Бәйтерек ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Бәйтерек ауданы мәслихатының "Бәйтерек ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 8-8 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №7254-07 тіркелген) келесі өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Бәйтерек ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
мәслихат төрағасы | Н. Хайруллин |
2024 жылғы 20 қарашадағы № 18-34 шешiмiне қосымша |
|
Бәйтерек ауданы мәслихатының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №8-8 шешiмiмен бекітілген |
Бәйтерек ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бәйтерек ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс), Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органдармен (бұдан әрі - ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Бәйтерек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3.Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.
5. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;
4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.
Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Әлеуметтік көмек атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бір рет 9 мамыр - Жеңіс күніне орай 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде және ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;
3) Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына бір рет 9 мамыр - Жеңіс күніне орай 120 000 (бір жүз жиырма мың) теңге мөлшерінде және ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;
5) Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;
6) бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;
7) Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарына бір рет 9 мамыр - Жеңіс күніне орай 120 000 (бір жүз жиырма мың) теңге мөлшерінде және ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына бір рет 9 мамыр - Жеңіс күніне орай 120 000 (бір жүз жиырма мың) теңге мөлшерінде және ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) 1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
10) жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге:
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезінде немесе майданда болуына байланысты, ауруға шалдығуы салдарынан, сондай-ақ ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери міндеттерін өтеуге байланысты бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде, Ауғанстан аумағындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысушы тұлғалардан басқаларға;
Ауғанстанда әскери борышын өтеген кезде бір рет 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
11) қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
12) басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиiстi санаттардағы жұмысшылар мен қызметшiлерге бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
13) 1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
14) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
15) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;
16) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;
17) бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) шешiмдерiне сәйкес ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына:
басқа мемлекеттердiң аумағындағы бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде, Ауғанстан аумағындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысушы тұлғалардан басқаларға;
Ауғанстан аумағындағы бір рет 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
18) оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге бір рет 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
19) Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне бір рет 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
20) бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне бір рет 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
21) Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне бір рет 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
22) 1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
23) 2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
24) 1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 80 000 (сексен мың) теңге мөлшерінде;
25) бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңның 4-6 – баптарында аталған адамдардың отбасыларына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
26) бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
27) ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына:
Ауғанстанда бір рет 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңес одағы әскерінің шығарылуы күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
28) бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
29) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
30) сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
31) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы) бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;
32) 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде және 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
33) 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға бір рет 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде;
34) 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларына қатысып, "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған адамдарға бір рет 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.
7. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетіледі:
1) ауруын дәлелдейтін анықтамаға сәйкес емделудің амбулаторлық кезеңіндегі туберкулезбен ауыратын тұлғаларға табыстарын есепке алмай 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ай сайын;
2) адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясы бар балалардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне Батыс Қазақстан облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінде, табысын есепке алмай, ай сайын;
3) емделудің амбулаторлық кезеңіндегі қатерлі ісіктің 1, 2, 3 және 4 сатысындағы ауруы бар адамдарға ауруды растайтын анықтамаға сәйкес, адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) бар адамдарға анықтамаға сәйкес, "Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорының анықтамасына сәйкес, дәрігерлік консультативтік комиссия қорытындысы негізінде дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары ауруы бар адамдарға табыстарын есепке алмай, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет;
4) 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға дәрігерлік консультативтік комиссия қорытындысы негізінде емделуге, табыстарын есепке алмай, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет;
5) гемодиализ аппаратын пайдаланатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, табыстарын есепке алмай 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет;
6) Батыс Қазақстан облысы бойынша жан басына шаққандағы орташа кірісі ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен адамдарға (отбасыларға) 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет;
7) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға табыстарын есепке алмай 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет (пробация қызметінің есебінде тұрған кезеңнің барлығына) (босатылғаннан немесе пробация қызметінің есебіне қойылғаннан кейін 6 ай мерзімде жолыққанда);
8) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасына) осы жағдай туындаған кезден бастап 6 ай ішінде, табыстарын есепке алмай 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштің шекті мөлшерінде, бір рет;
9) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу ұсынылған мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, 1986–1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға; Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына; бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге; басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, біржолғы, санаторийлік-курорттық емделуге;
10) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторийлік -курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызынан аспайтын нақты шығындар мөлшерінде санаторийлік - курорттық емделуге бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды (абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасында жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтері көзделген, заңнамаға сәйкес жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды коспағанда) бірге алып жүруші адамдарға, олардың санаторийлік -курорттық ұйымда болу құнын өтеуге, бір рет.
Жеке көмекшілер, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес жақын туыс болып табылатын адамдар, сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның жұбайы немесе зайыбы бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды алып жүруші бола алады.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібі.
8. Әлеуметтік көмек көрсету, тоқтату және қайтару тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
9. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО айқындайды.
Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
10. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Бәйтерек ауданы бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
11. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
12. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.