"Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 24-1) тармақшасы және "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 397) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидалары бекітілсін.
2. "Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 89 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20398 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
А. Балаева |
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі 2025 жылғы 17 сәуірдегі № 175-нқ бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидалары бекіту туралы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 24-1) тармақшасы және "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 397) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аса көрнекті әмбебап құндылық – бүкіл адамзат үшін аса құнды болып табылатын айрықша мәдени маңыздылық;
2) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімі (бұдан әрі – алдын ала тізімі) – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұрасының тізіміне қосу үшін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетіне ұсынылатын тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізбесі;
3) тарих және мәдениет ескерткіштері – Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылған тарихи-мәдени мұра объектілері;
4) тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия (бұдан әрі – арнайы комиссия) тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында уәкілетті органның жанынан құрылған консультативтiк-кеңесшi орган;
5) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Алдын ала тізімін қалыптастыру тәртібі
3. Алдын ала тізімді қалыптастыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) уәкілетті органға тиісті ұсыныстар жолдайды.
4. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары уәкілетті органмен арнайы комиссияның қарауына қырық бес күннің ішінде шығарылады.
5. Арнайы комиссияның ұсынымы негізінде уәкілетті орган алдын ала тізімді қалыптастырады.
6. Алдын ала тізімді қалыптастыру кезінде Қазақстан 1994 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы негізінде қосылған Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияда (бұдан әрі – Конвенция) айқындалатын дүниежүзілік мәдени мұраның ықтимал тарих және мәдениет ескерткіштеріне қойылатын өлшемдер, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткішінің аса көрнекті әмбебап құндылығы ескеріледі.
7. Алдын ала тізім он жылда кемінде бір рет жаңартылады.
3-тарау. Алдын ала тізімді ұсыну тәртібі
8. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетіне ұсыну үшін уәкілетті орган қалыптастырған алдын ала тізімі негізінде Конвенцияға сәйкес алдын ала тізімді ұсынуға арналған құжаттама дайындалады.
9. Алдын ала тізім Конвенция талаптарына сәйкес ағылшын немесе француз тілінде толтырылады.
10. Алдын ала тізімде тарих және мәдениет ескерткішінің Конвенция өлшемдеріне сәйкестігі, тарих және мәдениет ескерткішінің түпнұсқалығы және/немесе тұтастығы, ұқсас тарих және мәдениет ескерткіштерімен салыстыру туралы ақпаратты қамтиды.
11. Уәкілетті органмен қол қойылған алдын ала тізімді ұсыну құжаттама ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетіне жолданады.