Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 89 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 15 сәуірде № 20398 болып тіркелді.

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2020 жылғы 14 сәуірдегі
№ 89 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 10) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімін қалыптастыру және ұсыну тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аса көрнекті әмбебап құндылық – бүкіл адамзат үшін аса құнды болып табылатын айрықша мәдени маңыздылық;

      2) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімі (бұдан әрі – алдын ала тізімі) – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұрасының тізіміне қосу үшін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетіне ұсынылатын тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізбесі;

      3) тарих және мәдениет ескерткіштері – Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылған тарихи-мәдени мұра объектілері;

      4) тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия (бұдан әрі – арнайы комиссия) тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында уәкілетті органның жанынан құрылған консультативтiк-кеңесшi орган;

      5) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Алдын ала тізімін қалыптастыру тәртібі

      3. Алдын ала тізімді қалыптастыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) уәкілетті органға тиісті ұсыныстар жолдайды.

      4. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары уәкілетті органмен арнайы комиссияның қарауына шығарылады.

      5. Арнайы комиссияның ұсынымы негізінде уәкілетті орган алдын ала тізімді қалыптастырады.

      6. Алдын ала тізімді қалыптастыру кезінде 1994 жылғы 29 сәуірде Қазақстан Республикасымен ратификацияланған Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияда (бұдан әрі – Конвенция) айқындалған дүниежүзілік мәдени мұраның әлеуетті тарих және мәдениет ескерткіштеріне қойылатын өлшемдер, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткішінің аса көрнекті әмбебап құндылығы ескеріледі.

      7. Алдын ала тізім он жылда бір рет жаңартылады.

3-тарау. Алдын ала тізімді ұсыну тәртібі

      8. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетіне ұсыну үшін уәкілетті орган қалыптастырған алдын ала тізімі негізінде Конвенцияға сәйкес алдын ала тізімді ұсынуға арналған формат түрінде құжаттама дайындалады.

      9. Алдын ала тізімді ұсынуға арналған формат Конвенцияның талаптарына сәйкес ағылшын немесе француз тілінде толтырылады.

      10. Алдын ала тізімді ұсыну форматы тарих және мәдениет ескерткішінің Конвенция өлшемдеріне сәйкестігі, тарих және мәдениет ескерткішінің түпнұсқалығы және/немесе тұтастығы, ұқсас тарих және мәдениет ескерткіштерімен салыстыру туралы ақпаратты қамтиды.

      11. Уәкілетті органмен қол қойылған алдын ала тізімді ұсыну форматы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетіне жолданады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады