Бесқарағай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңартылған

Абай облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы № 14/5-VIII шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 29 наурызда № 242-18 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Бесқарағай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Бесқарағай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Бесқарағай аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Бесқарағай аудандық мәслихатының төрағасы
      М. Абылгазинова

  Бесқарағай аудандық
мәслихатының
2024 жылғы 19 наурыздағы
№ 14/5-VIII шешіміне
1 қосымша

Бесқарағай ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі

      Ескерту. 1 қосымша жаңа редакцияда – Абай облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 21.06.2024 № 17/7-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) - Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;

      3) аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде ескерілетін кіріс түрлерінің сомасы;

      4) шекті жол берілетін шығыстар - аз қамтылған отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне проценттік қатынасы;

      5) "электрондық үкіметтің" веб-порталы - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.

      2. Тұрғын үй көмегі Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғын үй ретінде меншік құқығында тұрған Бесқарағай ауданының аумағында тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын көрсетілетін қызметті алушыларға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақы төлеуге беріледі:

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Көрсетілетін қызметті аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      3. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Абай облысы Бескарағай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырылады.

      4. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі - Тұрғын үй көмегін беру қағидалар) айқындалған тәртіппен есептейді.

      5. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын,, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға арналған шығыстарды төлеу сомасы арасындағы айырма ретінде және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі 10 (оң) пайыз мөлшерінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңы бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.

      6. Телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлем тарифтерінің көтерілуіне өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Тұрғын үй көмегін беру қағидаларына сәйкес Мемлекеттік корпорация немесе "электрондық үкімет" веб-порталына жүгінеді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      8. Тұрғын үй көмегі көрсетілген аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      10. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

  Бесқарағай аудандық
мәслихатының
2024 жылғы 19 наурыздағы
№ 14/5-VIII шешіміне
2 қосымша

Бесқарағай аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Бесқарағай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қазандағы № 43/7-VI "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6260 болып тіркелген) шешімі.

      2. Бесқарағай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 47/9-VI "Бесқарағай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қазандағы № 43/7-VI "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6498 болып тіркелген).

      3. Бесқарағай аудандық мәслихатының 2020 жылғы 26 мамырдағы № 53/5-VI "Бесқарағай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қазандағы № 43/7-VI "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7169 болып тіркелген).

      4. Бесқарағай аудандық мәслихатының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 61/8-VI "Бесқарағай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қазандағы № 43/7-VI "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8028 болып тіркелген ).

      5. Бесқарағай аудандық мәслихатының 2022 жылғы 5 қазандағы № 24/5-VII "Бесқарағай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қазандағы № 43/7-VI "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30114 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады