Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 16-02/701 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 ақпанда № 10183 тіркелді.

      "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңы 8-бабының 46-21) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріп отырған Жануарларға қарау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықты мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жетекші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Мамытбеков

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2014 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 16-02/701 бұйрығымен
бекітілген

Жануарларға қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.06.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Жануарларға қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8 бабының 46-21) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарларға қарау тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсiретiн, ауыл шаруашылығы өндiрiсiне тiкелей қатысы бар малдардың, құстардың, балықтардың және бал араларының барлық түрi;

      2) биостерилизациялау – жануарларды тұқымдану қабілетінен (репродуктивті қабілетінен) хирургиялық жолмен айыру;

      3) жануарлар – фаунаға жататын биологиялық объектілер: ауыл шаруашылығы және үй, жабайы жануарлар;

      4) жабайы жануарлар – табиғи тіршілік ету ортасы жабайы табиғат болып табылатын, сонымен қатар еріксіз немесе жартылай бостандықта мекендейтін жануарлар;

      5) жануарларды эвтаназиялау – жануарларды өлер алдында қинамау үшін, оларды ізгілік әдістермен жансыздандыру;

      6) қаңғыбас жануарлар – адамның қарауынсыз қалған немесе жартылай еркін топ болып құрылған, адамның қадағалауынсыз көбеюге қабілетті үй жануарлары;

      7) үй жануарлары – иттер, мысықтар және ұзақ тарихи кезең бойы дәстүрлі түрде адам көмегімен өсірілетін және бағылатын, сонымен қатар адамның эстетикалық мұқтажын қанағаттандыру үшін жасанды жолмен өсіріп шығарған және жабайы популяциясы жоқ өмірге қабілетті, жеке морфологиялық белгілері ұқсас өзгешеліктері бар және ұзақ уақыт бойы табиғи ареалда өмір сүретін жануарлардың түрлері мен тұқымдары.

      3. Осы Қағидалар жеке және заңды тұлғалардың келесі қызметтеріне таралады:

      1) жануарларды, асыл тұқымды мал шаруашылығын қоса алғандағы, малды өз төлі есебінен өсіруде, бағып-көбейтуде және күтіп-ұстауда;

      2) жануарларды ғылыми – зерттеу және оқу мақсаттарында, тестілеуде, өндірісте, оның ішінде биологиялық препараттардың өндірісінде пайдаланғанда;

      3) жануарларды көрініс іс-шараларында, спортта, ойын-сауық ұйымдастыру кезінде пайдаланғанда.

2-тарау. Асыл тұқымды малдарды қоса алғандағы, ауыл шаруашылығы, үй және жабайы жануарларына қарау тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.06.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Асыл тұқымды жануарларды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы, үй және жабайы жануарларын өсірумен, асыраумен, бағумен, көбейтумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар, келесіні қамтамасыз ету қажет:

      1) ауыл шаруашылығы, үй жануарлары мен асыл тұқымды малдарды уақытылы бірдейлендіруді;

      2) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы маңызы бар және үй жануарларын уақытылы диагностикалаудан және вакцинациялаудан өткізуді;

      3) жануардың түріне, жасына және физиологиясына сәйкес саулығы, ауқаттылығы жөніндегі күтімді және оларды пайдалануды;

      4) жануарлар және адамдар ортасының қауіпсіздігін, сонымен қатар мүліктің жануарлардан зиян келтіруінен;

      5) жануарларда керексіз тұқымның пайда болуын болдырмау бойынша уақытша оқшаулау және биостерилизациялау жолдары арқылы шаралар қолдануы;

      6) көлік жолында жануарлармен өткен кезде жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтау және оның жолдан өтіп бара жатқандағы тәртібін тікелей қадағалау арқылы жолдан өткен кезде жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауы;

      7) санитариялық-гигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) нормалар мен қағидалардың талаптарын сақтауды қамтамасыз етуі.

      5. Жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы, үй, жабайы және асыл тұқымды жануарларды ұстау кезінде келесіні қамтамасыз етеді:

      1) жайлы орналасқан орындарды, ылғалды-температуралық режимді, табиғи жарықты, вентиляцияны;

      2) құқық қорғау органдары арнайы дайындалған жануарларды (иттерді) қызметте шұғыл пайдаланған уақытта және оларды оқу-үйрету іс-шараларында пайдаланған уақытта, тұмылдырықта болуын және қысқа тізгінде ұсталуын;

      3) оларды биологиялық, түр-тұқымдық және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келетін және олардың тамаққа, суға, ұйқыға, қозғалысқа, өзіне ұқсас жануарлармен қатынастарға, табиғи белсенділік пен басқа да қажеттіліктерге табиғи мұқтажын қанағаттандыратын жағдай жасалуын;

      4) оқшауланған қора-жайда, қоршалған аумақта бос қойып немесе байлаулы ұстап бағуды. Күзетуге арналған жануарларды (иттерді) "абайлаңыз қабаған ит" деген ескерту жазуы бар, жабдықталған қора-жайларда немесе байлауда ұсталуын;

      5) "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, өз тұрғын алаңында бірнеше отбасы қоныстанған тұрғын жайларында (пәтерде тұратын барлық тұрғындардан жазбаша келісімдерімен).

3-тарау. Өндірістегі, тестілеудегі, оқу мақсатындағы және ғылыми– зерттеулердегі, сонымен қатар биологиялық препараттардың өндірісіндегі жануарларға қарау тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.06.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Оқу мақсатында және ғылыми – зерттеулерде пайданылатын жануарларды вольерлерде, биологиялық клиникаларда (виварийлерде) немесе питомниктерде ұстайды.

      7. Оқу үрдісінде, ғылыми тәжірибелерде, биологиялық тестілеуде, басқа (балама) әдістермен және объектілермен жануарларды ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда ғана оларды пайдаланады.

      8. Тәжірибелік жануарларға емдеу шараларын жасағанда, жарақат немесе ауыртпалы тітіркендіргіштер болмауы үшін, олардың мақсатына және жануарлардың түріне қарамастан жансыздандыру жағдайында жасалады.

      9. Тәжірибелерде, шерулерде пайдаланылатын жануарлар біліктілік күтіммен қамтамасыз етіледі. Өмірге қабілетсіз жануарлар қиналмас үшін эвтаназиялық әдіспен жансыздандырылады.

4-тарау. Спорттық шараларда, ойындарды ұйымдастыруда пайдаланылатын жануарларға қарау тәртібі

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.06.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Жануарлардың хайуанаттар бағындағы, көрмелердегі шерулері зоогигиеналық, ветеринариялық-санитариялық және басқа нормалар мен қағидаларды сақтағанда ғана өткізіледі.

      11. Спорттық шаралар, теледидарлық және кинофототүсіру келесідей өтуі қажет:

      1) жануарларға жарақат жасаусыз, ауыртпалықтарсыз, зақым келтірусіз және олардың өлімін болдырмаусыз;

      2) жануарларды табиғи мүмкіндіктерін жоғарылатуға немесе төмендетуге жасалатын заттарды (наркоз, есірткілер, қоздырғыштар немесе седативті препараттар) қабылдаусыз және қолданусыз.

5-тарау. Тасымалдау кезінде жануарларға қарау тәртібі

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.06.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Жануарларды тасымалдау кезінде оларды тамаққа және суға қажеттілігін қанағаттандырады, сонымен қатар қорғауды қамтамасыз етеді.

      13. Жануарларды тасымалдауға арналған көлік арнайы құралдармен жабдықталуы керек, сонымен қатар жануарларды тиеу және түсіру кезінде оларды жарақаттамайтын және/немесе өлімін болдырмайтын жабдықтар қолданады.

      14. Әр түрлі жануарларды тасымалдау жеке түрде жүзеге асырылады, тек бір-бірімен табиғи жанасатын немесе бір-біріне бейтарап болатын түрлерінен басқа.

      15. Өлген және ары қарай тасымалдауға жатпайтын жануарлар тез арада тірі жануарлардан оқшауландырылады.

6-тарау. Қараусыз қалған, қамқорлықсыз қалған тастанды, қаңғыбас, жануарларды және тағыланған үй жануарларына қарау тәртібі

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.06.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Адам күтіп-бақпайтын, бірақ адам қызметімен жартылай немесе толық жасалатын жағдайда мекендейтін жануарлардың санын реттеу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы № 480 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16115 болып тіркелген) бекітілген Жануарлардың санын реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады және биостерилизация әдістерімен немесе биологиялық әдістермен, ал оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда, эвтаназия әдістерімен жүргізіледі.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.06.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Қараусыз қалған жануарларды аулау келесі мақсаттарда:

      1) биостерилизация әдістер мен олардың санын реттеу;

      2) иелеріне қайтару;

      3) олардың басқа жерге орналасу кезінде жүргізіледі.

      18. Қараусыз қалған жануарларды аулау кезінде оларды жарақаттайтын немесе денсаулықтарына және өміріне зиян келтіретін техникалық құралдарды және ветеринариялық препараттарды қолданбайды.

7-тарау. Жануарларды жансыздандыру кезінде мейіріммен қарау

      Ескерту. 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 17.06.2019 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Жануарларды жансыздандыру жеке және заңды тұлғалармен жасалады:

      1) адаммен ұсталмайтын, бірақ толық немесе жартылай адаммен жасалған жағдайда мекендейтін жануарлардың және жабайы жануарлардың санын реттеу кезінде;

      2) аса қауіпті аурулармен ауыратын жануарларды анықтағанда немесе аса қауіпті аурулардың қоздырғыштарын тасушылары анықталғанда;

      3) адам өмірі мен денсаулығына жануарлар шабуылынан қауіп төнгенде, қорғануға қажеттілік болғанда;

      4) жануардың азаптануын басқа тәсілмен тоқтата алмаған жағдайда тоқтатуға;

      5) жануарлардың айқын түрдегі ауытқуы бар және кемтар, өмірге қабілетсіз жаңа туылған төлді алғанда;

      6) пайдалы шаруашылық өнімдерді алу кезінде.

      20. Жануарларды жансыздандыруды басқа жануарлар ұсталатын жайлардан бөлек арнайы жайларда жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады