"Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 4-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрі |
Е. Мырзабосынов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржылық мониторинг агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі
Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрі 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 255 бұйрығына 1-қосымша |
Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 4-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бірыңғай есепке алу жүйесі – телекоммуникация желілері арқылы букмекерлік кеңсенің және (немесе) тотализатордың аппараттық-бағдарламалық кешеніне қосылған және қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз төлемдерді, оның ішінде электрондық ақшаны пайдалана отырып қабылдауды (жүзеге асыруды), ұтыстарды төлеуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ бәс тігуге әрбір қатысушы, бәс тігуге әрбір қатысушы бойынша бәс тігуге қабылданған мөлшерлемелер (оның ішінде электрондық), бәс тігу нәтижесінің нұсқаларына коэффициенттер, олар бойынша ұтыстар мен төлемдер туралы ақпаратты дербестендірілген жинауды, өңдеу мен сақтауды және Заңда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдар жиынтығы;
2) ойын бизнесi саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ойын бизнесi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк орган.
2-тарау. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау тәртібі
3. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау үшін уәкілетті органның жанында бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау жөніндегі Комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.
4. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті (бұдан әрі – жұмыс орган) болып табылады, ол оның қызметіне ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
5. Комиссия мемлекеттік органдар мен уәкілетті органның Қоғамдық кеңесі өкілдерінен кемінде бес мүшеден тұратын тақ санынан тұрады. Комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары, мүшелері, хатшысы кіреді.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің жетекшілік ететін орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады.
Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, Комиссия отырыстарында төрағалық етеді және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда төрағаның функциялары Комиссия төрағасының орынбасарына жүктеледі.
6. Комиссия отырысы, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп саналады.
7. Комиссия хатшысы комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады, комиссия мүшелерін осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттармен қамтамасыз етеді, конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу және бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау жөніндегі Комиссияның отырыстарын ұйымдастырады.
Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы жоқ.
8. Уәкілетті орган бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау бойынша конкурс өткізу туралы хабарландыруды өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
9. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген заңды тұлға (бұдан әрі – өтініш беруші) жұмыс органына конкурстық өтінімді ұсынады, онда мыналар қамтылады:
1) осы Қағидалардың 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысуға өтініш берушінің бірінші басшысының қолы қойылған өтініш;
2) осы бұйрықтың 2 – қосымшасына сәйкес өтініш берушінің бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар (бұдан әрі-біліктілік талаптары);
Конкурстық өтінім мемлекеттік және орыс тілдерінде мөрленген конвертте ұсынылады. Құжаттардың барлық парақтары бір-бірімен тігіледі, нөмірленеді және өтініш берушінің бірінші басшысы қол қояды.
10. Жұмыс органы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде конкурстық өтінімдерді қабылдауды жүзеге асырады.
Конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін келіп түскен конкурстық өтінімдерді жұмыс органы өтініш берушіге қайтарады.
11. Комиссия өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу бойынша отырыс өткізеді, онда:
Комиссия хатшысы:
1) осы отырысқа қатысқан және қатыспаған комиссия мүшелері туралы мәліметтерді;
2) Комиссияның сандық құрамын, кворумның болуын;
3) келіп түскен конкурстық өтінімдердің, оның ішінде жұмыс органы өтініш берушілерге конкурстық өтінім беру мерзімін бұзуына байланысты қайтарған өтінімдердің санын хабарлайды.
Комиссия:
1) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашады;
2) конкурстық өтінімдерді тапсырған өтініш берушілердің атауы мен орналасқан жерін, сондай-ақ олардың өтінімдерін тапсыру күні мен уақытын жариялайды;
3) жұмыс органына конкурстық өтінімдердің осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттардың толықтығын, өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру туралы тапсырма береді.
12. Конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашқаннан кейін Комиссия хатшысы екі жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген мәліметтерді көрсететін ашу хаттамасын ресімдейді, оған Комиссия төрағасы, оның орынбасары, комиссия мүшелері мен хатшысы қол қояды және оған қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей оны уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді.
13. Конкурстық өтінімдерді тексеру аяқталғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде жұмыс органы тексеру қорытындылары туралы ақпаратты дайындайды және Комиссияның төрағасына бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау жөніндегі Комиссия отырысының күні, уақыты және орны туралы ұсыныс енгізеді.
14. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттардың толық емес пакеті ұсынылған конкурстық өтінімдерді жұмыс органы өтініш берушіге қайтарады.
15. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау жөніндегі Комиссия отырысында:
Комиссия хатшысы:
1) осы отырысқа қатысқан және (немесе) қатыспаған комиссия мүшелері туралы мәліметтер;
2) Комиссияның сандық құрамы, кворумның болуы;
3) келіп түскен конкурстық өтінімдердің, оның ішінде жұмыс органы құжаттардың толық емес топтамасын ұсынуына байланысты өтініш берушілерге қайтарған өтінімдердің саны.
Комиссия:
1) өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін не сәйкессіздігін айқындайды;
2) дауыс беру рәсімін және отырысқа қатысатын мүшелерінің көпшілік даусымен қатысушылар санының үштен екісі мөлшерінде жүргізеді, конкурс жеңімпазын, сондай-ақ ынтымақтастық мерзімін айқындауды ұсынады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады;
3) егер конкурсқа қатысушылардың барлығы біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, конкурсты өткізілмеген деп тану және қайта конкурс өткізу туралы ұсыныс шығарады;
4) егер конкурсқа бір ғана қатысушы біліктілік талаптарына сәйкес келсе, оны конкурстың жеңімпазы деп айқындауды ұсынады.
16. Комиссияның ұсынымы негізінде уәкілетті орган бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаның конкурс жеңімпазын айқындау туралы бұйрық шығарады, онда бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғамен ынтымақтастық мерзімі, оны ұзарту немесе тоқтату шарттары белгіленеді не конкурсты өтпеді деп тану және қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.
17. Конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмыс органы конкурс жеңімпазын жазбаша хабардар етеді, сондай-ақ конкурс нәтижелерін уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялайды.
18. Өткізілген конкурс нәтижелері бойынша туындаған барлық дауларды уәкілетті орган қарайды. Дауды қарау нәтижелері бойынша қабылданған уәкілетті органның шешіміне Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау жөніндегі конкурсқа қатысуға өтініш
Осы өтінішпен __________________________________________________
_______________________________________________________________
(өтініш берушінің толық атауы көрсетіледі)
бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаны
айқындау жөніндегі конкурсқа қатысуға өз ниетін білдіреді.
Осы конкурстық өтінім келесі құжаттардан тұрады:
_______________________________________________________________
(конкурсқа қатысуға өтінішке қоса берілетін құжаттардың тізбесі)
Өтінім толтырылған күні: "___" ________ 20___ жыл.
_______________________________________________________________
(лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда))
Мөр орны (болған жағдайда)
Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрі 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 255 бұйрығына 2-қосымша |
Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаға қойылатын біліктілік талаптары
1. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаға мынадай біліктілік талаптары қойылады:
1) серверлері Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бірыңғай есепке алу жүйесінің функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарламалық-техникалық құралдардың болуы;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде төлем қызметтерін көрсетуге арналған есептік тіркеуден өту немесе банк операцияларын жүргізуге лицензиясының болуы;
3) заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесінің жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі;
4) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тіркеу;
5) терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдардың тізбесінде болмауы;
6) атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері және Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде болмауы;
7) заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) үлестес тұлғалары экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар не ауырлығы орташа қасақана қылмыстар, ауыр қылмыстар, аса ауыр қылмыстар үшін заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы жоқ және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты тұлғалардың тізбесіне енгізілмеген.