Батыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу Қағидалары туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 30 мамырдағы № 12-2 шешімі. Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 5 маусымда № 7386-07 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Батыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат төрағасы М. Мукаев

  Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты
2024 жылғы 30 мамырдағы
№ 12-2 шешіміне қосымша

Батыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Батыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 "Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10234 болып тіркелген) (бұдан әрі – Жылу энергиясын пайдалану қағидалары), "Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 2 ақпандағы № 55 бұйрықтарының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10516 болып тіркелген) (бұдан әрі – Жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидалары) негізінде әзірленді және Батыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізудің тәртібін анықтайды.

      2. Қағида Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарының, тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен кәсіпорындары мен ұйымдарының энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін жылу беру маусымына дайындау жөніндегі қызметінің тәртібін үйлестіреді.

      3. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық және отын – энергетикалық кешеніне кіретін ұйымдар мен мекемелер тұтынушыларды тұрақты жылумен жабдықтауды, сумен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, газбен жабдықтауды, отынмен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз етеді, сондай – ақ энергия көздерінің қажетті параметрлерін сақтайды және тұрғын үйлер мен ғимараттардағы олардың мақсаты мен энергия тұтынудың төлем тәртібін ескере отырып, нормативтік температуралық режимді қамтамасыз етеді.

      4. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) энергиямен жабдықтаушы ұйым - сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;

      2) басқарушы компания – жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісін басқару жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      3) тұтынушы - электр және (немесе) жылу энергиясын шарт негізінде тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;

      5. Батыс Қазақстан облысының энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін күзгі-қысқы жағдайларда жұмысқа дайындау жыл сайын жүзеге асырылады.

      6. Жылу беру маусымына дайындықты және оны өткізуді жалпы үйлестіруді облыстың жергілікті атқарушы органымен құрылған облыстық жұмыс тобы жүзеге асырады.

      7. Облыстың қала және аудандарында жылу беру маусымына дайындықты және оны өткізуді ұйымдастыруды қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен құрылған қаланың және аудандық жұмыс топтары жүзеге асырады.

      8. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың басқарушы компаниямен және тұтынушылармен өзара қарым-қатынасы олардың арасында жасалған шартпен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен айқындалады.

2-тарау. Жылу маусымына дайындық

      9. Жылу маусымына дайындық және өткізуге байланысты іс-шаралар кешені бес кезеңнен тұрады:

      1) жылу беру маусымына дайындық;

      2) жылумен жабдықтау және жылу тұтыну жүйелерін іске қосу;

      3) температуралық кестеге сәйкес тұрақты жылумен жабдықтау және энергетикалық жүктемелердің қысқы максимумынан өту;

      4) жылу беру маусымын аяқтау және жылыту жүйелерін өшіру;

      5) жылуаралық кезеңде ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз ету.

      10. Жылумен жабдықтау және жылу тұтыну объектілерінде авариялардың алдын алу немесе оны жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдау Жылу энергиясын пайдалану қағиданың 39-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Инженерлік желілерде авариялық және жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін апат болған немесе ақау пайда болған көше жолдарында, орамішілік және аула аумақтарында асфальт жабынын, көгалдар мен жасыл желектерді қалпына келтіру жүргізіледі.

      12. Жылу маусымына дайындық және оны өткізу үшін жауапкершілік Батыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан кәсіпорындар, ұйымдар мен қызметтер, олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, қала мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жүктеледі.

      Қала мен аудандардың әкімдері жыл сайын 31 желтоқсаннан кешіктірмей тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қызметті басқаруды және үйлестіруді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның қызметкерлері қатарынан келесі жылдың алдағы жылу маусымына дайындық үшін жауапты адамдарды бекітеді.

      13. Қала және аудандар әкімдіктері жыл сайын 1 маусымға дейін облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органына қала және аудандық коммуналдық меншіктегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілері бойынша қала мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ қарамағында осы объектілер бар облыстың атқарушы органдарының келесі күнтізбелік жылға арналған отынды тұтынудың шекті жылдық көлемін (лимиттерін) ұсынады.

      14. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін кезекті жылу беру маусымына дайындау алдыңғы жылу беру маусымын өткізу кезеңінде анықталған ақаулар мен нормативтерден ауытқуларды жүйелендіруден, техникалық жай – күйін, нақты жұмыс режимдерін және белгіленген жабдықты пайдалану деңгейін талдаудан, жөндеу көлемін нақтылаудан, ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың тізбесін жасаудан, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге тапсырыстарды ресімдеуден, мердігерлік ұйымдармен шарттар жасасудан басталады.

      15. Жылу беру маусымына дайындық:

      1) өткен жылу беру маусымы бойынша кемшіліктерді анықтау, анықталған ақаулар мен бұзушылықтарды жою бойынша іс – шараларды орындауды;

      2) жылу беру маусымына дайындық жоспарын әзірлеуді;

      3) қаржыландыру мәселелерін шешу және мердігерлік ұйымдармен шарттар жасасу, жөндеу және құрылыс – монтаж жұмыстарын материалдық –техникалық қамтамасыз етуді;

      4) жылумен жабдықтау көздері мен орталық жылу пункттерінде қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде қазандықтарды, ыдыстарды, құбырларды қарау және сынақтан өткізуді;

      5) жылу беру кестесін және жылу желілері жұмысының гидравликалық режимін әзірлеуді;

      6) инженерлік желілерде, оның ішінде қайта жаңартуға, күрделі және ағымдағы жөндеуге, сынауға және шаюға байланысты жұмыстарды орындауды;

      7) электр көздерінде, жылу көздерінде және инженерлік желілерде профилактикалық, жоспарлы жөндеулерді орындауды;

      8) ғимараттарды (үйлерді) дайындау, ғимараттардың (үйлердің) ішіндегі инженерлік жүйелердің жабдықтарын жөндеу және ауыстыру, алдын алу жұмыстарын жүргізуді;

      9) энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық объектілерінде технологиялық аварияларды жою және дүлей зілзалалардың зардаптарын жою үшін негізгі және резервтік отынның нормативтік қорларын, сондай – ақ материалдық – техникалық ресурстардың авариялық қорларын құруды;

      10) отын қоймаларын дайындау, резервтік отын шаруашылықтарының инженерлік жабдықтарын, отын дайындау, отын беру, қож пен күлді жою жүйелерін, темір жол және автомобиль кірме жолдарын, өртке қарсы шаруашылықты жөндеуді орындауды қамтамасыз етуді енгізеді.

      16. Жылумен жабдықтау көздері мен орталық жылу беру пункттеріндегі жұмыстар:

      1) күзгі кезеңде жылу қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар – қыркүйек айының 1-не дейін;

      2) қысқы ең жоғары жүктемелерден өту кезеңінде жылыту қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті – тиісті жылдың қазан айының 1-күніне дейін;

      3) жылумен жабдықтау көздерін қамтамасыз ететін электр, су және газ коммуникацияларын жөндеу және алдын-алу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталуы тиіс.

      Барлық жылу көздері бойынша қысқы кезеңіндегі жұмысқа әзірлік паспорттары күзгі – қысқы кезеңде жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидасына сәйкес белгіленген тәртіпте және мерзімдерде ресімделеді.

      17. Жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін қажетті жылу желілеріндегі, ғимараттарға кірмелердегі және ішкі үй жүйелеріндегі жұмыстар тиісті жылдың қазан айының 1-не дейін аяқталуы тиіс.

      18. Жылу желілерінде мынадай:

      1) механикалық беріктікке және гидравликалық тығыздыққа;

      2) жылу тасымалдағыштың ең жоғары температурасына сынақтарды өткізу қажет.

      19. Жылумен жабдықтау көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеу (тоқтату), сондай – ақ жылу желілеріне сынақтар жүргізу көктемгі – жазғы кезеңде жергілікті атқарушы органдармен келісілген кестелерге сәйкес жүзеге асырылады.

      20. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жылумен жабдықтау көздерін жоспарлы жөндеудің (тоқтату), жылу желілерін жөндеу мен қайта қалпына келтірудің, жылу желілерін гидравликалық сынаудың (беріктігі мен тығыздығына), жылу желілерін жылу тасымалдағыштың ең жоғары температурасына сынаудың келісілген және бекітілген кестелерін жергілікті атқарушы органға ұсыну мерзімі – тиісті жылдың ақпан айының 1-күніне дейін.

      21. Бір апта мерзімде жергілікті атқарушы орган кестелерді келіседі және бекітеді. Жылумен жабдықтау көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеу (тоқтату) кестелері келісілгеннен кейін энергиямен жабдықтаушы ұйым жөндеу жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін 1 ай бұрын мүдделі ұйымдардың, оның ішінде: кондоминиум объектілерін басқару органдарының; тұтынушылардың; Ішкі істер органдарының; жылумен жабдықтау көздерін, жылу желілерін және үйішілік жүйелерді реконструкциялау жөніндегі келісілген жобалары бар құрылыс ұйымдарының назарына қолданыстағы желілерге қосылуға байланысты ақпаратты жеткізеді.

      22. Жылу беру маусымына дайындық бойынша іс-шараларды орындау бойынша есептер ағымдағы жылдың 1 мамыры мен 1 қазаны аралығында қағаз және электронды түрде осы бойынша облыстың бірыңғай диспетчерлік қызметіне және энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесі жөніндегі атқарушы органға апта сайын сәрсенбі күні ұсынылады:

      1) қала мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары тараптарынан қалалық, аудандық коммуналдық меншікке тиесілі объектілерге қатысты;

      2) облыстық атқарушы органдар тараптарынан облыстық коммуналдық меншікке тиесілі объектілерге қатысты.

      23. Жылу беру маусымының аяқталу мерзімі өзгерген және ауыстырылған кезде жөндеу мерзімдері тиісті мерзімге (жылу беру маусымының өзгертілген, ауыстырылған мерзіміне) ауыстырылады.

      24. Монтаждаудан, күрделі жөндеуден кейін жылу желілері және қайта жаңарту гидравликалық жуылады. Жылу желілерінің учаскелерін гидравликалық жуу авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын орындағаннан кейін де жүргізіледі.

      25. Жөндеу және құрылыс ұйымдары энергиямен жабдықтаушы ұйыммен жұмыс істеп тұрған жылу көздерінің немесе жылу желілерінің жабдықтарында жұмыс басталғанға дейін 15 күн бұрын жұмыстарды жүргізу кестесін жергілікті атқарушы органға ұсынады. Егер жұмыстың технологиялық циклі ыстық сумен жабдықтауды өшіру кезеңінен көп уақытты қажет етсе, жұмысты ұйымдастыру жобасында тұтынушыларды ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін іс-шаралар көзделеді.

      26. Басқарушы компания (тұтынушылар) 10 мамырға дейінгі мерзімде жыл сайын энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен ғимараттардың кірістеріне, жеке жылу пункттеріне және үйішілік жүйелерге жылу беру маусымына дайындығын ұсыну кестесін келіседі. Ғимараттарға және үйішілік жүйелерге кіреберістерді дайындау мерзімдері ыстық сумен жабдықтауды өшіру кезеңімен сәйкес келуі тиіс. Келісілген кестелерді энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жыл сайын 31 мамырға дейін жергілікті атқарушы органдарға ұсынады.

      27. Жылу маусымына дайындық барысында басқарушы компания, тұтынушылар тұрғын үй қорында жөндеу және алдын алу жұмыстарын жүргізеді.

      28. Жұмыстарды орындағаннан кейін жылу тұтыну жүйелерін қабылдауды энергиямен жабдықтаушы ұйым жүзеге асырады және екі жақты актімен ресімделеді. Акт бойынша қабылданбаған жылу тұтыну жүйелері жылу маусымына дайындалмаған деп есептеледі және жылу энергиясын пайдалану қағидаларының 33-тармағының 5) тармақшасына сәйкес 10 жұмыс күні ішінде қайта куәландыруға жатады.

      29. Жылу жүйелерін дайындағаннан кейін оларды сақтау желілік сумен толтыру арқылы жүзеге асырылады, одан әрі сыртқы желіден ажыратылады, қажет болған жағдайда штепсельдерді орнатады.

      30. Жылумен жабдықтау көздерінің, орталық жылу пункттерінің, қала мен аудандардағы жылу желілерінің және тұтастай энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жылу маусымына әзірлігін жергілікті атқарушы органдар құратын комиссиялар қыркүйек айының 1-күнінен кешіктірмей айқындайды.

      31. Жаңадан қосылатын жылу пайдаланатын қондырғылар жобалық құжаттамаға сәйкес орындалады. Жылу қондырғылары мен желілерін пайдалануға қосқанға дейін Басқарушы компания, тұтынушы монтаждау ұйымымен бірлесіп, энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілінің қатысуымен қажетті сынақтарды, реттеуді және жууды жүргізеді.

      32. Басқарушы компания, тұтынушылар және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайдалануға қабылдамаған жаңа құрылыс-үйлердің қазандықтарын, жылу желілерін, орталық жылу пункттерін, сорғы станцияларын, орталық жылу және ыстық сумен жабдықтау жүйелерін жылу маусымына дайындауды құрылыс ұйымдары қамтамасыз етеді. Қолданыстағы инженерлік коммуникацияларға қажетті жалғаулар 1 қыркүйекке дейін орындалуы тиіс.

      33. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде су құбыры желісінен су алудың ұлғаюына байланысты кез келген жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде энергиямен жабдықтаушы ұйымдар алдын ала (2-3 күн бұрын) бұл туралы сумен жабдықтау ұйымына хабарлауы тиіс.

      Осы тармақтың талаптары орындалуы ерекше тәртіппен жүзеге асырылатын авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына қолданылмайды.

      34. Резервтік отын шаруашылықтарын жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстары қыркүйек айының 15-не дейін аяқталуы тиіс, ал негізгі және резервтік отынның нормативтік қорлары қазан айының 1-не дейін құрылуы тиіс.

      35. Басқарушы компания:

      1) көтергіштерден, жылыту элементтерінен, реттеу және бекіту арматурасынан, элеватор торабынан, есепке алу тораптарынан, жылу энергиясын есепке алу аспаптарынан, құбырдың жылу оқшаулауынан, сондай-ақ осы желілерде орналасқан басқа да жабдықтардан тұратын жалпы үй ішіндегі (үйішілік) жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ, Жылу энергиясын пайдалану қағидаларының 63-тармағына сәйкес, пайдалану жауапкершілігін бөлу шекаралары шегінде жалпы үй меншігін құрайтын (жалпы үй ішіндегі) коммерциялық есепке алу аспаптары мен өзге де заттардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      2) "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жалпыүйлік қажеттіліктерге пайдаланылатын жылу энергиясын үздіксіз тұтынуды қамтамасыз етеді, үйішілік инженерлік жүйелер мен жабдықтардағы шығындардың алдын алады;

      3) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 72-бабының 4) тармақшасына сәйкес, жылумен жабдықтау жөніндегі энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдарға жылумен жабдықтау жөніндегі энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдар белгілеген пломбалардың бүтіндігі бұзылған жағдайлар туралы хабарлайды;

      4) үйішілік инженерлік жүйелер мен жабдықтардың зақымдануын жояды;

      5) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өкілдерінің коммерциялық есепке алудың үйге ортақ аспаптарына, үй ішіндегі инженерлік жүйелерге және жабдықтарға тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларына қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      6) үйішілік инженерлік жүйелер мен жабдықтарды тиісті техникалық жай-күйде ұстау жөніндегі жөндеу және пайдалану жұмыстарын жүзеге асыру үшін үшінші тұлғаларды тартады, шарттар жасасады және олардың сервистік қызмет субъектілерімен орындалуын бақылайды;

      7) авариялық жағдайлар туындаған жағдайларды қоспағанда, пәтерлердің (үй-жайлардың) меншік иелерін инженерлік жүйелер мен жабдықтардың жұмыс режимінің ажыратылғаны, сыналғаны немесе өзге де өзгергені туралы алдын ала хабардар етеді.

3-тарау. Жылумен жабдықтау және жылу тұтыну жүйелерін іске қосу. Жылу беру маусымының өтуі

      36. Сыртқы ауа температурасы үш тәулік бойы орта есеппен +8°С және одан да төмен болғанда немесе сыртқы ауа температурасының күрт төмендеуі туралы болжам болған кезде қала мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары тараптарынан жылу маусымы жарияланады.

      Жылумен жабдықтаушы ұйымдар 1 қыркүйекке дейін жылумен жабдықтау жүйелерін іске қосу кестесін әзірлейді және қала мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен келісімдейді, коммуналдық қызметті тұтынушыларға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетикалық кешен ұйымдарына жолдайды. Кестеде тұтынушыларды қосудың келесі кезегі сақталуы қажет:

      1) білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау нысандары;

      2) тұрғын үй ғимараттары, қонақ үйлер, жатақханалар, мәдени және спорт объектілері;

      3) әкімшілік ғимараттар, өндірістік кәсіпорындар мен басқа да объектілер.

      37. Жұмысты талдау, энергиямен, жылу беруші ұйымдармен жылумен жабдықтау режимдерінің бұзылуын уақтылы анықтау және жою үшін жылумен жабдықтаушы ұйымға жылумен жабдықтаушы ұйыммен келісілген бақылау нүктелеріндегі жылу тасымалдағыштың параметрлері туралы ақпаратты үнемі, бірақ аптасына кемінде екі рет ұсынады.

      38. Жылу маусымының өтуі кезінде жылумен жабдықтаушы ұйым келесілерді орындауы қажет:

      1) тұтынушыларға есептік гидравликалық және температуралық параметрлермен қамтамасыз етуге. Жылу көзінің есептік температуралық жұмыс кестесінің жоспарлы ауытқуына қала мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарының келісімімен жол беріледі;

      2) жоспардан тыс шектеулер, жылу берілуінің тоқтатылуы немесе ыстық су сапасының нашарлауы туралы қала мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы атқарушы органына, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың кезекші қызметтеріне себептерін, қолданылатын шаралар мен жою мерзімдерін көрсете отырып хабарланады;

      3) жылумен жабдықтау көздері мен инженерлік желілердегі апатты жағдайлар кезінде өздерінің өкілдерінің шығуын қамтамасыз етеді;

      4) жылу желілері құбырларындағы ақаулар мен зақымдануларды жою бойынша жұмыстар қолданыстағы нормативтерге сәйкес мерзімде жүргізіледі;

      5) ұйымның балансында тұрған инженерлік желілер мен жабдықтардың техникалық жағдайын бақылауды жүзеге асырады.

      39. Жылу маусымының өтуі кезінде энергия беруші ұйымдар:

      1) тұрғындардың наразылықтарын қабылдауды ұйымдастыруға және наразылықтардың себептерін анықтау мен жою бойынша шаралар қабылдауға;

      2) өз бетінше ойымдарға (жылумен жабдықтаушы ұйымның рұқсатынсыз), диафрагма мен қақпақтарды шешуге немесе бұрғылауға, тіреушелер арқылы суды ағызуға жол бермеуі;

      3) барлық қыздырғыш аспаптардың бірқалыпты қыздыруын қамтамасыз етуі;

      4) ыстық сумен жабдықтау жүйесінде судың температурасының реттелуін қамтамасыз етуі;

      5) ұйым балансында тұрған инженерлік желілердегі технологиялық бұзылуларды оқшаулау мен жою бойынша жедел шаралар қабылдауға және нормативті мерзімде тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала нысандарының инженерлік қамтамасыз ету жүйелеріндегі апаттар мен ақауларды жоюды іске асыруы;

      6) тұтынушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жылумен жабдықтауды шектеудің немесе ажыратудың себептері мен ұзақтығы туралы хабарлау;

      7) технологиялық бұзылулар кезінде ажырату аймағына кіретін тиісті нысандар мен ведостволық нысандардағы апатты жағдайлар кезінде өз өкілдерінің шығуын қамтамасыз етуі қажет.

4-тарау. Жылу беру маусымын аяқтау және жылуаралық кезеңде ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз ету

      40. Сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы 10°С-тан жоғары және сыртқы ауа температурасының одан әрі көтерілуінің болжамы кезінде жергілікті атқарушы органдар және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жылу беру маусымын тұрақты оң температураның үшінші тәулігінен тоқтату туралы шешім қабылдайды.

      41. Энергиямен жабдықтаушы ұйым үш күнтізбелік күн ішінде тұтынушыларды жылу маусымының аяқталғаны туралы және жылыту жүйесін ажырату қажеттілігі туралы хабардар етеді, жылу тұтыну жүйесін ажырату актілерін ресімдейді.

      42. Жылыту маусымы аяқталғаны туралы хабарландырудан кейін басқарушы компания, тұтынушылар жылумен жабдықтау жүйелерін жазғы жұмыс режиміне (ыстық сумен жабдықтау) ауыстыру кезінде үзілістерді болдырмау үшін ғимараттардың жылыту жүйелерін бекіту арматурасының көмегімен ажыратады, қажет болған жағдайда, тығындарды орнатады және жөндеу жұмыстары басталғанға дейін жүйелерді консервациялау үшін желілік сумен толтырады, сондай-ақ жылу тұтынатын су өткізгіш жылытқыштарды құрғату және желдетуді орындайды және жазғы схема бойынша ыстық сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысын қамтамасыз етеді.

      43. Жылытуаралық кезеңде энергиямен жабдықтаушы ұйым:

      1) жабдықтар мен жылу желілерінің бекітілген жұмыс схемасы бойынша тұтынушыларды ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді;

      2) қолайсыз метеожағдайларды (бұдан әрі – ҚМЖ) жариялау кезеңінде бактериялық зарарлану шарттары бойынша тікелей желілік су температурасының ыстық су жүйесінде +70 °С төмендеуіне жол бермей, хабарланатын ҚМЖ дәрежесіне сәйкес ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;

      3) ыстық сумен жабдықтауды ажыратуға 15 тәуліктен аспайтын уақытқа рұқсат етіледі. Тұтынушыларға ыстық сумен жабдықтауды ажырату туралы кемінде 3 күн бұрын хабарланады.

5-тарау. Жаңа нысандарды қосу

      44. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның Қазақстан Республикасының электр энергиясы саласындағы заңнамасына сәйкес сапалы жылу энергиясымен жабдықтау техникалық мүмкін емес жағдайда тұтынушыларды жылумен жабдықтау жүйелеріне қосу жүргізілмейді.

      45. Жергілікті атқарушы органдар желілерге рұқсатсыз қосылу бойынша энергиямен жабдық таушы ұйымдарға бақылауды жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады