Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының 2024 жылғы 15 наурыздағы № 21-4 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 26 наурызда № 5176-08 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қордай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі осы шешімнің 1 - қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2 - қосымшасына сәйкес Қордай аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. "Қордай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы шешімнің "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Жамбыл облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Қордай аудандық мәслихаты интернет - ресурста орналастыруын қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қордай аудандық
      мәслихатының төрағасы Н. Садыков

  2024 жылғы 15 наурыздағы № 21-4 шешіміне 1-қосымша

Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушылар), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырылады.

      3. Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісін "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағида) айқындалған тәртіппен есептейді.

      4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісіне шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі 5 (бес) пайыз мөлшерінде айқындалды.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.

      Жергілікті жылу берілетін қатты отынды пайдалануға өтемақылық нормалары жылу беру маусымына отбасына (азаматқа) 5 (бес) тоннадан артық емес мөлшерінде белгіленеді. Көмірдің құны ретінде Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік статистика органдарының деректеріне сәйкес өткен тоқсанда қалыптасқан орташа бағасы қабылданады.

      Электр энергиясының шығын нормасы бір адамға айына 80 (сексен) киловатт белгіленсін.

      5. "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқытық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлемі жүзеге асырылады.

      6. Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінеді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      7. Тұрғын үй көмегі көрсетілген қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      8. Тұрғын үй көмегін тағайындау көрсетілетін қызметті алушыларға тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      9. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеу есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың немесе қызмет көрсетушілердің жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

  2024 жылғы 15 наурыздағы № 21-4 шешіміне 2 - қосымша

Қордай аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдердің тізбесі

      1. "Қордай ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидаларын бекіту туралы" Қордай аудандық мәслихатының 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №73-3 шешімі (Нормативтік құқытық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4750 болып тіркелген);

      2. "Қордай аудандық мәслихатының 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №73-3 "Қордай ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Қордай аудандық мәслихатының 2021 жылғы 10 желтоқсандағы №16-3 шешімі (Нормативтік құқытық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25841 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады