ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз
"Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2024 жылғы 12 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Сапаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау
Министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі 2024 жылғы 26 қарашадағы № 385 бұйрығымен бекітілген |
Органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабы 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және органикалық өнім өндірісі және айналымының тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) сәйкестік сертификаты – техникалық реттеу объектілерінің техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін куәландыратын құжат;
2) сәйкестiктi растау жөнiндегi орган – сәйкестiктi растау жөнiндегi қызметті жүзеге асыру үшiн белгiленген тәртіппен аккредиттелген заңды тұлға;
3) транзакция сертификаты – сәйкестікті растау жөніндегі орган берген (экспорт-импорт жағдайында), өнімнің белгілі бір сериясы немесе партиясының органикалық өнім өндірісінің жағдайында өндірілгенін растайтын құжат.
Осы Қағидаларда Заңға және ҚР СТ 3455 "Органикалық өнім өндірісі. Терминдер мен анықтамалар" Қазақстан Республикасының ұлттық стандартына сәйкес өзге де ұғымдар пайдаланылады.
3. Осы Қағидалар органикалық өнім ретінде өндірілетін және (немесе) өткізілетін мынадай санаттарға қолданылады:
1) тұқымдарды қоса алғанда, өңделмеген өсімдіктер және өсімдік өнімдері;
2) ауыл шаруашылығы жануарлары және өңделмеген мал шаруашылығы өнімдері;
3) балдырлар және өнделмеген акваөсіру өнімдері;
4) тамақ өнімдері ретінде пайдалануға арналған акваөсіру өнімдерін қоса алғанда, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері;
5) азықтар;
6) шарап;
7) өндірісі мен айналымына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы ұлттық стандарттарында айқындалатын, осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларына енгізілмеген өзге де өнім.
4. Жабайы жануарлардан алынған өнімдер органикалық болып табылмайды.
2-тарау. Органикалық өнім өндірісіне өту процесі
5. Органикалық өнім өндірісіне өту кезінде Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес мынадай шарттар сақталуға тиіс:
1) сәйкестікті растау жөніндегі органмен органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау рәсімін жүргізуге арналған шартты жасасу;
2) бүкіл өтпелі кезең ішінде Заңның 11-бабында көзделген талаптарды сақтау;
3) "Органикалық өнім. Өндіру, қайта өңдеу, таңбалау және өткізу процесіне қойылатын талаптар" ҚР СТ 3111 ұлттық стандартына (бұдан әрі – ҚР СТ 3111 ұлттық стандарт) сай келетін өзге де шарттар.
Органикалық өнім өндіруге өтпелі кезеңнің ұзақтығы ҚР СТ 3111 ұлттық стандартта белгіленеді.
3-тарау. Органикалық өнім өндіру тәртібі
1-параграф. Органикалық өнім өндірісі
6. Органикалық өнім өндіру Заңның 11-бабының шарттары және Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы ұлттық стандарттарының талаптары сақталған кезде жүзеге асырылады.
7. Органикалық өнімді өндіруге көшуге қойылатын қосымша талаптар, жабайы өсетін өсімдік шикізаттарынан алынған органикалық өнімді жинауға, дайындауға және оның айналымына қойылатын талаптар, қазақ ұлттық органикалық өнімін өндіруге және оның айналымына қойылатын арнайы талаптар, жануарларды күтіп-бағуға арналған алаңның нормалары, жануарларға арналған ғимараттар мен ашық алаңдардың техникалық талаптары мен сипаттамалары, органикалық өнім өндіретін операторлар үшін есепке алуды жүргізуге қойылатын талаптар "Стандарттау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 7) тармақшасына сәйкес стандарттау саласындағы уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарында белгіленеді.
8. Органикалық өнім өндіру кезеңінде таңбалау, өлшеп орау, буып-түю тасымалдау және сақтау осы Қағидалардың 5, 6 және 7-тарауларына сәйкес жүзеге асырылады.
2-параграф. Органикалық өнім өндіруде қолданылатын рұқсат етiлген құралдар тізімі
9. Органикалық өнім өндірісі кезінде қолданылатын рұқсат етiлген құралдар тізімін (бұдан әрі – рұқсат етiлген құралдар тізімі) Заңның 6-бабының 4) тармақшасына сәйкес органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
10. Рұқсат етілген құралдар тізімі мынадай санаттар бойынша жіктеледі:
органикалық өндірісте рұқсат етілген тынайтқыштар мен топырақты жақсартатын заттар;
органикалық өндірісте рұқсат етілген өсімдіктерді қорғау құралдары;
органикалық мал шаруашылығында пайдалануға рұқсат етілген азықтық шикізат;
жануарларды азықтандыруда қолданылатын азықтық қоспалар және заттар;
органикалық өндірісте рұқсат етілген тазартуға және зарарсыздандыруға арналған заттар;
органикалық өнімін өндірісінде пайдалануға арналған тағамдық қоспалар және технологиялық қосалқы құралдар.
4-тарау. Органикалық өнім айналымы
11. Органикалық өнім айналымы кезеңінде таңбалау, өлшеп орау, буып-түю тасымалдау және сақтау осы Қағидалардың 5, 6 және 7-тарауларына сәйкес жүзеге асырылады.
1-параграф. Органикалық өнімнің импорты және оны Қазақстан Республикасында өткізу
12. Импортталатын өнім мыналармен сүйемелденуі тиіс:
1) экспорттаушы елдің құзыретті органы немесе сәйкестікті бағалау жөніндегі орган берген сәйкестік сертификаты;
2) Қазақстан Республикасының аккредиттеу жүйесінде аккредиттелген органикалық өнім өндірісі сәйкестігін растау жөніндегі орган ҚР СТ 3110 "Сәйкестікті бағалау. Органикалық өнім өндірісіне сәйкестікті растау жөніндегі органдарға қойылатын талаптар" ұлттық стандартының талаптарына сәйкестігіне берген транзакциялық сертификат.
13. Осы Қағидалардың 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген сертификат бірінші жүк алушының қоймасына дейін өніммен бірге жүруге және импорттаушы кемінде екі жыл сақтауға тиіс.
14. Импорттық органикалық өнімді осы өнімге арналған сәйкестік сертификатынсыз, сондай-ақ транзакциялық сертификатсыз өткізуге жол берілмейді.
2-параграф. Органикалық өнімді экспорттау
15. Органикалық өнімнің экспорты импорттаушы елдің заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
5- тарау. Органикалық өнімді таңбалау
16. Органикалық өнімді таңбалауға қойылатын талаптар Заңның 18-бабына және ҚР СТ 3111 ұлттық стандартына сәйкес белгіленеді.
17. Заңның 10-бабының 4-тармағына сәйкес бір ғана құрамдас ингридиенті бар ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын, азық-түлік өнімдерін және өсімдік тектес азықтарды қоспағанда, өтпелі кезең өнімін "өтпелі органикалық өнім" ретінде өткізуге және таңбалауға тыйым салынады.
18. Органикалық өнім өндірісінің сәйкестігін растау рәсімінен өткеннен кейін өндіруші ҚР СТ 3111 ұлттық стандартында белгіленген органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісін салады.
19. Органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісін органикалық өнімді жарнамалауда пайдалануға жол беріледі.
20. Органикалық өнімді таңбалау және оны жарнамалау кезінде жеке немесе өнімнің атауымен үйлесімде "органикалық" деген сөзді, одан туындаған немесе одан қысқартылған сөзді пайдалануға жол беріледі.
21. Сауда маркалары пайдаланатын белгілерді, "экологиялық", "биологиялық", "биодинамикалық" сияқты белгілерді және "эко", "био", "eco", "bio" сияқты туынды сөздерді, сондай-ақ осы өнімді немесе оны өндіру кезінде қолданылатын ингредиенттердің Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасына сәйкес келуі жөнінде тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкін таңбалау және жарнамалау тәсілдерін пайдалануға тыйым салынады.
22. Егер жекелеген түрлердің атауларын қалыптастыру кезінде оны өндіру тәсіліне қарамастан, техникалық регламенттерде "био" және "биологиялық" белгісін пайдалануға рұқсат етілсе, онда өнімнің жекелеген түрлерін таңбалауда осы Қағидалардың 21-тармағының талаптары қолданылмайды.
23. Органикалық өнімді таңбалау Қазақстан Республикасының Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 881 шешімімен бекітілген "Тамақ өнімі оны таңбалау бөлігінде" Кеден одағының техникалық регламентінің (КО ТР 022/2011) және Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 21 мамырдағы № 348-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тілізімінде № 22836 болып тіркелген) бекітілген "Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламентінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. Органикалық өнімді өлшеп орау, буып-түю және тасымалдау
24. Органикалық өнім Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 16 тамыздағы № 769 шешімімен бекітілген "Ораманың қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 005/2011) Кеден одағының техникалық регламентінің (бұдан әрі – КО ТР 005/2011) қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін тамақ өнімдерімен жанасуға арналған қаптаманы пайдалана отырып, оның қадағалануын қамтамасыз ететін тауарға ілеспе құжаттар оның қауіпсіздігін растайтын сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттар болған кезде өлшеп оралады.
25. Органикалық өнімдерді буып-түю КО ТР 005/2011 талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Органикалық өнімді тасымалдау "Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының, КО ТР 05/2011 және ҚР СТ 3111 ұлттық стандарт талаптарына, сондай-ақ тиісті өнімге арналған басқа да техникалық регламенттерге сәйкес жүзеге асырылады.
26. Жануарлар мен өсімдіктерден алынатын органикалық өнімдер тасымалдау кезінде "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11898 болып тіркелген) және/немесе "Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден қорғау жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 15-08/590 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12032 болып тіркелген) сәйкес рұқсат беру құжаттарымен сүйемелденеді.
27. Органикалық өнімді тасымалдауға арналған барлық көлік құралдарын пайдалануға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-5 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22066 болып тіркелген) бекітілген "Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес жол беріледі.
7-тарау. Органикалық өнімді сақтау
28. Органикалық өнімді сақтау алдында үй-жайларды рұқсат етілген құралдар тізіміне сәйкес заттармен тазарту бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Өндірушілер мұндай операциялардың есебін жүргізеді.
29. Органикалық өнім өзге ауыл шаруашылығы өнімдерінен және (немесе) тамақ өнімдерінен бөлек сақталады.
30. Партиялардың сәйкестендірілуін қамтамасыз ету және дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен араласуын болдырмау үшін шаралар қабылданады.
31. Органикалық өнімді сақтау техникалық регламенттерде және өнімнің тиісті түрлеріне арналған стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.