Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық мәслихатының 2024 жылғы 10 қаңтардағы № 11/16-VIII шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 22 қаңтарда № 8952-16 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, қаулысына сәйкес, Риддер қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімге 1-қосымшаға сәйкес Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімге 2-қосымшаға сәйкес Риддер қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Риддер қалалық мәслихатының төрағасы Е. Нужных
      "КЕЛІСІЛДІ"
"Шығыс Қазақстан облысының
жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламаларды үйлестіру басқармасы"
мемлекеттік мекемесінің басшысы
____________
___________ 2023 жыл
А. Мусинова

  2024 жылғы 10 қаңтардағы
№ 11/16-VIII Мәслихат
шешіміне 1-қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек - Риддер қаласының жергілікті атқарушы органымен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ мереке күндері мен атаулы күндерге ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмекті көрсетуді жүзеге асыратын "Риддер қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистика органдары есептейтін ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін Риддер қаласы әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      5. Осы Қағидалар Риддер қаласының аумағында тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелген тұлғаларға қолданылады.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылардың санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек мезгіл-мезгіл (жылына 1 рет) ақшалай төлемдер түрінде азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      бұрынғы КСР Одағы үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлеріне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға – 15 000 теңге (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) балалары бар көп балалы отбасыларға – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      3) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:

      1, 2 топтағы көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға – 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      4) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні:

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы нысандардағы басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 70 000 (жетпіс мың) теңге мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына – 13 000 (он үш мың) теңге;

      5) 9 мамыр – Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне - 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілеріне – 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысының қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      6) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні:

      сот тәртібінде немесе Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген басқа тәртіпте саяси қуғын-сүргiндердің құрбандары немесе саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер деп танылған азаматтарға – 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;

      7) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біріне немесе өзге де заңды өкілдеріне) – 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      жетім балаға (жетім балаларға, 18 жасқа дейінгі ата-анасының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған балаға (балаларға) 18 жасқа дейінгі ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған жетім баланың (жетім балалардың, баланың (балалардың) заңды өкіліне) – 30 000 (отыз мың) мөлшерінде) теңге мөлшерінде;

      8) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданыстағы тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндерге ұшыраған тұлғалрға, – 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.

      8. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;

      3) ең төменгі күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгіленген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      4) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      5) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      6) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.

      9. Ақшалай нысандағы бір реттік әлеуметтік көмек алушылардың келесі санаттарына:

      1) белгіленген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа кірісі бар:

      әлеуметтік маңызы бар аурулары бар азаматтарға (отбасыларға);

      жетімдерге;

      ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандарға;

      жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмайтын азаматтарға;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға;

      пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға;

      2) жан басына шаққандағы орташа кірісі есепке алынбай:

      дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келген жағдайда көрсетіледі.

      10. Ақшалай нысандағы әлеуметтік көмек мезгіл-мезгіл (ай сайын) жан басына шаққандағы орташа кірісі есепке алынбай:

      адамның вирустық иммунитет тапшылығын (АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде;

      Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының "Риддер қалалық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған тізбе бойынша амбулаториялық емдеудегі туберкулез ауыруымен ауыратын азаматтарға 34 500 (отыз төрт мың бес жүз) теңге мөлшерінде көрсетіледі.

      11. Азаматтың (отбасының) жан басына шаққандағы орташа кірісінің шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде белгіленсін.

      Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмектің шекті шамасы 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      Осы Қағидалардың 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдері оқиғалар басталған күннен бастап үш ай ішінде жасалады.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек Мемлекеттік корпорация не өзге де ұйымдар ұсынған, Риддер қаласы әкімдігі бекіткен тізімдер бойынша оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      14. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      15. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидалардың 3-тарауымен анықталады.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      17. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Риддер қаласының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      18. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалары ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      19. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  2024 жылғы 10 қаңтардағы
№ 11/16-VIII Мәслихат
шешіміне 2-қосымша

Риддер қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Риддер қалалық мәслихатының 2022 жылғы 19 мамырдағы №15/2-VII "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №28386 болып тіркелген).

      2. Риддер қалалық мәслихатының 2022 жылғы 6 қазандағы № 20/6-VII "Риддер қалалық мәслихатының 2022 жылғы 19 мамырдағы №15/2-VII "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №30213 болып тіркелген).

      3. Риддер қалалық мәслихатының 2023 жылғы 6 маусымдағы № 3/3-VIІI "Риддер қалалық мәслихатының 2022 жылғы 19 мамырдағы №15/2-VII "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №8871-16 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады