"Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 21 мамырдағы № 348-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 мамырда № 22836 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламенті бекітілсін.

      2. "Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 15 қазандағы № 724 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14471 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция
министрінің
2021 жылғы 21 мамырдағы
№ 348-НҚ бұйрығымен
бекітілген

"Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламенті

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламенті (бұдан әрі – Техникалық регламент) "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді және өнімді таңбалауға қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.

      2. Техникалық регламент отандық, импорттық өндіріс өніміне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында өндірілген, ол үшін таңбалауға қойылатын талаптар Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарда және актілерде белгіленбеген өнімге қолданылады, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттерінің техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімге қолданылмайды.

      3. Техникалық регламенттің ережелері өнімді жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату, техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде, сондай-ақ сәйкестікті растау кезінде қолданылуы тиіс.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген өнімнің жекелеген түрлерін таңбалауға қойылатын талаптар Техникалық регламенттің талаптарына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

      5. Техникалық регламентте мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) буып-түйілген күні (өлшеніп салынған, сұйық өнімдер құйылған) –өнімнің қаптамаға (ыдысқа) салынған күні;

      2) дайындалған (өндірілген) күні – өнімді дайындаудың (өндірудің) технологиялық процесінің аяқталған туралы ақпарат беретін, дайындаушы қоятын күн;

      3) дайындаушы – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, дара кәсіпкер ретінде тіркелген, өз атынан өнімді өндіруді немесе өндіруді және өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе жеке тұлға;

      4) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, дайындаушымен, оның ішінде шетелдік дайындаушымен шарт негізінде Қазақстан Республикасының аумағында өнімнің сәйкестігін бағалау және оны айналысқа шығару кезінде осы дайындаушының атынан әрекеттерді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;

      5) жарамдылық мерзімі – мерзімі өткеннен кейін өнім мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болып саналатын уақыт кезеңі;

      6) импорттаушы – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, шетелдік дайындаушымен (сатушымен) партиямен шығарылатын өнімді беруге сыртқы сауда шартын (келісімшартын) жасасқан және осы өнімді Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа шығаруды және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;

      7) қаптама (ыдыс) – шикізатты және дайын өнімді орналастыру, қорғау, тасымалдау, тиеу және жөнелту үшін пайдаланылатын бұйым;

      8) өнім шығарылатын жердің атауы – ерекше қасиеттері тек қана немесе негізінен осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен немесе өзге де факторлармен не табиғи жағдайлар мен осы факторлардың үйлесімімен айқындалатын тауарды белгілеу үшін пайдаланылатын елдің, елді мекеннің, жердің немесе басқа да географиялық объектінің атауы;

      9) өнімді айналысқа шығару – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында тарату мақсатында өнімді беру (өткізу) немесе әкелу (оның ішінде дайындаушының қоймасынан жөнелту немесе жинап қоймай тиеп жөнелту);

      10) таңбалау – тұтынушыға арналған ақпаратты жеткізетін және өнімге, құжаттарға, жаднамаларға (қосымша парақтарға), затбелгілерге, заттаңбаларға, қаптамаға (ыдысқа) түсірілген мәтін, тауарлық белгілер, шарттық белгі және суреттер;

      11) тауарлық белгі – заңнамаға сәйкес тіркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттардың күшімен тіркеусіз қорғалатын, бірыңғай заңды немесе жеке тұлғалардың өнімін басқа заңды немесе жеке тұлғалардың бір текті өнімінен ажырату үшін қызмет атқаратын белгі;

      12) ұжымдық тауарлық белгі – бұл қауымдастықтың (одақтың) немесе заңды тұлғалардың және (немесе) жеке кәсіпкерлердің өзге де бірлестіктерінің өздері шығарған немесе өткізетін өнімдерді белгілеу үшін қызмет ететін, бірыңғай сапалық немесе өзге де сипаттамаларға ие тауарлық белгісі.

2-тарау. Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар

      6. Дайындаушы және (немесе) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) импорттаушы өнімді айналымға шығару кезінде құрамы, қасиеті, мақсаты, дайындаушы және (немесе) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) импорттаушы, сақтау шарттары, тасымалдау, пайдалану, кәдеге жарату, дайындау (өндіру) және тұтыну (қолдану) тәсілдері, дайындау (өндіру) күні, энергия тұтынуына (энергия тұтынатын жабдықтар үшін), шығу тегі, жарамдылық мерзімі, салмағы, көлемі, санына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруды болдырмайтын, ол туралы толық, қажетті, сөзсіз түсінікті және нақты ақпаратпен, сондай-ақ өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін тікелей немесе жанама сипаттайтын және оларды дұрыс таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін басқа да мәліметтермен қамтамасыз етеді.

      7. Өнімді өткізу кезінде тұтынушыға арналған ақпарат өніммен бірге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өнімнің жекелеген түрлерін таңбалауға қойылатын талаптарды ескере отырып, мәтін, орамадағы (ыдыстағы) және (немесе) заттаңбадағы, құжаттардағы, жаднамалардағы (қосымша парақтардағы, ақпараттық парақтардағы) шартты белгілер және (немесе) суреттер нысанында ұсынылады.

      Өнімді өткізу кезінде тұтынушыға арналған ақпаратты дайындаушы және (немесе) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) импорттаушы ұсынады.

      8. Тұтынушыға арналған ақпарат және таңбалау мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде, мемлекеттік және орыс тілінің нормалары ескеріле отырып жазылады.

      9. Тұтынушыға арналған ақпарат өнімнің әрбір бірлігінің қаптамасында (ыдыста), заттаңбасында, затбелгісінде, құжаттарда, жаднамаларда (қосымша парақтарда, ақпараттық парақтарда) оқуға (танысуға) ыңғайлы жерде орналастырылады.

      10. Тұтынушыға арналған ақпарат стандарттау жөніндегі құжатта көзделген тәсілмен беріледі және айқын әрі оңай оқылуы тиіс.

      11. Тұтынушыға арналған ақпаратта оған сәйкес өнім дайындалған (өндірілген) стандарттау жөніндегі құжаттың атауы (белгісі) қосымша көрсетілуі мүмкін.

      12. Өнімнің сәйкестігін растау туралы тұтынушыға арналған ақпаратты дайындаушы және (немесе) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) импорттаушы:

      қолданыстағы стандарттау жөніндегі құжаттарға сәйкес басылған сәйкестік белгісі (бар болса);

      Заңнамаға сәйкес өніммен қоса жүретін сәйкестік сертификаты (сәйкестік сертификатының көшірмесі) немесе сәйкестік декларациясы (сәйкестік декларациясының көшірмесі) түрінде беруге тиіс.

      Буып-түйілмеген немесе өлшеп-түйілмеген өнімнің сәйкестігін растау туралы ақпаратты тұтынушыға дайындаушы және (немесе) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) импорттаушы жеткізеді.

      13. Өнім туралы тұтынушыға арналған ақпаратта өнімнің атауы көрсетіледі.

      14. Өнім атауы латын алфавитінің әріптерімен жазылуы мүмкін.

      15. Өнімнің атауына мынадай шарттар сақталған кезде оның шығарылған жерінің атауын енгізуге жол беріледі:

      өнімнің шығарылған орнының атауы географиялық объектінің тарихи атауы болса;

      тұтынушыға арналған ақпаратта дайындаушы орналасқан елдерде белгіленген тәртіппен тіркеусіз дайындаушы - осы тауарлық белгінің иесі тіркеген немесе қабылдаған (ұжымдық) тауарлық белгі көрсетілсе.

      16. Өнімнің атауында:

      басқа ұқсас өнімнің атауын көрсетуге;

      өнімге өнімнің шығу тегіне (табиғатына) қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын атау беруге жол берілмейді.

      17. Өнім туралы тұтынушыға арналған ақпарат өнімнің жеке түріне арналған қолданыстағы стандарттау жөніндегі құжаттарға сәйкес өнімнің ерекше қасиеттері, жайы-күйі және арнайы өңделуі (болған жағдайда) туралы ақпаратты қамтиды.

      18. Өнімді дайындау (өндіру) кезінде өңделген негізгі ингредиент пайдаланылған жағдайда, тиісті ақпарат өнімнің атауына енгізіледі немесе оның атауына тікелей жақын орналастырылады.

      19. Өнімде құрамдас құрауыш (екі және одан көп құрауыштардан тұратын) болған кезде өнім құрамы үлесінің кему/азаю тәртібімен көрсетіледі. Егер өнім екі негізгі құрауыштан дайындалған (өндірілген) болса, оларды өнім атауында, бұл ретте, оларды өнімнің құрамы (жиынтығы) ретінде жеке бөлмей көрсетуге жол беріледі.

      20. Дайындаушының және өнімнің сапасы жөніндегі шағымдарды қабылдайтын ұйымның (дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) импорттаушы) және лицензиардың (егер өнім лицензия бойынша дайындалса (өндірілсе) атауы ол орналасқан елде белгіленген тәртіппен тіркелген атауға сәйкес келуге тиіс.

      21. Тұтынушыға арналған ақпаратта дайындаушының және өнімнің сапасы бойынша шағымдарды қабылдайтын ұйымның (дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) импорттаушы), лицензиардың (егер өнім лицензия бойынша дайындалса (өндірілсе) атауы мен орналасқан жері (заңды мекенжайы), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын өнім үшін тіркеу нөмірі мен тіркелген күні көрсетіледі.

      22. Егер бір елде дайындалған (өндірілген) өнім оның қасиеттерін өзгертетін және (немесе) түпкі дайын өнімге айналдыратын басқа елде кейіннен технологиялық өңдеуден немесе құрастырудан өтсе, онда тұтынушыға арналған ақпаратты түсіру кезінде кейіннен технологиялық өңдеуді немесе құрастыруды жүргізген ел осы өнімді дайындаушы ел ретінде қарастырылады.

      23. Дайындаушының және өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның (дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) импорттаушы) және лицензиардың (егер өнім лицензия бойынша дайындалса (өндірілсе) заңды мекенжайы елдің, қаланың (облыстың және елді мекеннің), көшенің атауын, үйдің және кеңсенің нөмірін қамтиды. Аталған тұлғалардың байланыс құралдары: телефоны, факсы, электрондық мекенжайы, интернет-ресурсы қосымша көрсетілуі мүмкін.

      Шетелдік дайындаушының және дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның және (немесе) импорттаушының заңды мекенжайы латын әліпбиін пайдалана отырып, халықаралық форматта көрсетілуі мүмкін.

      24. Белгіленген тәртіппен өнімді дайындауға (өндіруге) және өткізуге құқық (лицензия) алған ұйымдар осы құқықты (лицензияны) берген ұйымдардың, компаниялар мен фирмалардың тауар белгілерін орамаға (ыдысқа) орналастырады.

      25. Тұтынушыға арналған ақпаратта өнімнің таза салмағы, жалпы салмағы, негізгі өлшемдері мен көлемі қаптамада (ыдыста) шамалардың метрикалық жүйесімен (Халықаралық бірліктер жүйесімен) көрсетіледі.

      26. Егер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше белгіленбесе, буып-түйілген өнімнің санын көрсету үшін шаманы таңдау мынадай қағидаларды ескере отырып жүзеге асырылады:

      1) егер өнім сұйық болса, онда оның көлемі көрсетіледі;

      2) егер өнім паста тәрізді, тұтқыр немесе тұтқыр пластикалық консистенциялы болса, онда оның көлемі немесе массасы көрсетіледі;

      3) егер өнім қатты, борпылдақ болса, қатты және сұйық заттың қоспасы болса, онда оның массасы көрсетіледі.

      Өнімнің мөлшерін, мысалы, масса мен дана санын, масса мен көлемді көрсету үшін екі шаманы бір уақытта пайдалануға рұқсат етіледі.

      27. Сақтау шарттары арнайы сақтау шарттарын (төмен температураны, жарық режимін және басқаларды) талап ететін өнім үшін көрсетілуі тиіс.

      28. Егер өнімнің біткеннен кейін пайдалану үшін қауіпті болып саналатын уақыт мерзімі бар болса, өнімнің жарамдылық мерзімі белгіленеді.

      Жарамдылық мерзімін өнімді дайындаушы сақтау шарттарын міндетті көрсетіп және стандарттау жөніндегі құжаттарда (болған кезде) көзделген талаптарды ескере отырып белгілейді.

      Дайындаушы белгілеген жарамдылық мерзімі, белгіленген сақтау шарттары сақталған жағдайда, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына өнімнің сәйкестігіне кепілдік береді.

      Жарамдылық мерзімі өнімнің дайындалған (өндірілген) күнінен бастап есептеледі.

      Жарамдылық мерзімінің ұзақтығына байланысты мынадай үлгіде көрсетіледі: "...(сағат, күн, ай немесе жылға дейін) жарамды", "...(күніне дейін) жарамды", "... (күніне) дейін пайдаланылсын", "...(сағат, күн, ай немесе жыл) бойына жарамды", "…(сағат, күн, ай немесе жыл) ішінде жарамды", "Жарамдылық мерзімі ... (сағат, күн, ай немесе жыл)" "Қызмет ету мерзімі...(жыл-сағат-цикл)".

      29. Егер жарамдылық мерзімі "...(сағат, күн, ай немесе жыл) бойына жарамды", "Жарамдылық мерзімі ...(сағат, күн, ай немесе жыл)" деген сөздермен көрсетілсе, онда затбелгіге немесе қаптамаға (ыдысқа) өнімнің дайындалған (өндірілген) күні міндетті түрде жазылады.

      Дайындалған (өндірілген), буып-түйілген, жарамдылық мерзімінің аяқталған күйін затбелгілердің жиектеріне сандарға қарсы кертпеш (белгі) түсіру немесе күнге сәйкес келетін сандарды өшіру жолымен көрсетуге рұқсат етіледі.

      30. Түссіз қаптамаға (ыдысқа) құйылатын мөлдір түссіз сұйық өнім түрлерін буып-түю күні қаптаманың (ыдыстың) кері жағынан көрінетін заттаңбаның кері жағына жазылуы мүмкін.

      31. Өнім өнімді сипаттайтын кез келген өзге ақпаратпен, оның ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмейтін жарнамалық ақпаратпен қоса жіберіле алады.

      32. Егер өлшемдері шағын (бір жағының ауданы 10 см2-ден аспайды) қаптамада (ыдысқа) өнім туралы тұтынушыға арналған ақпараттың қажетті мәтінін толық түсіру мүмкін болмаса, онда ақпаратты топтық қаптамаға (ыдыстың) немесе жеке немесе топтық қаптаманың (ыдыстың) әрбір бірлігіне қоса берілетін қосымша параққа орналастыруға рұқсат етіледі. Сонымен бірге, өнім жинақтап сатылатын топтық қаптаманың (ыдыстың) әрбір бірлігі тұтынушыға арналған ақпаратпен қоса жіберіледі.

      Тұтынушыларға өнімді алдын ала өлшеп салынбаған түрінде өткізу кезінде, өнім сауда үй-жайларында (сатылатын орындарда), оның ішінде сатып алушының көзінше өлшеп салынған жағдайда, олар туралы ақпаратты қаптаманың (ыдыстың) әрбір бірлігіне қоса берілетін қосымша параққа, өнімнен тікелей жақын жердегі баға көрсеткішке немесе ақпараттық параққа орналастыруға рұқсат етіледі.

      Өткізу орындарындағы өнімде буып-түйілген немесе өлшеп салынған ұқсас өнім үшін қарастырылған ақпарат болуы тиіс. Тұтынушыларға арналған ақпарат затбелгілерге жазылады.

      Тұтынушыға арналған ақпаратты оқу үшін қолайлы бір немесе бірнеше орынға орналастыруға рұқсат етіледі.

      33. Өнімді сақтау, тасымалдау, пайдалану, кәдеге жарату (қайта өңдеу), жою кезінде қауіпсіздік талаптары болған кезде тұтынушы үшін қалған ақпараттан басқа қаріппен, түспен немесе өзге де тәсілдермен айрықшаланады.

      Егер өнім салынған қаптама (ыдыс) қосымша қаптамамен қапталса, онда не ішкі қаптаманың затбелгісі сыртқы қаптама арқылы жеңіл оқылуға, не сыртқы қаптамаға ұқсас затбелгі болуы тиіс.

      34. Өніммен байланысқа түсетін, тұтынушыларға арналған ақпаратты түсіру құралдары өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына әсер етпеуі тиіс, өнімді сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде таңбалау тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.

      35. Қоршаған ортаның белсенді әсер ету жағдайларында немесе арнайы жағдайларда (жоғары немесе төмен температура, агрессивті орта және басқалар) қолданылатын өнім туралы тұтынушыға арналған ақпараттың сақталуы оның сақталуына кепілдік беретін кез келген тәсілмен қамтамасыз етіледі.

      36. Тұтынушыға ақпарат берудің, оның ішінде таңбалаудың мөлшері мен нысаны қаптаманың (ыдыстың) мөлшері мен нысанына сәйкес айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады