Ертіс ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Павлодар облысы Ертіс аудандық мәслихатының 2024 жылғы 22 мамырдағы № 74-21-8 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 23 мамырда № 7546-14 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 46-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" № 117 бұйрығына сәйкес, Ертіс аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ертіс ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Ертіс аудандық мәслихатының 2021 жылғы 23 сәуірдегі "Ертіс ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" № 21-4-7 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7267 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ертіс аудандық мәслихатының төрағасы Б. Шингисов

  Ертіс аудандық
мәслихатының 2024 жылғы
22 мамырдағы № 74-21-8
шешіміне қосымша

Ертіс ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

1 - тарау. Жалпы ережелер

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ертіс ауданының аумағындағы тұрақты тіркелген және тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Тұрғын үй көмегін есептеуге енгізілген аз қамтылған отбасының (азаматтың) шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға арналған шығыстарды төлеу сомасы арасындағы айырма ретінде және көрсетілетін аз қамтылған отбасының (азаматтың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі 5 (бес) пайыз мөлшерінде айқындалады.

      2. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындауды уәкілетті орган "Ертіс ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.

2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері

      3. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау төмендегі нормаларға сәйкес жүргізіледі:

      - жалғыз тұратын азаматтар үшін - тұрғын үйдің жалпы алаңынан 30 (отыз) шаршы метр, бiрақ кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерiнде немесе жатақханадан бөлме;

      - 2 және одан да көп адамнан тұратын отбасылар үшін – тұрғын үйдің жалпы алаңынан бір адамға 18 (он сегіз) шаршы метр;

      Электр плиталарын пайдаланатын тұтынушылар үшін электр энергиясын тұтыну нормасын бір адамға айына - 110 (жүз он) киловатт мөлшерінде анықтау.

      Электр плиталарын пайдаланбайтын тұтынушылар үшін - бір адамға айына 90 ( тоқсан) киловатт.

      Газ тұтыну нормасы айына бір отбасына он килограмм болып белгіленсін.

      4. Телекоммуникациялар желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақы тарифтерінің көтерiлуiне өтемақы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" № 295/НҚ бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

3 - тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі

      5. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тоқсанына бір рет "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына мынадай құжаттар тізбесімен жүгінеді:

      1) Мемлекеттік корпорацияға:

      жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      отбасының табысын растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      жұмыс орнынан анықтама не жұмыссыз тұлға ретінде тіркелгені туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға алимент туралы мәліметтер;

      банктік шот;

      тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;

      коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;

      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шот;

      2) "электрондық үкіметтің" веб-порталына:

      аз қамтылған отбасының (азаматтың) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;

      отбасының табысын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;

      жұмыс орнынан анықтаманың электрондық көшірмесі не жұмыссыз адам ретінде тіркелгені туралы анықтама;

      балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға алимент туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;

      банктік шоттың электрондық көшірмесі;

      тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі;

      коммуналдық қызметтерді тұтыну шотының электрондық көшірмесі;

      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың электрондық көшірмесі немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі.

      6. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      7. Тұрғын үй көмегі ағымдағы тоқсанда құжаттарды тапсыру уақытына қарамастан өткен тоқсанның тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге кеткен жиынтық кіріс пен шығыстар бойынша бір тоқсан мерзімге тағайындалады.

      8. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысы уәкілетті органмен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" № 117 айқындалған тәртіпте, тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанына есептеледі.

      9. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін ай сайын тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына есептелген сомаларды аудару жолымен екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.

      10. Отбасы тұрғын үй көмегін заңсыз тағайындауға әкеп соққан көрінеу жалған ақпаратты және (немесе) дәйексіз құжаттарды ұсынған кезде өтініш берушіге және оның отбасына тұрғын үй көмегін төлеу оны тағайындаудың бүкіл кезеңіне тоқтатылады.

      11. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады