Ақкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ақкөл аудандық мәслихатының "Ақкөл ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2024 жылғы 8 қаңтардағы № С-15-2 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8691-03 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешімнің қосымшасында:
3-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;";
11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Әлеуметтік көмек өтініш бойынша толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, кірістері есепке алынбай мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, бірақ ол туындаған сәттен бастап үш айдан кешіктірмей;
2) әлеуметтік маңызы бар аурулары бар адамдарға (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, бірінші типті қант диабеті) бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) амбулаториялық емдеудегі туберкулездің белсенді түрлерімен ауыратын адамдарға ай сайын 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бірақ алты айдан артық емес;
4) адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруға шалдыққан, диспансерлік есепте тұрған балалардың ата - аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бірақ босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей;
6) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
7) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, еңбек ардагерлеріне, 1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде бір рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
8) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметтер үшін шығындарын өтеуге ай сайын 100 (жүз) пайыз мөлшерінде.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ақкөл аудандық мәслихатының төрағасы | С.Абаханов |