Жангелдин ауданы мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № 48 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қостанай облысы Жангелдин ауданы мәслихатының 2024 жылғы 10 қазандағы № 102 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 28 қазанда № 10299-10 болып тіркелді

      Жангелдин аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № 48 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10137-10 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – облыстық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.";

      4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "4. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 26 сәуір - Чернобыль апаты туралы еске алудың халықаралық күні;

      3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күні;

      5) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні;

      6) Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан.";

      5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Мереке күндер мен атаулы күндеріне біржолғы әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына, табыстарын есепке алмай көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен, не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2) 26 сәуір - Чернобыль апаты туралы еске алудың халықаралық күні:

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударған (өз еркімен кеткен) адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні:

      осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      ұрыс қимылдары жүргізілген басқа елдерде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1500000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелеріне 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан, не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген болған адамдарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдарға теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      келесі санаттағы адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі:

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, осы Заңның 4-6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      5) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні:

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.";

      6-тармақтың 8) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "8) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне, табыстарын есепке алмай, біржолғы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;";

      6-тармақ 13) және 14) тармақшалармен толықтырылсын:

      "13) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың және оларды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамдардың шығындарын өтеу әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы санаторийлік-курорттық емдеуді жүзеге асыратын ұйымдарда, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға сату кезінде санаторийлік-курорттық емдеу құнының өтемақысы ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызынан аспайтын, табыстарын есепке алмай бірақ бір алып жүретін адамнан аспайтын адаммен, жылына 1 рет емдеу шараларын қоспағанда, тұруға және тамақтануға нақты шығындар мөлшерінде;

      14) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ардагерлерге және Заңның 5, 6-баптарында, 7-бабының 1) - 4) тармақшаларында, көрсетілген басқа да адамдарға санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың нақты құнын өтеуге, Қазақстан Республикасының шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, жолдаманың нақты құнын өтеуге, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тиісті қаржы жылына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға оларды сату кезінде санаторийлік-курорттық емделудің құнына өтемақы ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сомадан аспайтын мөлшерде.

      "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара туралы" Қостанай облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген) шешімімен белгіленген санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеу жазбаша түрде заттай нысаннан бас тартқан жағдайда ұсынылады.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Мереке күндер мен атаулы күндерне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган белгілейді, содан кейін Мемлекеттік корпорацияға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады."

      13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген адамдар өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамның ата-анасы не заңды өкілі адамның иммун тапшылығы вирусы ауыруын растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар оңалту фактісін және жол жүру құнын растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағы 6) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген адамдар білім алғанын, оның құнын және мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдар ағымдағы жылғы рецептуралық бланкінің дәрігер куәландырған көшірмесін және кассалық немесе тауарлық чекті ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 8), 9) тармақшасында көрсетілген адамдар дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 10), 11) тармақшасында көрсетілген адамдар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін табысы туралы мәліметтерді, қайтыс болу фактісін, сондай-ақ қайтыс болуды тіркеу кезінде қайтыс болған адамды жұмыссыз ретінде тіркеу фактісін растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінің есебінде тұру фактісін растайтын құжаттарды ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 13) тармақшасында көрсетілген адамдар санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлегенін растайтын құжатты, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға және оны алып жүретін адамға санаторийлік-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін ұсынады;

      осы Қағидалардың 6-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін, санаторийлік-курорттық емделу ақысын төленгенін растайтын құжаттарды, санаторийлік-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары мен көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексергеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      Әлеуметтік көмек өтініш берген айдан басталады.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 10 сәуірінен бастап туындаған қатынастарға таратылады.

      Мәслихат төрағасы А. Ержигитова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады