Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы мәслихатының 2024 жылғы 27 тамыздағы № 212/26-VIII шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2024 жылғы 28 тамызда № 1393-01 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, Астана қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімге қосымшаға сәйкес Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы
мәслихатының төрағасы
Е. Каналимов

  Астана қаласы мәслихатының
2024 жылғы 27 тамыздағы
№ 212/26-VIII шешіміне
қосымша

Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" (бұдан әрі – Заң), "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" заңдарына сәйкес әзірленген және қаланың тарихи, ландшафты-табиғи, функционалдық, жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып, оның сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бас жоспар – аймақтарға бөлудi, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен функционалдық ұйымдастыруды, көлiк және инженерлiк коммуникацияларды, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерiн белгiлейтiн, қаланы дамыту мен салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;

      2) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы – елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктері мен функционалдық аймақтары, сондай-ақ елді мекендердің шегінен тыс жерде орналасқан аумақтар үшін әзірленетін қала құрылысы құжаттамасы;

      3) елдi мекеннiң аумағы – қаланың белгіленген шекара (ішкі аумағы) шегіндегі кеңiстiк (бұдан әрі – аумақ);

      4) жеке тұрғын үй құрылысы – белгіленген тәртіппен бекітіліп берілген жер учаскесінде азаматтардың өз күшімен, мердігерлік немесе заңнамаларда тыйым салынбаған басқа да әдіспен жеке тұрғын үйлер салуы;

      5) жоба – жеке және заңды тұлғалардың түпкі ойының мәнін және оны практикада іске асыру мүмкіндігін ашып көрсететін, сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтіндік материалдар, инженерлік және сметалық есеп-қисаптар), оның ішінде құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамасы нысанында ұсынылған, адамның мекендеуі мен тыныс-тіршілігіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі түпкі ойы;

      6) қайта жабдықтау – үй-жайдың (үй-жайлардың) тіршілікті қамтамасыз ету және пайдалану үшін қажетті өзінің функционалдық мақсатының өзгеруіне, технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстыруға байланысты өзгерту;

      7) қайта жобалау – осы үй-жайдың (үй-жайлардың) шегін өзгеруге ілесетін, үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарының өзгертілуі;

      8) қала құрылысының регламенттерi – аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда).

      Қала құрылысының регламенттерi мемлекеттiк нормативтерге сәйкес орындалған қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасымен белгiленедi. Қала құрылысы регламенттерiнiң қолданылуы олар үшiн белгiленген мерзiм шегiнде шектеледi;

      9) қала құрылысын реттеу аумағы – шегiнде қандай да болсын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi жүзеге асырылатын аумақ;

      10) құрылыс – жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үй-жайлар, ғимараттарды мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, қайта жаңарту, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес мақсаттағы негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет;

      11) қайта жаңғырту – әдетте өзгеретін объектіні жаңарту мен жаңғырту қажеттігіне байланысты жалпы жекелеген үй-жайларды, ғимараттың өзге де бөліктерін немесе ғимаратты өзгерту;

      12) нобай (нобайлық жоба) – жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлік немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;

      13) сәулеттік келбет – бұл қалалық кеңістік элементтерін құрайтын міндетті көрнекі құрамдас бөлік: ғимараттар мен үй-жайлардың қасбеттері, абаттандыру, маңдайшалар, тақтайшалар, шағын сәулеттік пішіндерді және тұтас эстетикалық сәулетті, жайлы, қолжетімді және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған қала инфрақұрылымының басқа элементтерін реттейтін ұсынымдар жинағы.

      3. Осы Қағидалардың міндеттері:

      1) қала тұрғындарының заманауи қажеттіліктеріне сәйкес келетін сапалы қалалық ортаны құру мен дамытудың кешенді тәсілін қалыптастыру;

      2) қаланың бүкіл аумағын жүйелі және тұрақты дамыту процесін сәулет және қала құрылысы құралдарымен қамтамасыз ету болып табылады.

2-тарау. Сәулеттік келбетті қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау тәртібі

      4. Қаланың сәулеттік келбетін және қала құрылысын жоспарлауды қалыптастыру кезінде:

      1) аумақтың кешенді қауіпсіздігін және оны табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерінен қорғауды қамтамасыз ету;

      2) қадамдық қолжетімділік талаптарын ескере отырып, функционалдық аймақтарды ықшамдап орналастыру және қоғамдық орталықтар жүйесімен, әлеуметтік және күнделікті қамтамасыз ету, инженерлік және көлік инфрақұрылымы объектілерімен байланыстыру;

      3) қала аумағында нормативтік-техникалық талаптарды, қаланың бас жоспарына қойылатын талаптарды сақтау;

      4) қаланың бас жоспарына сәйкес қоғамдық кеңістіктерді, көшелерді реконструкциялауды жобалауды жүзеге асыру;

      5) полиорталық, кешенді және ықшамды салу принциптері бойынша қаласын дамытуды жүзеге асыру қажет.

      5. Астана қаласындағы қала құрылысын айрықша реттеу аймақтарына қаланың бас жоспарында белгіленген аумақтар, оның ішінде қала аумағының тұрақты дамуына әсер ететін қоғамдық, қала құрылысы, экономикалық, экологиялық, рекреациялық, мәдени, тарихи және басқа да факторлар негізінде жерді, бар жылжымайтын мүлік объектілерін пайдалану бойынша аумақтар жатады.

      6. Қала құрылысын айрықша реттеу аймақтарында құрылыс салуға қойылатын шарттар:

      1) құрылыс салу тығыздығы мен коэффициенті бойынша ерекшеліктері;

      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтермен, нормативтік-техникалық құжаттармен және осы Қағидалармен белгіленетін биіктік регламентіне сәйкес рұқсат етілетін қабаттар саны;

      3) тарихи және сәулеттік ескерткіштерінің қорғаныш аймағында құрылыс салу;

      4) ғимараттар мен үй-жайларды қасбеттерінің сәулеттік шешімдері.

      7. Ерекше қала құрылысын реттеу аймақтарына тарих және мәдениет ескерткіштерінің күзет аймақтары жатады.

      8. Тарихи және мәдени ескерткіштерінің қорғау аймақтарының шекараларында барлық қала құрылысы объектілері және олардың сипаттамалары, мәдени құндылығы сақталуға немесе қалпына келтірілуге жатады.

      9. Тарихи және мәдени ескерткіштерінің қорғаныш аймақтарының шегінде тарихи ғимараттардың құрылымы мен стилін, пропорциялары мен биіктігін бұзуға жол берілмейді.

      10. Ең жоғары рұқсат етілген биіктіктен асуға, сол сияқты қоршаған құрылыстың орташа биіктігінен асуға, тарихи аймақта және 50 метрге дейінгі радиустағы тарихи және мәдени ескерткіштердің қорғаныш аймағында сәулеттік шешім ауқымын бұзуға жол берілмейді.

      11. Аумақты тұрақты дамыту жағдайларын қамтамасыз ету, қала аумағында сапалы және жайлы ортаны қалыптастыру үшін функционалдық аймақтарға бөлінуіне, бұрыннан бар қала құрылысы жағдайына байланысты 1 гектарға халықтың ең аз және ең көп тығыздығы белгіленеді.

      12. Құрылыс салу үшін қала аумағындағы халықтың қоныстану тығыздығын жердің құнын, инженерлік және көлік коммуникацияларының ресурстық мүмкіндіктерін, әлеуметтік мақсаттағы объектілерде қадамдық қолжетімді жеткілікті орындардың болуын, тарихи-мәдени және сәулет-ландшафттық құндылықтардың болуын ескере отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер тәртібімен ҚР ҚНжЕ 3.01-01Ac-2007 "Астана қаласын жоспарлау және дамыту" 6.2, 6.3, 6.4 кестесіне, П3.1.2, П3.1.4, П3.1.6, П3.1.8 кестесіне сәйкес есептеледі.

      13. Есептік аумақтың шекарасын қызыл сызықтың бойымен, құрылыс учаскелерінің шекарасымен, орам арасындағы жолдардың, жаяу жүргіншілер жолдарының осімен немесе табиғи шекаралармен белгілеу, олар болмаған жағдайда – құрылыс сызығынан 3 метр қашықтықта белгілеу талап етіледі.

      14. Қала аумағындағы жаңа құрылысты, қоныстану тығыздығын есептеу үшін тұрғын үймен орташа қамтамасыз етуді бір адамға есептегенде 12 шаршы метрден кем емес тұрғын ауданды қолдану.

      Келесі бір мезгілдегі жағдайлар сақталған кезде тығыздықты 20 пайызға арттыруға жол беріледі:

      1) аумақта жапсарлас-іргелес салынған балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелердің болуы;

      2) бастауыш және орта білім беру мектептерінде қадамдық қолжетімділіктегі орындардың жеткілікті деңгейде болуы;

      3) бір тұрғынға 10 шаршы метрден есептелген үй маңындағы аумақтың болуы (шаруашылық және рекреациялық қажеттіліктерге арналған алаңдарды, тұрақ орындарын, абаттандыру және көгалдандыруды ескеру арқылы).

      Құрылыс салу тығыздығының коэффициентін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес қабылдау;

      4) көліктік қолжетімділіктің, жерасты немесе көп деңгейлі паркингтердің болуы;

      5) қадамдық қолжетімділікте нормативтік қамтамасыз ету шеңберінде аумақтарда ашық жасыл аумақтардың болуы;

      6) салу және нәтижесінде пайдалануға берілген объектінің тұрақты жұмыс істеуі үшін талап етілетін жеткілікті инженерлік инфрақұрылымның болуы;

      7) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, азаматтық қорғау саласындағы нормативтік актілердің және нормативтік техникалық құжаттардың сақталуы;

      8) 500 метрден аспайтын радиуста күнделікті қызмет көрсету объектілерінің болуы;

      9) нысаналы мақсаттағы параметрлерге сәйкес жекелеген кіру жолдарын, кіреберістерді және тиісті инфрақұрылымды жүргізе және қамтамасыз ете отырып, ғимаратты жобалау сәтінде тұрғын үйлердегі коммерциялық үй-жайлардың нысаналы мақсатының параметрлерін айқындау.

      15. Желілік үлгідегі көппәтерлі тұрғын үйлердің ұзын жақтарының арасындағы алшақтықтың ең аз мөлшері (тұрмыстық қашықтық):

      1) 4-5 қабатты үйлерді салу кезінде: 20 метрден кем емес;

      2) 6-12 қабатты үйлерді салу кезінде: 30 метрден кем емес;

      3) 13-16 қабатты үйлерді салу кезінде: 48 метрден кем емес;

      4) 17 және одан биік қабатты үйлерді салу кезінде: 50 метрден кем емес.

      Немесе желілік үлгідегі көппәтерлі тұрғын үйлердің ұзын жақтары арасындағы саңылаулардың (тұрмыстық арақашықтықтардың) ең аз мөлшері отырғызу үшін қарастырылатын объектілердің тұрғын үй-жайларының оқшаулануын ескеруі керек.

      16. Желілік үлгідегі ғимараттардың қысқа және ұзын жақтарының арасындағы алшақтықтың ең аз мөлшері (тұрмыстық қашықтық) ұсынылады:

      1) 4-5 қабатты үйлерді салу кезінде: 12 метрден кем емес;

      2) 6-12 қабатты үйлерді салу кезінде: 15 метрден кем емес;

      3) 13-16 қабатты үйлерді салу кезінде: 24 метрден кем емес;

      4) 17 және одан биік қабатты үйлерді салу кезінде: 45 метрден кем емес.

      Немесе өрт өткелдерінің екі жағындағы жобаланған объектілерден инсоляция мен шегіністерді ескере отырып, қысқа және ұзын жақтардың арасындағы саңылаулардың (тұрмыстық қашықтықтардың) ең аз мөлшері.

      17. Мыналарға:

      1) мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін ұйымдарды биік ғимараттарға біріктіріп салынған биіктігі 12 қабаттан асатын үй-жайларда, сондай-ақ жерасты және жапсарлас салынған автомобиль тұрақтарының үстіне орналастыруға;

      2) 3 қабатқа дейінгі тұрғын немесе қоғамдық ғимараттардың арасындағы алшақтықтың ең аз мөлшері (жер деңгейінің белгісінен шатырдың жотасына дейін биіктігі бойынша 12 метрден аспайды, инсоляция нормаларына және рұқсат етілген өртке қарсы алшақтықпен айқындалады).

      18. Қала аумағын қала құрылыстық игеру кезінде адам өмірі мен денсаулығына әсер ететін техногендік және табиғи факторлардан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және жекелеген учаскелерде ылғалдылық консистенциясының және жерасты суларының көтерілуінің жоғары көрсеткіші бар алаңдарды жобалау, салу және пайдалану кезінде шарттар мен нормативтік талаптарды сақтау қажет.

      19. Мұнара түріндегі ғимараттарды орналастыру кезінде қашықтықты барлық тұрғын үй-жайлардың инсоляциясын қамтамасыз ету нормаларын ескере отырып қабылдау, бірақ бірінші қабаттардың көлемі бойынша біріктірілген бір сызыққа орналастырған жағдайда 23 метрден кем болмауы тиіс.

      20. Қала аумағындағы ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттері қала сапасының және қоршаған қала құрылысы ортасының айрықша эстетикалық сипаттамаларын (стильдік және композициялық тұтастығын, ырғағын, өлшемдер сәйкестігі мен тепе-теңдігін, сырттай қабылдануын, ашық және жабық кеңістіктердің тепе-теңдігін) көрсетуі, жобалық құжаттамада қарастырылған сәулет-қала құрылысы келбетіне және (немесе) келісілген нобайлық жобаға сәйкес келуі тиіс.

      21. Қасбеттегі терезелер мен витриналардың орналасуы, олардың көлемдері, құрылғының сипаты мен сыртқы түрі түстік шешімін қоса алғанда, ғимараттың техникалық құжаттамасына, ғимараттың жобасында қарастырылған ғимараттың көлденең және тік осьтері жүйесіне, симметриясына, биіктігі бойынша тұрақтылығына, ырғағына, көлемдік-кеңістіктегі шешіміне, ғимарат жобасына және сәулеттік-жоспарлау тапсырмасына сәйкес келуі тиіс.

      22. Кіру топтарын (кіреберістерді) орнату және жабдықтау ғимарат қасбетінің сыртқы түріне және сәулет-жоспарлаудың түпкі ойына, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қолайлылығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмеу арқылы конструкциялардың сенімділігін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескере отырып, келісілген және бекітілген жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      23. Ғимараттардың сыртқы сәулеттік келбетін сақтау, сәндік-көркемдік элементтердің көрнекі қолжетімділігі үшін және қасбеттердің ең аз зақымдануы үшін кіреберіс топтары (кіреберістері) ғимараттың жобалық құжаттамасына және қасбеттің архитектуралық төлқұжатына сәйкес шатырлармен (күнқағарлармен) жабдықталады.

      24. Лоджиялар мен балкондардың ғимараттардың қасбеттерінде орналасуы, оларды орналастыру сипаты мен сыртқы түрі жобалау құжаттамасында қарастырылған қасбеттің сәулеттік шешіміне немесе қасбеттің сәулет паспортына сәйкес келуі тиіс.

      25. Балкондар, лоджиялар, эркерлер ғимараттың бүкіл биіктігі бойынша болуға (балконның, лоджиялардың, эркердің ғимараттағы қабаты мен орналасуына қарамастан) және ғимаратты немесе құрылысты салу кезінде қолданылатын жобалау құжаттамасына сәйкес болуы тиіс.

      26. Балкондар және лоджиялар түр-түсінің шешімдері қасбеттердің сәулеттік шешімдеріне және ғимаратты немесе құрылысты салу кезінде қолданылатын жобалау құжаттамасына сәйкес болуы тиіс.

      27. Берілген cәулет-жоспарлау тапсырмасында көзделген қасбеттің эстетикасын және ғимараттың сәулеттік келбетін бұзбайтын себеттерде қасбеттерге кондиционерлерді орналастыру. Бөлінген тауашалар болмаған жағдайда, кондиционерлерді орналастыру үй Кеңесінің не "тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес пәтер иелерінен шешім қабылдауға уәкілетті басқа органның шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      28. Техникалық жабдықты орналастыру бекіткіштің сәулеттік сыртқы қабатпен барынша аз жанасуын, тиімді орнату және оның технологиялылығын, бекітудің стандарт конструкцияларын пайдалана отырып, жабдықты орналастырудың кешенді шешімін ескеріп, қасбет сәулетінің сыртқы түрі мен техникалық жай-күйіне зиян келтірмей жүргізілуі тиіс.

      29. Инженерлік жабдықты пайдалану қасбеттің сыртқы түріне және техникалық жағдайына зиян келтірмеуі, айналасындағыларға қолайсыздық туғызбауы тиіс.

      30. Сәулеттік келбетті қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау барысында:

      1) аумақтың қауіпсіздігі мен жайлылығының жоғары деңгейін қамтамасыз ету (аулаларды жеткілікті көлемде жарықтандыруды ұйымдастыру);

      2) демалыс аймақтары мен шаруашылық аймақтарын ұйымдастыру;

      3) аула аумағының жабынын мақсатына қарай пайдалану (асфальт жабыны, плитка жабыны, балалар алаңдары үшін аралас резеңке-ағаш төсемі);

      4) сәулеттік келбетке (Дизайн кодқа) сәйкес жасалған шағын сәулеттік пішіндер, халықтың қозғалысы шектеулі топтарына арналған жабдықтар, орындықтар, қоқыс салғыштар, гүл құмыралары, балалардың ойын кешендері;

      5) тұрғын ғимараттардан кемінде 10 метр қашықтықта тұрақ орындары;

      6) халықтың қозғалысы шектеулі топтары үшін кедергісіз жаяу жүргіншілер ортасын (пандустар, тактильді тақтайшалар және көтерілген жаяу жүргіншілер өткелдері) ұйымдастыру қажет.

      31. Сәулеттік жарықтандыруға міндетті түрде:

      1) биік ғимараттар, теледидар және радио мұнаралары, жаяу жүргіншілер мен автомобиль көпірлері;

      2) ғибадат объектілері, мәдени орталықтар, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, мұражайлар мен көрме орталықтары, вокзалдар, әуежай, жерасты және жерүсті өткелдері, спорт және қонақүй кешендері;

      3) ерекше қоғамдық маңызы бар объектілер: қалалық функцияларды және қаланың әкімшілік орталықтарының функцияларын жүзеге асыруға арналған ғимараттар;

      4) ерекше маңызы бар объектілер: алаңдардың жоспарлы осьтерінде, радиалды және айналма магистральдар мен қала өзендері жағалауларының, магистральдардың, жағалаулар мен бульварлардың осьтері мен иілімдерінде, олардың қиылыстарында орналасқан қоғамдық және тұрғын үй ғимараттары; негізгі автомагистральдардың бойында орналасқан өндірістік ғимараттар, инженерлік құрылыстар (құбырлар, құрылыс крандары, биік мачталы жарық беру қондырғылары);

      5) ерекше тарихи және сәулеттік маңыздылығы бар объектілер: тарих, сәулет ескерткіштері, монументтер, субұрқақтар және қорғаныш аймақтарының режимін ескере отырып, қалпына келтірілгендерді қоса алғанда, бақ-саябақ өнерінің объектілері жатады.

      Өзге коммерциялық объектілерді сәулеттік жарықтандыру кәсіпкерлік субъектілерінің қалауы бойынша жүзеге асырылады.

      32. Инженерлік желілер мен құрылыстарды жобалау және салу, оның ішінде жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатындар кейіннен техникалық қызмет көрсетуді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін желілерді кейіннен тиісті қалалық қызметтердің балансына беру арқылы жүзеге асырылады.

      Коммуникациялық тоннелдердің, каналдардың құрылысын ашық тәсілмен төсеуге жол беріледі.

      33. Инженерлік желілерді жобалау инженерлік дәліздер аймақтарының шегінде жүзеге асырылады.

      34. Инженерлік желілер мен автомобиль жолдарын жобалау мен салуды қаланың қала құрылысы құжаттамасында (Бас жоспарда, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында және (немесе) құрылыс салу жобаларында) бекітілетін көшелердің қызыл сызықтары шегінде, қажет болған жағдайда тар, таулы, биік таулы жағдайларда немесе қорғалатын табиғи аумақтарда жоспар элементтерінің параметрлерін, бойлық бейіндегі еңістерді, тротуарлар мен веложолдарды қоса алғанда, көшелер мен жолдардың көлденең пішінінің параметрлерін негіздей отырып, есептік жылдамдықпен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іс-шараларды әзірлеп, қолданыстағы қозғалыс жылдамдығына және есептелген автомобильдің өлшемдеріне байланысты есептеу арқылы жүзеге асыру қажет.

      35. Қала көшелері мен орамішілік аумақтардың жол төсемдерін салу, қайта жаңарту және жөндеу Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.

      36. Жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзірлеу кезінде жолдарды салу, қайта жаңарту және жөндеу, сондай-ақ қаланың көше-жол желісін күтіп-ұстау және пайдалану кезінде:

      1) көлік қозғалысы қарқынды көшелер мен жолдарда, екі бағытта да екіден көп жолақ бар жолдарда, көлік жолайрықтарында, қоғамдық көлік үшін жолақтар бөлінген көшелерде ұзақ уақыт қолданылатын таңбалау материалдарын (суық жағылатын екі компонентті пластик) қолдану. Белгілер салудың бойлық сызықтарының енін – 0,15 метр мөлшерінде қарастыру;

      2) қаланың қалған көшелерінде қозғалыс жолақтарының саны екі бағытта да екі және одан да аз болған жағдайда, жолдарды белгілеу үшін материалдарды есептеу нәтижелеріне сәйкес таңдау қажет. Белгілер салудың бойлық сызықтарының енін – 0,12 метр мөлшерінде қарастыру.

      37. Жылу беру маусымы кезеңінде құрылыс жобалары бойынша инженерлік желілердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын, жолдарды қайта жаңарту және күрделі жөндеу, инженерлік желілерді жөндеуді және қалпына келтіруді қажет ететін төтенше жағдайларды қоспағанда жол берілмейді.

      38. Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін тұрғызылған, салынған, белгіленген және тиісті түрде келісілген объектілерге осы Қағидалар қолданылмайды.

      –––––––––––––––––––––––––––

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады