Шымкент қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жолақы жеңілдігін беру туралы

Жаңа

Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 26 сәуірдегі № 1990 бірлескен қаулысы және Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 26 сәуірдегі № 15/132-VIII шешiмi. Шымкент қаласының Әділет департаментінде 2024 жылғы 29 сәуірде № 210-17 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 55-бабына, "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6 және 27-баптарына, "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Шымкент қаласы азаматтарының мынадай жекелеген санаттарына меншіктің барлық түріндегі қалалық қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) тегін жол жүру құқығы берілсін:

      1) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң) Ұлы Отан Соғысының ардагерлеріне;

      2) Заңның 5-бабына сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      3) Заңның 6-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

      4) "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға;

      5) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

      6) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;

      7) "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдарға;

      8) екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

      9) бірінші топтағы мүгедектігі бар балаларды алып жүретін адамдарға;

      10) көру қабілеттігі бұзылған бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

      11) көру қабілеттігі бұзылған бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін адамдарға;

      12) 70 жастан асқан зейнеткерлерге;

      13) жалпы білім беретін мектептің оқушыларына;

      14) "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атағы бар адамдарға.

      2. Шымкент қаласында орналасқан техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында оқитын студенттер үшін меншіктің барлық түріндегі қалалық қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) жол жүру ақысы 50 (елу) теңге мөлшерінде жеңілдік белгіленсін.

      3. Қаржыландыру көзі Шымкент қаласының бюджеті болып айқындалсын.

      4. "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бірлескен қаулы мен шешімді Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен қаулы мен шешімді ресми жариялағанынан кейін Шымкент қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      5. Осы бірлескен қаулы мен шешімнің орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы бірлескен қаулы мен шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 мамырдан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Шымкент қаласының әкімі Г. Сыздыкбеков
      Шымкент қаласы
      мәслихатының төрағасы Б. Нарымбетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады