Кеген аудандық мәслихатының 2023 жылғы 19 қазандағы "Кеген ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 11-52 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 29-129 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2025 жылғы 5 қаңтарда № 6204-05 болып тіркелді

      Кеген аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Кеген аудандық мәслихатының 2023 жылғы 19 қазандағы "Кеген ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 11-52 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6043-05 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      2-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Алматы облысы Кеген ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – Алматы облысы Кеген ауданының "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.";

      қазақша мәтіндегі 7-тармақтың 1) тармақшасының бірінші және екінші абзацтары келесі редакцияда жазылсын:

      "1) 9 мамыр – Жеңіс Күні:

      мәртебеcі "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабымен белгіленген, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бір рет – 450 (төрт жүз елу) айлық есептік көрсеткіш және айына 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға бір рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш;";

      7-тармақтың 1) тармақшасы келесі абзацтармен толықтырылсын:

      "бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілеріне бір рет – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына бір рет – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;"

      7-тармақтың 2) тармақшасы келесі редакцияда жазылсын:

      "2) Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні – 15 ақпан:

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге бір рет – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына бір рет – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;";

      9-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "9. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына, бір рет және (немесе) кезеңді (ай сайын) көрсетіледі, атап айтқанда:

      1) Алматы облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып:

      дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты бір рет – 400 (төрт жүз) айлық есептік көрсеткіш;

      өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты бір рет – 400 (төрт жүз) айлық есептік көрсеткіш;

      дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімі – үш ай.

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар мен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш;

      2) Алматы облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 (жетпіс) пайызы мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып:

      балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын отбасыларға ай сайын – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;

      3) Жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай:

      туберкулез ауруымен амбулаторлық ем қабылдап жатқан адамдарға ай сайын – 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде.

      Әлеуметтік көмек көрсетуге адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық кірісін есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 181 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32609 болып тіркелген) сәйкес есептеледі.";

      10-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "10. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беру тәртібі, әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту негіздері, артық төленген және заңсыз алынған сомаларды қайтару тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.";

      11-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "11. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары айқындайды.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.";

      12-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "12. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Кеген ауданының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу тәртібі мен мерзімдері Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.";

      14-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "14. Мынадай:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін Кеген ауданынан тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмек алушылар әлеуметтік көмекті тоқтату негіздері басталған күннен бастап екі жұмыс күні мерзімінде, өзінің немесе отбасының атынан, аталған негіздердің басталуы туралы Кеген ауданының "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне немесе тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкіміне хабарлауға міндетті.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      А. Нұғман

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады