дейін білім беру ұйымдарының өтінімдері негізінде мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар мен ОӘК-ні басып шығаруды жүзеге асыратын баспалармен осы Қағидалардың 19 және 20-тармақтарында көзделген шарттарды көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес шарттар жасайды.

      12. Жергілікті атқарушы органдар оқулықтар мен ОӘК-ді басып шығаратын баспалармен "Оқу басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-124 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25657 болып тіркелген) сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысы болған жағдайда ғана шарт жасасады.

      13. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 10 мамырға дейін мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар мен ОӘК-ні басып шығаруды жүзеге асыратын баспалардан білім беру ұйымдарына дейін мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар мен ОӘК-ні жеткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтердің әлеуетті жеткізушілерін анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізуді ұйымдастырады.

      14. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 1 тамызға дейін білім беру органдары алдағы оқу жылына болжайтын көлемде мектепалды даярлықтың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендерді, оқулықтарды, ОӘК-ді, оның ішінде электрондық нысанда сатып алуды және жеткізуді/жазылуды ұйымдастырады.

      15. ЭО мен ЭОӘК-ді бір кешен түрінде сатып алу электрондық оқу басылымына немесе электрондық платформаға 1 оқу жылына жазылу арқылы жүзеге асырылады.

      ЭО мен ЭОӘК-ді пайдалану онлайн режимінде немесе компьютерлік және мобильді құрылғыларда жұмыс істеуге арналған қосымшалар арқылы жүзеге асырылады.

      16. Жергілікті атқарушы органдар 10 тамызға дейін білім беру ұйымдарының өтініміне сәйкес мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар мен ОӘК-ні, оның ішінде электрондық нысанда бөлуді жүзеге асырады.

      17. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын Министрлікке білім беру ұйымдарының алдағы оқу жылына мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендермен, оқулықтармен, ОӘК-мен, оның ішінде электрондық нысанда қамтамасыз етілуі туралы қорытынды ақпаратты 10 тамызға дейін оқулықтардың, ОӘК-нің (болған жағдайда) қалған бөліктерімен қамтамасыз етілуі туралы ақпаратты 5 желтоқсанға дейін жібереді.

      18. Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы (бұдан әрі – РҒП БМСО), Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттерімен бірлесе отырып, 1 маусым және 10 қыркүйек аралығында он күн сайынғы мониторингті жүргізеді, оның барысында жергілікті атқарушы органдар жеткізу және электрондық платформаларға жазылу туралы, баспа - жөнелту туралы мәліметтерді ұсынып отырады.

      19. Баспа мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар сатып алған мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар мен ОӘК-ні келесі жағдайларда ауыстырады:

      1) полиграфиялық ақау анықталған жағдайда;

      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7876 болып тіркелген) Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі қағидаларымен қарастырылған пәндік сараптау комиссиясы бекіткен нұсқадан баспаның ауытқуы нәтижесінде жіберілген қате (қателер) және (немесе) басқа да кемшіліктер анықталғанда.

      20. Полиграфиялық ақау анықталған кезде баспа полиграфиялық ақауы бар мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар мен ОӘК-ні ауыстырады.

      Баспаның пәндік сараптау комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқуы нәтижесінде қателер анықталған жағдайда, баспа табылған қателерді жойғаннан кейін бүкіл тиражды ауыстырады.

      21. Баспаның пәндік сараптау комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқуы нәтижесінде ЭО мен ЭОӘК-де қателер анықталған жағдайда, баспа табылған қателерді жоюды жүзеге асырады.

      22. РҒП БМСО мектеп кітапханаларының жай-күйіне және олардың оқулықтармен, ОӘК-мен, оның ішінде электрондық оқулықтармен, көркем, ғылыми-танымал және ғылыми-әдістемелік әдебиеттермен толықтырылу процесіне, электрондық платформаларға жазылуына тұрақты түрде мониторингті жүзеге асырады және оның нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар жолдайды.

      23. Жергілікті атқарушы органдар қажеттілік туындаған жағдайда аудан, қала, облыс ішіндегі білім беру ұйымдарының арасында мектепалды даярлық үшін оқу-әдістемелік кешендер, оқулықтар мен ОӘК-ді қайта бөлуді жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады