Маңғыстау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Маңғыстау облыстық мәслихатының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы № 17/182 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2024 жылғы 19 желтоқсанда № 4756-12 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы 2-2-тармағына сәйкес Маңғыстау облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімге қосымшаға сәйкес Маңғыстау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Ж. Матаев

  Маңғыстау облыстық мәслихатының
  2024 жылғы 13 желтоқсандағы
  № 17/182 шешіміне қосымша

Маңғыстау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Маңғыстау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы 2-2-тармағына, "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Маңғыстау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсіретін, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей қатысы бар жануарлардың барлық түрлері;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;

      3) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор – диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жануардың жеке нөмірі туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректерді, сондай-ақ жануардың иесі туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көпдеңгейлі жүйесін көздейтін, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асыратын және уәкілетті орган пайдаланатын ветеринариялық есепке алудың бір бөлігі;

      4) ветеринариялық паспорт – электрондық құжат түрінде берілетін, уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы (тyған күні), жеке нөмірі көрсетіледі;

      5) ветеринариялық пункт – ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органдары құрған, аудандық маңызы бар қалада, кентте, ауылдық округте орналасқан мемлекеттік ветеринариялық ұйымның оқшау бөлімшесі;

      6) дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;

      7) жануарлар – омыртқалы жануарлар;

      8) жануарлардың аса қауіпті аурулары – уәкілетті орган айқындайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуіне, үлкен әлеуметтік-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары;

      9) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      10) жануарларды карантиндеу – диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын жануарларды оқшаулап ұстау;

      11) мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар – облыстардың жергілікті атқарушы органдары құратын аудандар мен қалаларда орналасқан мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар;

      12) уәкілетті орган – ветеринария саласындағы басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттігі шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2 тарау. Ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібі

      3. Ауыл шаруашылығы жануарлары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жануарлар ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі ветеринариялық дауалаудың жүзеге асырылуын бақылау және қадағалау мақсатында міндетті сәйкестендіруге жатады.

      4. Ауыл шаруашылығы жануарлары ветеринариялық – санитариялық қағидалар мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес арнайы жабдықталған қоражайларда ұсталуы тиіс.

      5. Көппәтерлі тұрғын үйлерде ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға жол берілмейді.

      6. Қоғамдық шомылатын орындарда, тоғандарда, субұрқақтарда, жалпыға ортақ пайдаланылатын су айдындарында және су жиналатын жерлерде ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға жол берілмейді.

      Ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшін Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес ортақ су пайдалану тәртібімен су объектілерінің ластануы мен қоқыстануын болдырмайтын суат алаңдары мен басқа да құрылғылары бар санитариялық қорғау аймақтарынан тыс су объектілерін пайдалануға жол беріледі.

      7. Ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі, тірі организмдермен және биологиялық тіндермен (материалдармен) ветеринариялық практикалық және ғылыми қызмет пен эксперименттер нәтижесінде түзілген, сондай-ақ жануарларды өсіруді, дайындауды (союды), жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, қайта өңдеу мен өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінің, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдардың қызметі процесінде пайда болатын материалдар, заттар, малдан, өсімдіктерден және минералдардан қалған қалдықтар (жануарлардың өлекселері, абортталған және өлі туған төлдер, ветеринариялық конфискаттар, жемшөп қалдықтары) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 16-07/307 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 11003 болып тіркелген) бекітілген Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларымен айқындалған тәртіппен жойылуға жатады.

      8. Адамдардың қадағалауынсыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары қараусыз болып есептеледі және иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға айдауға жатады.

      Ұсталған қараусыз жүрген жануарларды ұстау, иелеріне қайтару тәртібі, сондай-ақ иелерінің жауапкершілігі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес айқындалады.

      9. Ауыл шаруашылығы жануарларына қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 16-02/701 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 10183 болып тіркелген) бекітілген Жануарларға қарау қағидаларымен айқындалған.

      10. Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстаудың міндетті шарты аса қауіпті аураларға қарсы вакцинациялау, паразиттік ауруларға қарсы іс-шаралар және тұрғылықты жері бойынша ветеринариялық ұйымдарда диагностикалық зерттеулер жүргізу болып табылады.

      11. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелерін, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарды, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарын жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қабылдауға және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың актілерін орындауға міндетті.

      12. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері қора-жайдың белгілі бір микроклиматын құруды (жануарлардың әртүрлі топтары үшін әртүрлі), жануарларға төсеніш материалдарын салуды, қора-жайларды жүйелі түрде тазалауды (оның ішінде көңді жоюды, сақтауды) жүргізуді, сондай-ақ буаз жануарлар мен төлдерді күтіп бағу гигиенасын қамтамасыз етуді қамтитын зоогигиеналық жағдайларды сақтауы тиіс.

      13. Союдың алдында ветеринариялық тексерусіз және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiн ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз өткiзу үшiн жануарларды союға жол берілмейді.

      14. Жануарларды сатып алу, сату, союға тапсыру, басқа орындарға ауыстыру және жаңадан топтастыру ветеринариялық ілеспе құжаттар (ветеринариялық сертификат немесе ветеринариялық анықтама) болған кезде жүргізіледі.

      15. Жеке және заңды тұлғалар "Жануарларды карантиндеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 7-1/700 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 10223 болып тіркелген) сәйкес диагностикалық зерттеулер және ветеринариялық өңдеулер жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын ауыл шаруашылығы жануарларын карантиндеу жүргізеді.

      16. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларды тасымалдау (орнын ауыстыру) "Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 мамырдағы №7-1/496 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 11845 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады, сондай – ақ, "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 11898 болып тіркелген) сәйкес берілген ветеринариялық құжаттармен сүйемелденеді.

      17. Осы Қағидаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеп соғады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады