Қазақстан Республикасы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заныңың 6-бабына, Қазақстан Республикасы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Занының 97-бабына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, Тереңкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Тереңкөл ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Тереңкөл аудандық мәслихатының төрағасы | Р. Габидулин |
Тереңкөл аудандық мәслихатының 2024 жылғы 24 мамырдағы № 5/18 шешіміне қосымша |
Тереңкөл ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Тереңкөл ауданының аумағындағы тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушылар):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар 5 (бес) пайыз мөлшерінде белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
3. Көрсетілетін қызметті алушының жиынтық табысын көрсетілетін қызметті беруші Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 19-48-тармақтарында айқындалатын тәртіппен тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептейді.
4. Көрсетілетін қызметті алушыларға тұрғын үй көмегін тағайындау (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) "Тереңкөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырады.
2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері
5. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.
6. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің өсуін өтеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" № 295/НҚ бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік қызмет көрсетілетін қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
3-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі
8. Көрсетілетін қызметті алушы (не оның өкілі сенімхатқа, заңнамаға, сот шешіміне немесе әкімшілік актіге негізделген өкілеттікке байланысты) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін тоқсанына бір рет "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына мынадай құжаттарды ұсына отырып жүгінеді:
1) Мемлекеттік корпорацияға:
Қазақстан Республикасы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 10-2-бабының 9-1) тармақшасына сәйкес бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларының 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
отбасының кірісін растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;
банктік шоты;
тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот;
2) "электрондық үкіметтің" веб-порталына:
көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;
отбасының кірісін растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;
жұмыс орнынан анықтаманың немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтаманың электрондық көшірмесі;
балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;
банктік шотының электрондық көшірмесі;
тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі;
коммуналдық қызметтерді тұтыну шотының электрондық көшірмесі;
телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі.
Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық жүйелер арқылы алады.
9. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
10. Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар пакеті толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
11. "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш берген жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілетін хабарлама жіберіледі.
12. Көрсетілетін қызметті алушы жалған ақпаратты және (немесе) дұрыс емес құжаттарды ұсынған кезде жиынтық табысты есептеу жүргізілмейді.
Көрсетілетін қызметті алушы тұрғын үй көмегін заңсыз тағайындауға әкеп соққан жалған ақпаратты және (немесе) дәйексіз құжаттарды ұсынған кезде көрсетілетін қызметті алушыға және оның отбасына тұрғын үй көмегін төлеу оны тағайындаудың бүкіл кезеңіне тоқтатылады.
13. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын көрсетілетін қызметті берушіге жібереді.
14. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық жиынтығын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.
15. Көрсетілетін қызметті беруші Қағидаларының 18-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартады.
16. Тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім немесе қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру тұрғын үй көмегін тағайындаушы көрсетілетін қызметті берушімен жүзеге асырылады. Тұрғын үй көмегінің тағайындалуы туралы хабарлама немесе бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе "жеке кабинетке" электрондық құжат түрінде жолданады.
17. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеуді көрсетілетін қызметті беруші тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім қабылданған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына есептелген сомаларды аудару жолымен екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.
18. Тұрғын үй көмегін тағайындау не тұрғын үй көмегін тағайындаудан бас тарту туралы қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға құқығы бар.
19. Тұрғын үй көмегін көрсетуге арналған шығыстарды қаржыландыру ағымдағы қаржы жылына арналған Тереңкөл ауданының бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.