"Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1288 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің м.а. 2024 жылғы 19 желтоқсандағы № 417 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 20 желтоқсанда № 35494 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1288 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14095 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды қолдану қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрі – тасымалдаушы) – жеңіл автокөлік құралдарын қоспағанда, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде автокөлік құралдарын иеленетін, жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      2) ақпаратты көшіру – электрондық (цифрлық) тахографтың жадындағы немесе жүргізушінің карточкасындағы ақпараттың бәрін немесе бөлігін тасымалдаушының бағдарламалық-техникалық құралдарына көшіру;

      3) апта – сағат 00.00-ден бастап уақыт кезеңі дүйсенбіде сағат 24.00-ге дейін жексенбіде;

      4) апталық демалыс кезеңі – жүргізуші өз уақытын еркін өткізе алатын және қалыпты апталық демалыс кезеңін және қысқартылған апталық демалыс кезеңін қамтитын апталық кезең:

      қалыпты апталық демалыс кезеңі – кем дегенде 45 сағатқа созылатын кез-келген демалыс кезеңі;

      қысқартылған апталық демалыс кезеңі – ұзақтығы 45 сағаттан аспайтын кез келген демалыс кезеңі, ол КҚЕК 8 (6)-бабында баяндалған ережелерді сақтаған жағдайда кем дегенде қатарынан 24 сағатқа дейін қысқартылуы мүмкін;

      5) бақылау карточкасы – электрондық (цифрлық) тахографпен жабдықталған көлік құралдарын басқаратын жүргізушінің қозғалыс жылдамдығы режимдерін, еңбек және тынығу режимдерін бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, бақылау органдары туралы ақпараты бар карточка;

      6) басқа жұмыс – көлік немесе одан тыс сектордағы сол немесе басқа жұмыс берушіге жұмысты қоса алғанда, көлік құралын басқарудан басқа кез келген еңбек қызметі. Бұл термин күту уақытын және басқару үшін қолданылмайтын және жылжымалы көлік құралында, паромда немесе поезда өткізілген уақытты қамтымайды;

      7) басқарудың апталық ұзақтығы – бір апта ішінде жалпы жиынтық басқару ұзақтығы;

      8) басқару кезеңі – жүргізуші демалу немесе үзіліс кезеңінен кейін көлік құралын басқара бастаған сәттен бастап келесі демалыс немесе үзіліс кезеңінің басына дейінгі басқарудың жалпы ұзақтығы. Басқару кезеңі үздіксіз немесе бөлек кезеңдерге бөлінуі мүмкін;

      9) басқарудың күнделікті ұзақтығы – бір күнделікті демалыс кезеңінің аяқталуы мен келесі күнделікті демалыс кезеңінің басталуы немесе күнделікті демалыс кезеңі мен апта сайынғы демалыс кезеңі арасындағы басқарудың жалпы ұзақтығы;

      10) басқару ұзақтығы – КҚЕК айқындалған шарттарға сәйкес, басқару үшін пайдаланылатын, автоматты түрде немесе жартылай автоматты түрде немесе қолмен тіркелген уақыт;

      11) бірнеше адамнан тұратын экипаж – көлік құралында демалудың жүйелі күнделікті кез келген екі кезеңі арасындағы немесе күнделікті демалыс кезеңі және демалудың апта сайынғы кезеңі арасындағы оны басқару үшін кем дегенде екі жүргізуші болатын жағдай;

      12) демалыс – жүргізуші өз уақытын еркін пайдалана алатын кез келген үздіксіз кезең;

      13) диаграммалық дискі – механикалық тахографқа енгізілетін және тіркелуге жататын ақпаратты үздіксіз жазу мен сақтауға арналған дискі;

      14) доңғалақтар шиналарының тиімді шеңбері – автокөлік құралының бірнеше жетекші доңғалақтарының, сынақтардың қалыпты жағдайы кезіндегі бір толық айналымда өткен қашықтықтарының орташа мәні;

      15) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау –тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды, троллейбустарды пайдалана отырып, алдын ала келісілген жол жүру маршруттары, бастапқы және соңғы пункттері, жолаушылар отырғызу және түсіру пункттері белгіленген қозғалыс кестелері бойынша жүзеге асыратын тасымалдар;

      16) жүргізуші – көлік құралын басқаратын адам, жол бойымен малды, табынды, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушы. Білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері жүргізушіге теңестіріледі;

      17) жүргізуші карточкасы – жүргізушінің жеке тұлғасын сәйкестендіру және көлік құралдарын жүргізу кезінде жүргізушінің еңбек және демалыс кезеңдері туралы деректерді сақтау үшін қолданылатын карточка;

      18) карточканы ұстаушы – осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен берілген карточкасы бар жеке немесе заңды тұлға;

      19) кезеңдік тексеру – тахогрфтың дұрыс қызмет етуін және тахографта үлгісінің ресми бекітілу белгісінің бар болуын, деректері бар тақтайшаның бар болуын, пломбалардың бүтіндігін тексеру;

      20) көлік құралдары жүргізушілерінің еңбек және тынығу режимі туралы ақпарат – карточка ұстаушы жүргізуші, жүргізуші карточкасының нөмірі, жүргізушінің жұмыс және демалыс кезеңдері, жүрген жолы, жылдамдығы және оның еңбек және демалыс режимі туралы қуат күштеріне тәуелсіз электрондық (цифрлық) тахографта немесе жүргізушінің карточкасында сақталатын және тіркелетін ақпарат;

      21) көлік құралдарының параметрлерін белгілеу – көлік құралдарының параметрлерін жаңарту немесе бекіту рәсімдері. Көлік құралдарының параметрлеріне: көлік құралының коэффициенті (w), тахографтың тұрақтылығы (к), доңғалақтар шиналарының тиімді шеңбері (l), шиналар өлшемі, жылдамдықты шектеу (егер ол көлік құралына орнатылған болса) туралы ақпарат, дүниежүзілік үйлестірілген уақыт, одометр көрсеткіші, көлік құралының тіркеу белгісі кіреді;

      22) күнделікті демалыс кезеңі – жүргізуші өз уақытын еркін иелене алатын және қалыпты күнделікті демалыс кезеңін және қысқартылған күнделікті демалыс кезеңін қамтитын күнделікті кезең:

      қалыпты күнделікті демалыс кезеңі – кем дегенде 11 сағатқа созылатын кез-келген демалыс кезеңі. Балама ретінде, бұл қалыпты күнделікті демалыс кезеңін екі кезеңге бөлуге болады, олардың біріншісі кем дегенде 3 сағатқа созылатын үздіксіз кезең, ал екіншісі кем дегенде 9 сағатқа созылатын үздіксіз кезең болуы керек;

      қысқартылған күнделікті демалыс кезеңі – кем дегенде 9 сағат, бірақ 11 сағаттан аз кез келген демалыс кезеңі;

      23) қозғалыс (импульстер) датчигі – көлік құралдарының жылдамдығына және (немесе) жүріп өткен жолына сәйкес сигналдарды өндіретін құрылғы;

      24) механикалық тахограф – ақпаратты диаграммалық қағаз дискіге жазу принциптерінде жұмыс істейтін жүргізушінің еңбек және тынығу режимін, жүріп өткен жолды тіркеуді бақылау құрылғысы;

      25) өлшем құралын салыстырып тексеру – өлшем құралдарының міндетті метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн растау мақсатында орындалатын операциялар жиынтығы;

      26) өтініш беруші – электрондық (цифрлық) тахографқа электрондық карточка беру үшін карточкаларды дайындаушыға өтініш білдірген жеке немесе заңды тұлға;

      27) сервис орталығы (шеберхана) (бұдан әрі – сервис орталығы) – тахографтарды орнату және қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      28) сервис орталығының (шеберхананың) карточкасы – электрондық (цифрлық) тахографты дәлдеу және көлік құралдарының параметрлерін орнату үшін қолданылатын, сервис орталығы қызметкерлерінің деректемелері бар карточка;

      29) тасымалдаушы карточкасы – тасымалдаушыға меншік құқығында немесе басқа да заңды негізде тиесілі көлік құралдары жүргізушісінің еңбек және демалыс режимін бақылау және талдау үшін қолданылатын тасымалдаушының деректемелері бар карточка;

      30) тахограф – жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін тіркеудің механикалық не электрондық (цифрлық) бақылау құрылғысы;

      31) тахографқа қызмет көрсету – тахографты дәлдеу және жөндеу бойынша жұмыстар жүргізу;

      32) тахографты дәлдеу – тахограф пен қозғалыс (импульстер) датчигінің сипаттамаларын келісу рәсімі және кейіннен тахограф барлық көзделген қызметтерді орындай алатын көлік құралдарының параметрлерін орнату. Электрондық (цифрлық) тахографты дәлдеу сервис орталығы карточкасын қолданумен жүзеге асырылады;

      33) тахографты жөндеу – тахографтың жұмысқа қабілеттілігін немесе жарамдылығын және оның ресурстарын қалыпқа келтіру жөніндегі операциялар жүйелігі;

      34) үзіліс – жүргізуші көлік құралын басқара алмайтын немесе басқа жұмыспен айналыса алмайтын және күшін қайта қалпына келтіру үшін ғана қолданылатын кез келген кезең;

      35) электрондық (цифрлық) тахограф – орнатылған чипы бар карточканың көмегімен кодталған цифрлық форматтағы автомобиль жұмысының параметрлері туралы ақпаратты алу принципінде қолданылатын жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін тіркеуді бақылау құрылғысы;

      36) электрондық (цифрлық) тахографтың электрондық карточкасы (бұдан әрі – карточка) – жүргізушінің еңбек және демалыс режимі туралы деректерді, электрондық (цифрлық) тахографпен жұмыс істеу үшін қажетті өзге де ақпаратты сақтауға мүмкіндік беретін интегралды микросхемасы бар карточка;

      37) электрондық (цифрлық) тахографтарға электрондық карточкаларды дайындаушы (бұдан әрі – карточкаларды дайындаушы) – электрондық (цифрлық) тахографтарға электрондық карточкаларды дайындау және беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.";

      32-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті органның мамандарына және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның мамандарына алдағы аптаның өткен 28 күнтізбелік күніне толтырылған диаграммалық дискілерін, тахографты тексеру туралы сертификатты, сондай-ақ тахографты кезең сайын тексеру туралы куәлікті тапсырады. Егер, жүргізуші ауыруына байланысты демалыста немесе жыл сайынғы еңбек демалысында болса немесе ол осы Қағидалардың ережелеріне қолданылмайтын көлік құралын жүргізген болса, ол осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әрекетін растау бланкісін тапсырады.";

      33-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) қолдарында бар толтырылған диаграммалық дискілерді және карточкаларды пайдалана отырып, жүргізушілермен жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимін сақтауын қамтамасыз етеді, диаграммалық дискілердегі және карточкалардағы деректерді талдайды және бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, оларды жою шараларын қабылдайды;";

      51 және 52-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "51. Тахографтарды салыстырып тексеруді "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркелген өлшеу құралдарын тексеру әдістемесіне сәйкес аккредиттелген заңды тұлғалардың аттестатталған салыстырып тексерушілері жүзеге асырады.

      52. Тахографты тексерудің оң нәтижелері "Өлшеу құралдарына салыстырып тексеру жүргізу, өлшем құралдарын салыстырып тексерудің мерзімділігін белгілеу қағидаларын және өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификатының нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 934 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18094 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша оны салыстырып тексеру туралы сертификатпен және салыстырып тексеру таңбасымен куәландырылады. Тахографты салыстырып тексеру туралы сертификат мерзімді тексеру туралы куәлікпен бірге 1 жыл сақталады және бақылаушы органдардың талабы бойынша ұсынылады.";

      132-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "132. Карточкалар беруді карточкаларды дайындаушы жүзеге асырады.

      Карточкаларды дайындаушы заңды тұлғаны немесе дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді ақпараттық жүйелер арқылы дербес алады.";

      137 және 138-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "137. Жүргізуші карточкасы бес жылғы мерзімге беріледі.

      138. Жүргізуші карточкасын беру үшін карточка жасаушыға мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) электрондық (цифрлық) тахографтарға электрондық карточкаларды дайындау және беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың интернет-ресурсы арқылы (бұдан әрі-интернет-ресурс) осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қағаз түрінде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі-ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында жүргізуші карточкасын дайындауға өтініш;

      2) адамның айқын, танылатын бейнесі бар паспорттың немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжаты;

      3) адамның айқын, танылатын бейнесі бар, механикалық көлік құралдарын басқару құқығына арналған Қазақстан Республикасы жүргізуші куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжаты немесе шет мемлекеттің халықаралық жүргізуші куәлігі;

      4) карточка жоғалған (ұрланған) жағдайда карточканы жоғалту (ұрлау) фактісін растайтын құжаттары бар карточканы жоғалту (ұрлау) немесе бүлдіру мән-жайларын көрсете отырып, интернет-ресурс арқылы ЭЦҚ-мен куәландырылған (қол қойылған) қағаз түрінде немесе электрондық құжат нысанындағы еркін нысандағы өтініш;

      5) шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін - Қазақстан Республикасында уақытша тұруға немесе Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатқа рұқсаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;

      6) осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес карточканы дайындау үшін қажетті талаптарға сәйкес келетін фотосурет.

      Жүргізушінің карточкасын беруге арналған құжаттар карточканы дайындаушыға қолма-қол қағаз түрінде немесе интернет-ресурс арқылы электрондық нысанда ұсынылады.

      Электрондық (цифрлық) тахографтарға электрондық карточкаларды дайындау және беру жөніндегі қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама берген жеке және заңды тұлғалардың тізілімі автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған.";

      140-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "140. Тасымалдаушы карточкасы бес жылғы мерзімге беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында ресми жарияланғаннан кейін орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Көлік министрінің міндетін атрқарушы
М. Калиакпаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады