"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 2-тармағына, "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына және 13-бабы 1-1-тармағының 6-2) тармақшасына сәйкес, Абай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Абай облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыны Абай облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулыны Абай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Абай облысы әкімі | |
Н. Уранхаев |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің
Автомобиль жолдары комитеті
2024 жылғы "____" _____________
Абай облысы әкімдігінің
2024 жылғы 29 тамыздағы № 168 қаулысына қосымша |
Абай облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары
1. Жалпы ережелер
1. Абай облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрленген.
Автомобиль жолы – автомобильдердiң және басқа да көлiк құралдарының белгiленген жылдамдықпен, жүктемелермен, габаритпен үздiксiз, қауiпсiз жүрiсiн қамтамасыз ететiн, автомобильдер жүрiсiне арналған инженерлiк құрылыстар кешенi, сондай-ақ осы кешендi орналастыру үшiн берiлген жер учаскелерi (көлiк жерлерi) және олардың үстiндегi белгiленген габарит шегiндегi әуе кеңiстiгi.
2. Сыныптау тәртiбi мен шарттары
2. Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, шаруашылық автомобиль жолдары, сондай-ақ елді мекендердің көшелері болып бөлінеді.
3. Абай облысының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары өз мәні бойынша облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына бөлінеді;
1) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына республиканың әкімшілік орталықтарын облыс, аудан орталықтарымен және елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілерімен, сондай-ақ аудан орталықтарын республикалық маңызы бар жолдармен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады;
2) аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына аудан орталықтарын ауылдық елдi мекендермен және елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілерімен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады.
4. Елді мекендердің көшелеріне, осы қосымшаның 3 - тармағының 1) - 2) тармақшаларында көрсетілген жолдарды қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегіндегі автомобиль жолдары жатады.
5. Автомобиль жолдары геометриялық параметрлерiне, сондай-ақ жол жүрiсiнiң жиiлiгiне қарай автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес жiктеледi.
6. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбелерін облыстардың жергілікті атқарушы органдары автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша ағымдағы күнтізбелік жылдың 30 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.
7. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбелерін аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша ағымдағы күнтізбелік жылдың 30 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.
8. Қала көшелерінің тізбесін қаланың жергілікті атқарушы органы бекітеді.
9. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, шаруашылық автомобиль жолдары, елді мекендердің көшелері автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік есепке алынуға жатады. Есепке алу деректері автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша жарияланатын Қазақстан Республикасы автомобиль жолдарының карталары мен атластарын жасау үшін пайдаланылады.
10. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын заңнамада белгіленген тәртіппен пайдалануға қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы орган автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға автомобиль жолын облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тізбесіне енгізу туралы материалдарды келісуге жібереді.
Жіберілетін материалдарда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен автомобиль жолын пайдалануға қабылдағанын растайтын құжаттар, автомобиль жолының атауы мен индексі туралы мәліметтер, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тиісті тізбесі болуға тиіс.
Жазбаша келісімді алғаннан кейін автомобиль жолы облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тізбесіне енгізіледі.