Аққулы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Павлодар облысы Аққулы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 наурыздағы № 78/18 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 28 наурызда № 7521-14 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 97-бабына, "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген), Аққулы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Аққулы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аққулы аудандық мәслихатының төрағасы А. Касымова

  Аққулы аудандық
мәслихатының 2024 жылғы
26 наурыздағы № 78/18
шешіміне қосымша

Аққулы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

1 - тарау. Жалпы ережелер

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Аққулы ауданының аумағындағы тұрақты тіркелген және тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      -кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      -коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      -мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Тұрғын үй көмегін есептеуге енгізілген аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға арналған шығыстарды төлеу сомасы арасындағы айырма ретінде және көрсетілетін қызметті алушының осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі 5 (бес) пайыз мөлшерінде айқындалады.

      3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) айына кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтерімен мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға арналған шекті жол берілетін шығыстар үлесі, табысы аз отбасының (азаматтың) жиынтық табысының 5 (бес) пайызы мөлшерінде айқындалады.

      4. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті органмен "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (бұдан әрі - Қағидалар) айқындалған тәртіпте, тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанына есептеледі.

      5. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау "Аққулы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.

2 - тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері

      6. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау төмендегі нормаларға сәйкес жүргізіледі:

      - жалғыз тұратын азаматтар үшін-тұрғын үйдің жалпы алаңынан 30 (отыз) шаршы метр;

      - 2 және одан да көп адамнан тұратын отбасылар үшін - тұрғын үйдің жалпы алаңынан бір адамға 18 (он сегіз) шаршы метр;

      Электр плиталарын пайдаланатын тұтынушылар үшін электр энергиясын тұтыну нормасын бір адамға айына - 110 (жүз он) киловатт мөлшерінде анықтау.

      Электр плиталарын пайдаланбайтын тұтынушылар үшін - бір адамға айына 90 ( тоқсан) киловатт.

      7. Телекоммуникациялар желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақы тарифтерінің көтерiлуiне өтемақы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" № 295/НҚ бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

      8. Есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасының "Табиғи монополиялар туралы" Заңына сәйкес белгіленеді. Егер шығыстарға арналған нормативтер мен тарифтер заңнамада белгіленген тәртіппен айқындалмаса, шығындарды өтеу нақты шығыстар бойынша жүргізіледі.

3-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі

      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына мынадай құжаттар тізбесімен жүгінеді:

      1) Мемлекеттік корпорацияға жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      отбасының табысын растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      жұмыс орнынан анықтама не жұмыссыз тұлға ретінде тіркелгені туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға алимент туралы мәліметтер;

      банктік шот;

      тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;

      коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;

      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шот;

      2) "электрондық үкіметтің" веб-порталына:

      көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;

      отбасының табысын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;

      жұмыс орнынан анықтаманың электрондық көшірмесі не жұмыссыз адам ретінде тіркелгені туралы анықтама;

      балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға алимент туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;

      банктік шоттың электрондық көшірмесі;

      тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі;

      коммуналдық қызметтерді тұтыну шотының электрондық көшірмесі;

      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың электрондық көшірмесі немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі.

      10. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      11. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе "жеке кабинетке" электрондық құжат түрінде жіберіледі.

      12. Уәкілетті орган Қағидалардың 18 - тармағында көзделген негіздер бойынша тұрғын үй көмегін көрсетуден бас тартады.

      13. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеу тоқтатылады, егер оның алушысы коммуналдық қызметтерді, телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi күтiп-ұстауға арналған төлемдерді мақсатты емес түрде пайдаланса және өз уақытымен жүргізбеген жағдайда.

      14. Тұрғын үй көмегі ағымдағы тоқсанда құжаттарды тапсыру уақытына қарамастан өткен тоқсанның тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге кеткен жиынтық кіріс пен шығыстар бойынша бір тоқсан мерзімге тағайындалады.

      15. Өтініш иесімен тұрғын үй көмегін тағайындауға әкеп соққан толық емес жалған мәлімет ұсынылған кезде, өтініш иесіне және оның отбасына тұрғын үй көмегін төлеу тоқтатылады, ал алынған қаржы қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамаға сәйкес қайтарылыуы тиіс.

      16. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      17. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 10 күніне дейін ай сайын тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына есептелген сомаларды аудару жолымен екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады