"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 97 бабына, "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Ақкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Ақкөл ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі айқындалсын.
2. "Ақкөл ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" Ақкөл аудандық мәслихатының 2021 жылғы 12 наурыздағы № С 2-1 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8405 болып тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ақкөл аудандық мәслихатының төрағасы | С.Абаханов |
Ақкөл аудандық мәслихатының 2024 жылғы 22 шілдедегі № С 25-1 шешіміне қосымша |
Ақкөл ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен, жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) Ақкөл ауданында тұратындарға:
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Көрсетілетін қызметті алушының тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретiнде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Ақкөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетіледі.
2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері
3. Көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісі көрсетілетін қызметті берушімен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі - Қағидалар) сәйкес есептеледі.
4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушының осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісіне 7 (жеті) пайыз мөлшерінде шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде әр адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.
5. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтер өтемақысы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі.
3-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі
6. Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенімхатқа, заңдарға, сот шешіміне не әкімшілік құжатқа негізделген өкілі) Қағидаларға сәйкес тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына немесе "электрондық үкімет" веб - порталына тоқсанына бір рет жүгінеді.
7. Тұрғын үй көмегін тағайындау толық ағымдағы тоқсанға жүргізіледі, бұл ретте көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірістері мен коммуналдық қызметтерінің өткен тоқсандағы шығындары есепке алынады.
8. Тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушыға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп -ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
9. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін тағайындау тиісті қаржы жылына арналған аудандық бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
4-тарау. Тұрғын үй көмегін төлеу
10. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеуді көрсетілетін қызметті беруші екінші деңгейдегі банктер арқылы есептелген сомаларды көрсетілетін қызметті алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.