БҰЙЫРАМЫН:
1. "Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 10 тамыздағы № ҚР ДСМ-78 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29092 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Объектілер үшін жер учаскесі құрғақ, желдетілетін етіп таңдалады. Учаске шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауды ұйымдастыру үшін қолайлы кірме жолдары мен жағдайлары бар атмосфералық ауаны ластау көздерінің жел жағында болады.
Балаларды сауықтыру объектілері (бұдан әрі – БСО) кәсіпорындардың, құрылыстардың және өзге де объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарынан, санитариялық ажыраулардан, гараждардан, автотұрақтардан, автомагистральдардан, теміржол көлігі объектілерінен, әуе көлігінің ұшу және қону маршруттарынан тыс орналастырылады.
БСО-ның аумағында және үй-жайларда олармен байланысы жоқ объектілерді функционалдық түрде орналастырмайды.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Жұмыс істеп тұрған объектілерді жобалау, реконструкциялау, қайта жабдықтау, қайта жоспарлау және кеңейту, объектілердің типіне, қуатына (сыйымдылығына), жұмыс режиміне, мамандануына, қызмет көрсетілетін халық контингенттерінің ерекшелігіне байланысты объектілерді қайта бейіндеу кезінде үй-жайлардың құрамы, жиыны, алаңы және олардың құрылысы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына, нормалау құжаттарының талаптарына, осы тараудың 7-13-тармақтарына және осы Санитариялық қағидалардың 3-тарауының талаптарына сәйкес айқындалады.
Ғимараттар мен құрылыстарды БСО-ға (жалға) уақытша пайдалану кезінде осы Санитариялық қағидалар мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің, нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес үй-жайлардың құрамы, жиынтығы, ауданы бойынша талаптары сақталады.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Объектілер учаскесіне кіру жолдары мен кіреберістер, шаруашылық құрылыстарға, қоқыс жинайтын алаңдарға жаяу жүргіншілер жолдары, тротуарлар мен пандустар қатты материалдардан жасалған, тегіс, сырғанауды болдырмайтын, тазалауға, жинауға қолжетімді және ыңғайлы жабынымен көзделеді.
Балаларды тәулік бойы сауықтыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы есепке алу мен есеп құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 20 тамыздағы № ҚР ДСМ-84 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24082 болып тіркелген) (бұдан әрі – ҚР ДСМ-84 бұйрығы) сәйкес нысан бойынша объектіні пайдалануға беру басталғанға дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны бір рет алады, балаларды маусымдық сауықтыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар жазғы сауықтыру маусымы басталғанға дейін жыл сайын санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алады.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Объектілерде "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31934 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 26 бұйрығымен бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес келетін орталықтандырылған шаруашылық-ауыз су, ыстық сумен жабдықтау, суды бұру, жылумен жабдықтау көзделеді.";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Объектілерде орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда су жылытқыштар орнатылады, ағынды ыстық сумен қамтылады.
Ыстық және салқын су барлық ванналарға, себезгілерге, кір жуатын орындарға, қолжуғыштарға, оның ішінде санитариялық тораптарда, түстену залдарында, тұратын орындарда, медициналық және сауықтыру қызметтерін көрсетуге арналған үй-жайларда, сондай-ақ араластырғыштарды орната отырып, ас блогындағы технологиялық жабдыққа жеткізіледі.
Жылыту жүйесіндегі ыстық суды технологиялық және тұрмыстық мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.";
30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"30. Объектінің аумағында сыртқы жасанды жарықтандыру, оның ішінде САҚ-та көзделеді.
БСО-ның негізгі үй-жайларында табиғи жарық болады.
Қойманы, тұрмыстық бөлмені, мүкәммал бөлмесін, қол жуу бөлмесін, себезгіні, санитариялық тораптарды, дезинфекциялау құралдарын дайындауға арналған үй-жайларды табиғи жарықсыз пайдалануға жол беріледі.";
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"34. БСО-да жазғы сауықтыру маусымының ашылуының алдында жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады және жүргізіледі:
1) жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шараларын қамтитын үйлерді жөндеу жұмыстары;
2) инженерлік желілердің, желдету және ауа баптау жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру, желдеткіш жүйелерін тексеру актілерінің болуы;
3) ауызсуды зерттей отырып, сумен жабдықтау құрылыстары мен желілерін профилактикалық жуу және дезинфекциялау, мамандандырылған ұйымдармен сумен жабдықтау жүйелерін жуу жөніндегі актінің болуы. Сумен жабдықтау жүйелерін тазарту, жуу және дезинфекциялау актісі № 26 Санитариялық қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді;
4) аумақты қоқыстан тазарту және абаттандыру;
5) қолдануға рұқсат етілген және Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеуіне енгізілген дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық құралдарды (бұдан әрі – құралдар) қолдана отырып, профилактикалық дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шараларды жүргізу. Құралдар таңбалау, олардың қадағалануын қамтамасыз ететін тауарға ілеспе құжаттама, қауіпсіздікті растайтын сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттар (мемлекеттік тіркеу туралы куәлік), дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар бойынша орындалған жұмыстар туралы актілер болған кезде қолдану жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес пайдаланылады.";
37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"37. БСО мен санаторий объектілері авариялық ғимараттар мен үй-жайларда орналастырылмайды.";
76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"76. Алмалы-салмалы және адам организмімен жанасатын құрылғыларды (оның ішінде резеңке түтіктерді, ұштықтарды, үштіктер) дезинфекциялау қоса беріліп отырған пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес жүзеге асырылады.
Жуу және стерилдеу "Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шілдедегі № ҚР ДСМ-68 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28977 болып тіркелген) талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.";
79-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"79. БСО-дағы ұлдар мен қыздарға арналған бөлек жатын бөлмелер қоршалған қатты төсеніші бар бір немесе екі қабатты кереуеттермен, кереует жанындағы тумбалармен, киімге арналған шкафтармен жабдықталады.
Санаторийлердің жатын бөлмелері мен тұрғын бөлмелері кереуеттермен, тумбалармен, киімге арналған шкафтармен жабдықталады.
Сауықтыру ұйымдарындағы жатын, мәдени-көпшілік мақсаттағы және әкімшілік үй-жайлар тек жерүсті қабаттарында ғана орналастырылады.".
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Альназарова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министірлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министірлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі