Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі № 89 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 сәуірде № 36046 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау қағидалары мен шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 29 сәуірдегі
№ 89 Бұйрығымен
бекітілген

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау қағидалары мен шарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер – адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын негіздерді еңсеру үшін адамға (отбасына) жағдай жасауды қамтамасыз ететін және оның қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей қатысу мүмкіндіктерін жасауға бағытталған көрсетілетін қызметтер кешені;

      2) арнаулы көрсетілетін әлеуметтік қызметтерге мұқтаж бала (балалар) – Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында көзделген қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тыныс-тіршілігі бұзылған және осы мән-жайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен еңсере алмайтын бала (балалар);

      3) арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтары – тұрақты немесе уақытша (күндіз) болуды ұсына отырып, сондай-ақ қызметі арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаждықтың алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асырумен байланысты заңды тұлғаларға ақпараттық, консультациялық, делдалдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну жолымен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, білім беру органдарының қарамағындағы ұйымдар;

      4) кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары – ата-анасын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтау үшiн үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балаларды, уақтылы орналастырылуы мүмкiн болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды, қорғаншылық және қамқоршылық органы балалардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қатер төнген кезде ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе қамқорлыққа алған басқа адамдардан алып қойған балаларды, арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн балаларды, сондай-ақ әлеуметтiк бейiмсiздiкке және әлеуметтiк депривацияға әкеп соққан қатыгездiкпен қарау салдарынан арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қабылдауды және уақытша бағып-ұстауды қамтамасыз ететiн, бiлiм беру органдарының қарамағындағы ұйымдары.

2-тарау. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау тәртібі мен шарттары

      3. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарына (бұдан әрі – орталықтар):

      1) жетім балалар;

      2) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – ата-анасының ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айырылуына, ата-анасының хабарсыз кетті деп танылуына, қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемесінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған балалар;

      3) ата-аналарын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтау үшiн үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балалар;

      4) арнайы білім беру ұйымдарына жіберілетін балалар;

      5) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қарау салдарынан арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалар қабылданады.

      4. Кәмелетке толмағандарды орталықтарға (орталықтардан) орналастыру, ауыстыру және шығару Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, тиісті типтердегі және түрлердегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығымен бекітілген Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29329 болып тіркелді).

      5. Орталықтарда күнтізбелік жыл ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж кәмелетке толмағандарға, олардың ата-аналарына және өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер түрінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

      6. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің "Білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы" 2023 жылғы 12 маусымдағы № 165 бұйрығымен бекітілген Білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32760 болып тіркелді).

      7. Кәмелетке толмағандарды орталықтарда ұстау жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген Санитариялық қағидаларға сәйкес қамтамасыз етіледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23890 болып тіркелді).

      8. Орталықтарда кәмелетке толмағандарды тамақтандыруды ұйымдастыру балалардың физиологиялық нормаларына, жасына, денсаулық жағдайына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің "Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын бекіту туралы" 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген Білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17948 болып тіркелді).

      9. Орталықтарда кәмелетке толмағандарды киіммен, аяқ киіммен, жұмсақ мүкәммалмен, төсек-орынмен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысында белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың демалысы мен сауығуы балалардың зияткерлік, эмоционалдық, рухани, адамгершілік және физикалық дамуына бағытталған танымдық, мәдени ойын-сауық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын қамтитын орталық басшысы бекітетін жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады